Кәсіпкерлердің құқығы қорғалады
Кәсіпкерлік азаматтық-құқықтық реттеу объектісі болып табылады. Азаматтық құқықтың нормалары кәсіпкерлік саласында пайда болатын құқықтық қарым-қатынасты ғана реттемейді, онда кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін сыбайлас-жемқорлықтан қорғауға бағытталған бірқатар нормалар бар.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі жадталған жүйе құратын заң болып табылады, ол мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастың барлық ауқымын реттейтін құқықтық негіз болып қызмет етеді, нарықтық экономика жағдайында дамиды.
Азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелiк: құқықтарды тану; құқық бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупiн туғызатын әрекеттердің жолын кесу; мiндеттi заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, тұрақсыздық айыбын өндiрiп алу; дау айтылатын мәмiленi жарамсыз деп тану және оның жарамсыздығы салдарын қолдану, моральдық зиянның өтемiн төлету; құқықтық қатынастарды тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттiк басқару органының немесе жергiлiктi өкiлдi не атқарушы органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтiн актісін жарамсыз немесе қолдануға жатпайды деп тану; азаматқа немесе заңды тұлғаға құқықты иеленуіне немесе жүзеге асыруына кедергi келтіргені үшiн мемлекеттiк басқару органынан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндiрiп алу арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де тәсілдермен жүзеге асырады.
Кәсіпкерге Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 2-бабымен танысу қажет, онда азаматтық кодекстің негізгі қағидаларының біреуі бекітілген – кім болса да жеке істерге араласпауы. Бұл қағиданың мағынасының бірі – билік және басқару органдарына кәсіпкерлер өз мүлкіне қалай билік жүргізіп, өз пайдасын бөліп, кірісін пайдаланып жүргеніне ықпал жасауға тыйым салынуы. Осы қағидаға сәйкес сондай-ақ ешкімнің рұқсатын, келісімін алу, ақпарат беру қажет емес, егер осыған ұқсас талаптар тікелей заңмен бекітілмесе.
Біріншіден, кәсіпкерлік түсініктің мағынасын түсіну қажет. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 10-бабы келесідей анықтама береді: «Азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлік) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлік) негізделген дербес, бастамашылық қызметі кәсіпкерлік болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.
Екіншіден, кәсіпкер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 10-бабының 3-тармағын зерттеуі керек, онда кәсіпкерлерді қорғау және қолдау тәсілдері қаралады:
1) кәсіпкерлік қызметті, қызметтің лицензияланатын түрлерінен басқа, ешкімнің рұқсатын алмай-ақ жүзеге асыру мүмкіншілігі.
2) кәсіпкерліктің барлық түрлерін экономиканың барлық саласында бір тіркеу органда шамасынша жеңіл тіркеу тәртібі.
3) мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметті тексеруді заңнамалық актілермен шектеу. Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын органдардың қызметін реттейтін нормативтікқұқықтық актілердің көптеген саны қабылданған. Кәсіпкер оларға оның қызметін тексерумен байланысты сұрақтар пайда болған жағдайда жүгіне алады. Тексеріс тағайындалғаны туралы акті негізінде тек қана бір тексеріс жүргізіледі. Тексеріс тек қана тексеріс тағайындалған актіде көрсетілген лауазымды тұлғамен (тұлғалармен) жасалады.
1) кәсіпкерлік қызметті заңнамалық актімен қарастырылған негіз бойынша шығарылған сот шешімі бойынша еріксіз тоқтату. Кәсіпкерлік қызмет кез-келген негіз бойынша тоқтатылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы заңды тұлғаның сот шешімі бойынша таратылу жағдайларын қарайды:
– банкрот болған;
– заңды тұлғаны құру кезiнде заңдардың түзетуге келмейтiн сипатта бұзылуына жол берiлуiне байланысты оны тiркеу жарамсыз деп танылған;
– орналасқан жері бойынша немесе нақты мекенжайы бойынша заңды тұлға, сондай-ақ заңды тұлға бір жыл ішінде оларсыз жұмыс істей алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар болмаған;
– қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асырған: заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетін қызметті үнемі жүзеге асырған; қызметін тиісті лицензиясыз не заңнамалық актілерде тыйым салынған қызметті жүзеге асырған;
– басқа да заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда таратылуы мүмкін.
5) мемлекеттік органдарды, лауазымды тұлғаларды, сондай-ақ басқа тұлғаларды және ұйымдарды кәсіпкерлер алдында олардың қызметіне заңсыз кедергі жасағаны үшін заңнама белгілеген мүліктік жауапкершілікке тарту.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 922-бабы мемлекеттік органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарымен келтірілген зиян үшін жауапкершілік қарастырылады. Мемлекеттік органдардың заңнамалық актілерге сәйкес емес актілер шығарғаны нәтижесінде келтірілген зиян сот шешімі негізінде, акт шығарған органдардың, лауазымды адамдардың кінәсіне қарамастан, орнын толтыруға жатады. Зиян орны мемлекеттік қазына есебінен толтырылады.
Лауазымды адамдардың, мемлекеттік органдардың әкімшілік басқару саласындағы заңсыз іс-әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) келтірілген зиян орны осы органдардың билігінде тұрған ақша есебінен жалпы негізде толтырылады.
Д. Ұзақбаев,
Сырдария аудандық
прокуратурасының прокуроры