Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың жанашыры қазақ қана...

Қазақтың жанашыры қазақ қана...

Сүйінші, ағайын! Қазақ халқының саны 19 миллионға жетті. Бұл тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мере­ке­­­­­­­­сі қарсаңындағы көңілге қоным­­­­­­ды, құлаққа жағым­ды қуанышты жаңалық. Осынау сүйінші хабарды жұрт­­шылыққа Ел Президенті Қ.Тоқаевтың жеткізуінің өзі ұлтымыз үшін үлкен мәртебе.

Үшінші тамыз күні Мемлекет басшысы өзінің «Twitter» әлеуметтік желісіндегі парақшасында қуанышты жаңалықпен бөлісті.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарса­ңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді. Жәния – отбасында төртінші бала. Ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтаймын. Бауы берік болсын!», – деп жазды Мемлекет басшысы.

Қуанышты хабарды естіп, қуанба­ған қазақ кемде-кем. Өйткені, халық санының артуы – ұлттық қауіп­сіздігіміздің кепілі. Бейбітшіліктің арқа­сында жыл санап халқымыздың санының артуы – Тәуелсіздіктің мә­уелі жемісі. Осы ретте қоғамда қызу тал­қыланып, жоғары бағаланған хабарға қатысты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі­нің ұлттық статистикасы бюросы Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны қалай анықталғанын түсін­діріп берді.

Ұлттық статистикасы бюросының халықтың ағымдағы есебі бойынша әзірлеген деректеріне сәйкес 19 миллионыншы Жәния Азаматқызы 2021 жылғы 20 маусымда дүниеге келген. Жәния Алматы қаласында туған, отбасында 4-ші бала. Туу туралы актісіне сәйкес нәрестенің ата-анасы Алматы облысы Іле ауданына қарасты ауылда тұрады.
«19 миллионыншы тұрғынды анық­тау барлық демографиялық оқи­ға­­­­лар­ды: табиғи қозғалыс өсімін (белгілі бір кезеңде тірі туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма) және халықтың көші-қон айырымын (еліміздің аумағына белгілі бір кезеңде келгендер саны және оның шегінен тыс кеткендер саны арасындағы айыр­­­ма) ескеріп жүргізілді. Кандидатура жалпы республика бойынша тұратын жеріне тәуелсіз анықталды. Жалпы, тәуелсіздік жылдары ішінде халық саны 2 557,9 мың адамға (15,5%) өсіп, ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін 19 009,6 мың адамды құрады» делінген ресми органның мәлімдемесінде.

Осы ретте белгілі ақын Күләш Ахметованың ұлттық намысты жани түсетін рухты өлеңі ойға оралады. Ақын:
«Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана.
Мәңгілік ай астында, жер үстінде,
Қазақтың жанашыры – қазақ қана...» деп тебіренген-ді. Бұл өлеңнің жазылғанына қазір ширек ғасырдан асты. Халқымыздың саны да жыл са­йын өсіп келеді. Сондықтан жаңадан отбасы құрған жас жұбайлар бір-бірінің қадірін біліп, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтап, қолға алған стратегиялық жос­парларымызды орындау үшін халық санын арттыруға үлес қоса беруі қажет. Лайым, халқымыздың саны артып, қазақ елінің мерей-мәртебесін арттыратын ұрпақ көбейе берсін!

А.ИБРАГИМҰЛЫ

07 тамыз 2021 ж. 652 0