Аудан әкімінің құттықтауы
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді әлемнің барша мұсылмандарының ұлық мейрамы – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Құрбан айт – адамдардың бір-біріне өзара мейірімді, қайырымды болуын насихаттайтын, ізгілік пен имандылыққа үндейтін, ұлт пен ұлысты ұйыстырып, халықтарды жақындастыратын қасиетті мейрам.
Тәуелсіздігіміз орнығып, Қазақстан өз алдына ел болғаннан бері Елбасымыздың қолдауымен, Құрбан айт күндеріне арнайы демалыс белгіленіп, ресми түрде аталып өтуде.
Бүгiнгi таңда елімізде мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес ұйымдар тарапынан ел арасындағы бiрлiктi бекемдеуге, тұрақтылықты сақтауға, ұлтаралық келiсімді нығайтуға бағытталған жұмыстар тиісті дәрежеде атқарылуда. Оның ішінде, аудандағы дiни бiрлестiктердің жетекшiлерi де қоғам өмiрінен сырт қалмай, бейбiтшiлiк пен рухани келiсiмдi нығайтып, дiни экстремизм идеяларының алдын алуда.
Қадірменді мұсылман бауырлар!
Ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашатын, береке мен бірлікті, мейірім мен меймандостықты арттыратын Құрбан айт мейрамы қарсаңында береке-бірлік, бейбіт өмір, әр шаңыраққа игілік пен амандық тілеймін! Алла Тағала барлық дұға-тілектеріңізді қабыл етсін! Баршамызға шапағат нұрын жаудырып, бүкіл ел болып бастаған игі істеріміздің жемісін көруге жазсын! Болашағымыз жарқын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Құрбан айт мейрамы құтты болсын!
Құрметпен, Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі