Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиа-менеджер

Медиа-менеджер

Сыр бойында ширек ғасырға жуық облыстық газеттің аппаратында жауапты жұмыстар атқарғандықтан қолына қалам ұстаған кез келген әріптеспен жолыққан сәтте оның өмір тарихы көз алдыма келеді. Не жазды, қандай тақырыпты терең зерттеп жүр, негізгі қалыптасқан өмір жолында қандай мәселені түбегейлі жазады, мұның бәрі ой елегінен өтіп, адам жадында ұзақ сақталады. Бұл жолғы әңгіме осы сала жұмысын ұдайы өрге сүйреп келе жатқан, аса маңызды істе біркелкі еңбек ырғағын қалыптастырған, білікті кадрлар қатарын үнемі толықтырып, баспа саласына түбегейлі өзгерістерді батыл енгізіп жүрген, өз ісінің майталман маманы, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Журналистер одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, білікті ғалым, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаев жайлы болмақ.

Аманжол өзіміз тәрізді елде өскен азамат. Ол орта мектепті бітірген соң еңбек жолын жұмысшы болудан ­бастап, бір-екі жыл ауыр еңбектің дәмін татып, бұдан соң өмірдің кілті білімде деп ұғынған кейіпкеріміз оқып, білім алуға түбегейлі бетбұрыс жасайды. Ақыры алдына қойған басты мақсатына қол жеткізіп, экономист, заңгер және журналист мамандықтарын меңгереді. Содан соң, Қызылорда облыстық Тіл басқармасының маманы, Ұлт саясаты жөніндегі Қызылорда облыстық комитетінің жетекші маманы болып мемлекеттік қызмет сатысынан үлкен абыроймен өтеді.

1994 жылы облыстық тіл басқар­масының басшысы болған, қарымды қаламгер Әділхан Бәймен бастаған азаматтармен бірге Сыр елінің танымдық, ақпараттық басылымы «Ақмешіт апталығының» негізін қалауға атсалысады. Тіпті облыстағы тұңғыш тәуелсіз басылымның ақпарат айдынында өз орнын табуына елеулі үлес қосады. Олай деуге тағы бір себеп, 2004 жылы газеттің Бас редакторы Ә.Бәймен өмірден мезгілсіз өткеннен кейін газеттің ендігі тағдырына оқырман мен зиялы қауым қатты алаңдаған еді. Алайда газет жабылмады. Аманжол Сақыпұлы «Ақмешіт апталығы» газетін әрі қарай жарыққа шығаруға бел буып, тәуекел етті. Соның арқасында басылым өз оқырманын көп жинаған, тарихы қалыптасқан аймақтағы беделді басылымның біріне айналды. Кейін бұл басылым мемлекет меншігіне өтті. ­Сонымен бірге 1997-2000 жылдары «Нұр», «Халық» газеттерін ашып, Сыр журналистикасына мазмұнды басылымдардың қосылуына үлес қосуы Аманжол Сақыпұлының іскерлігін айқындай түсетіні ақиқат.

Жалпы А.Оңғарбаевтың бойында табандылық және іскерлік қасиет бар. Ол елдік мүдде, биік мақсат жолында ештеңеден қаймықпайды. Дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп кесіп айтады. Аманжол заңды, негізді, кесімді ұсыныс енгізіп, оның белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуына өзі тікелей мұрындық болып жүрді. ­Содан жас болса да санаулы жылдардың ішінде елге тек жақсы жағынан танылды. 2010 жылы «Сыр медиа» ЖШС Бас директорлығы қызметіне тағайындалуы да – оның біліктілігі мен іскерлігіне, еңбекқорлығына, жауапкершілікті терең сезіне білетіндігіне берілген жоғары баға, үлкен сенім еді. Оның медиа-менеджерлік қырларына, әсіресе «Сыр медиа» жұмысын ұйымдастыру барысында көпшілік тәнті болды.

Бұл күндері оған облыстық, қалалық және аудандық газеттердің сапасын, беделін көтеру, бір шаңырақ астына біріктіру секілді күрделі тапсырма, маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Ол осы ауқымды істі шебер үйлестіре білді. Нәтижесінде «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтағы бәсі биік, ақпарат айдынының көшін бастаған іргелі құрылым болып шыға келді.

Құрамында ғасырлық тарихы бар «Сыр бойы», «Кызылординские ­вести» газеттері, облыстық «Ақмешіт жастары», қалалық «Ақмешіт апталығы» және 7 аудандық, 1 ақпарат агенттігінің басы бір серіктестікке бірігіп, іргелі ұжымға айналды. Алды ғасырлық газеттерге жаңадан ақпарат агенттігі, жастар газетінің қосылуы серіктестікке серпін берді. ­Дамуда оң өгерістер қалыптасты. Сол кезде серіктестік қызметін 85 штат бірлігімен бастаса, қазіргі күні бұл құрылымда 580 адам еңбек етеді. Ең бастысы, дәстүрлі баспасөз бен жаңа ­медианы ұштастыра отырып, жүйелі жұмыс істеп келеді.

Аманжол Сақыпұлының қажыр-қайратының, біліктілігінің, үздіксіз ізденуінің арқасында қысқа мерзімде серіктестік өздерінің басылымдарын өз баспаханасынан басып шығаратын және оларды облыстағы барлық елді мекендерге тасымалдап, оқырманға өзі тарататын республикадағы жалғыз медиахолдингке айналды. Сонымен бірге, ол халық арасында серіктестік басылымдарына қызығушылықты арттырудың жолдарын таба білді. Соның нәтижесінде бүгінде барлық серіктестік газеттерінің бір мезеттегі таралымы 90 мың данаға жуықтады. Оның ішінде 3 облыстық газет 50 мың оқырманға таралады. Барлық газеттің жедел ақпарат тарататын өз сайты жұмыс істейді. Облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» газеттерін А-2, D-2, қалалық, аудандық басылымдарды А2 форматта, түрлі-түсті бояумен шығару серіктестікте ғана жүзеге асып келеді.

А.Оңғарбаевтың редакциялық алқа төрағалығымен «Сыр бойының сакралды ескерткіштері» атты 27 баспа табақтық кітабы жарық көрді. Қаламгердің өзі де «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін жас ұрпақты елдікке тәрбиелеудің жөн-жобасын ұсынып, «Құндылықтарды құнттау бағытымызды айқындайды» ­деген тақырыппен «Сыр бойы» газетіне мақала жазды. /18 маусым 2019 жыл/. Осы мақалада қазіргі таңда руханият саласында, әсіресе жергілікті жерлерде қандай жұмыстар атқарылуы керектігіне қатысты келелі пікірлер жан-жақты қамтылды.

«Сыр медиа» ұжымы тек газет шы­ғаруды місе тұтпай, Сыр топырағында кенжелеп қалған кейбір ғылыми жобаларға да ұйытқы бола бастады. Биылғы жылы бірнеше жобаның жүзеге асуына қол жеткізу ойы бар. Соның бірі – «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдық кітаптың әзірленуі.

Шығармашылық ұжым өкілдері арзан ақпаратты желеу еткен сенсация емес, көкейкесті мәселені жеткізу, бардың байыбына барып бағасын беру, ең бастысы – елдің бірлігі мен берекесін сақтап, халық пен биліктің бағытын бір арнада тоғыстыру секілді міндетті абыройлы атқарып жүр.

Осылайша, жауапкершілік үдесінен шыққан Серіктестікке 2016 жылы ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы жария­ланды. Бұл марапат шығармашылық ұжымға әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің іске асырылуын, мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениетті дамытуды белсенді түрде жариялап көрсеткені үшін жасалды.

2010 жылы елімізде интернет ­басылымдар мен ақпарат агенттіктері бірінен соң бірі ашылып, электронды ақпарат құралдары саласында үлкен өзгерістер болып жатты. Қазақстанның барлық өңірінде де жылдам ақпарат тарататын интернет ресурстар ашу қолға алынып, алғашқы қарлығаштары ақпарат айдынында өз оқырманына жол тартты.

– Қызылорда облысына да өңірде ­болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтарды газет-журналдардың шығуын күтпей-ақ, жедел әрі нақты ақпарат тарататын электронды ақпарат құралы қажет болды. Әрине, облыстағы барлық басылымдарда газет жанынан өздерінің сайттары жұмыс жасады. Бірақ олардың форматы ақпарат агенттігіне мүлдем келмейтін еді. Сондықтан ойлана келе, «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі атынан «Kyzylorda-news.kz» интернет газетін ашуға бел будық. Алғашында бірден ақпарат агенттігін құруға жүрексінгеніміз рас. Бағымызды әуелі интернет газеті ретінде сынап көргіміз келді, – дейді ол өзінің бастамасымен ақпарат айдынына жол тартқан интернет газет туралы.

Айта кету керек, 2013 жылдың 30 желтоқсанында «Kyzylorda-news.kz» интернет газетін «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлес­тігінен «Сыр медиа» ЖШС-ның құрамына қабылдап алады. Осылайша, серіктестік құрамын өңірде тұңғыш ашылған ақпарат агенттігі толықтыра түсті.

Серіктестік басшысы медиа құрылым­дағы газеттердің сайттарын ашып, дизайнын заманауи үлгіге бейімдеп, желілік басылым ретінде Ақпарат комитетіне тіркетті. Бүгінде сайттар контентін қайталанбайтын өз өнімдерімен (репортаждар, сараптамалар, сұхбаттар, фоторепортаждар, т.б.) толықтыруда. Сайттарда аудиоподкаст жүйесі іске қосылды. Ол үшін арнайы студия жасақталды. Әлеуметтік желілерде редакциялардың ресми парақшалары ашылып, оқырманмен кері байланыс жолға қойылды. Облыстық қана емес, аудандық газеттердегі тілшілердің, әсіресе жас журналистердің кәсіби білімін көтеру мақсатында Алматы, Нұр-Сұлтан, Мәскеу қалаларындағы ірі медиа кәсіпорындар мен орталықтарға іссапарлар ұйымдастырып, курстарға қатыстыруды ұдайы жүзеге асырып келеді.

Сонымен қатар А.Сақыпұлының бас­тамасымен облыста осыдан бірер жыл бұрын «Сыр медиа» академиясы ашылды. Мұнда Сыр өңіріндегі және еліміздегі журналистика саласының майталмандары, белгілі блогерлер салалық тақырыптар бойынша өз тәжірибелерін бөлісуде. Жаңа медиа тілін меңгеру, SMM жұмысын жандандыру, мультимедиалық контентті дамыту мәселесі серіктестік басшысының әрдайым басты назарында. Осы бағытта семинар-тренингтер, курс­тар жиі өткізілді. Нәтижесінде бүгінде журналис­тер әлеуметтік желілермен білікті әрі белсенді жұмыс істеп келеді.

Аманжол көп ізденеді, оқу және тәжірибе жинақтау ісіне барынша терең үңіледі. Ой түюге, қай салада болсын ықылас, ниет болса, көп ізденсе, тәжірибе жинақтаса алға қойған мақсатқа жетуге болатынына толық көзі жетті. Ол осылайша өмірде талай баспалдақтан сүрінбей өтіп, үлкен абыройға бөленіп келеді. Қызметі газет саласында болса да ғылыммен тұрақты айналысып жүр. Нұртуған шайырдың мұрасын зерттеп, 1997 жылы филология ғылымының кандидаты атанды. Жылқаман батыр, Жетес би бабалары жайлы жазған кітаптарын жарыққа шығарды.

Біз Аманжол Сақыпұлын руханият жанашыры ретінде ерекше құрметтейміз. Еске сала кетейік, ол 1997 жылдан ­бастап Қызылордадан «Тұмар» баспасын ашып, жергілікті ақын-жазушылар кітаптарының жарық көруіне үлес қосушы – баспагер. Аға буынның, жас қаламгерлердің талай туындысын өзінің демеушілігімен баспадан шығарып бергенін құлағымыз естіп, көзімізбен көргеніміз куә. Осы жылдарда аталған баспадан Сыр өңіріне қатысты жүздеген ғылыми және мәдени мұра кітап болып оқырман қолына тиді.

Әрдайым абырой биігінен көрініп жүрген асыл азамат, әріптесімнің ­бе­рекелі істеріне ерекше сүйсініп, көңілге түйгенде:

Сырың көп бойда әлі ашылмаған,
Қызуың оттай ыстық басылмаған.
Жаны жайсаң өзіңдей жандарменен,
Қашанда өмір – қызық, асыл – ғалам, – деген ой шумақтары ақ қағаз бетіне сау етіп құйылып түсе қалды.

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстанның Құрметті журналисі
07 маусым 2021 ж. 659 0