Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Барлығы заң тұрғысында шешімін табады

Барлығы заң тұрғысында шешімін табады

Соңғы кездері Сырдария ауданындағы кейбір шаруашылық құрылымдарында жерге қатысты мәселелер орын алуда. Жер үлескерлері арасында жер үлестерін бөліп алуға байланысты шаруашылық құрылымдарымен келіспеушілік туындап, соның салдары дауға ұласуда.

Бұған қатысты ҚР «Жер Кодексінің» 101 бабы, 3 тармағында «Жер учаскелерiне қатысты өздерiне тиесiлi құқықтарын, оның iшiнде шартты жер үлестерiне құқықтарын шаруашылық серiктестiктердiң жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген азаматтар шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде қатысушылардың (мүшелердің) жалпы жиналысының шешімі бойынша үлесiн немесе пайын, жер учаскесiн қоса алғанда, нақтылы бөлiп шығаруға (бөлiсуге) не үлесiнiң немесе пайының құнын төлетiп алуға құқылы» екені айқындалған. Ал үлескерлердің жер үлестерін бөліп беру жалпы жиналыс арқылы жүргізілетіні ҚР «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңының 45-48 баптарында нақты көрсетілген. Дегенмен, қазіргі карантиндік шектеу талаптарына байланысты шаруашылық құрылымдарында жер үлескерлерімен жалпы жиналыс өткізуге рұқсат етілмейді.

Жалпы, жер даулары орын алғанда ҚР «Жер Кодексінің» 167 бабында көрсетілгендей «Жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртiбiмен қаралады». Осыны ескеріп, облыс, аудан әкімдігі, облыстық, аудандық прокуратура тарапынан аудандағы кейбір шаруашылық құрылымдарындағы жер үлестерін бөлуге қатысты келіспеушіліктер тек сот тәртібімен қаралатыны жан-жақты түсіндіріліп келеді. Елді мекен тұрғындарымен, тараптармен бірнеше мәрте кездесу ұйымдастырылып, шаруашылық құрылымдарының ішкі жұмыстарына атқарушы билік араласа алмайтындығы түсіндірілді.

Сондықтан жер үлестерін бөлуге қатысты мәселе тек Заң тұрғысында ғана шешілетінін ескеріп, тұрғындарды қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға шақырамыз.
05 мамыр 2021 ж. 242 0