Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құндылықтар ұлы мұраттарға жетелейді

Ұлттық құндылықтар ұлы мұраттарға жетелейді

Бірден айтайын, қолымыздағы кітаптың сиясы әлі кеппеген. Бір айға жуық уа­қыт бұрын небәрі 300 дана таралыммен жарыққа шығып, елімізге белгілі зиялы қауым өкілдеріне зор тебіреніс сыйлаған кітапты біздің ауданымызда санаулы адам ғана парақтап үлгерген шығар. Бағымызға орай «Құндылықтар құлдырамасын» атты кітап мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың өмір жолы мен шығармашылығына деген құрметіміздің, сүйіспеншілігіміз бен ізденісіміздің арқасында қолымызға тиді. Әйтпесе, 19 миллион халыққа 300 дана кітаптың жетпесі анық.

Кітаптың аты айтып тұрғандай, жинаққа автордың елі­міздің соңғы кездегі әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәде­ни және қоғамдық-саяси өміріне қатысты ой-толғамдары топтастырылған. Кітапты бір емес екі рет оқып шыққаннан кейін орнықты ойлар мен пайымды пікірлер іргелі ізденіспен ұштасқан жинақты ғылыми еңбек ретінде бағаладық. Себебі, ұлтымыздың арғы-бергі тарихы терең біліммен таразыланған кітаптағы келелі ойлар рухани сұранысымызды толық өтеді. Кітапты оқу арқылы зейініміз артып, зердеміз толыса түскенін де айтпай өту мүмкін емес.

Кітап негізгі төрт бөлімнен тұрады. «Тұлғалар тағылымы» атты алғашқы бөлімде адамзаттың «екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби туралы зерттеу мақала берілген. «Әл-Фараби әлемі және қазіргі Қазақстан» атты мақалада өркениеттер тоғысында озық ой айтқан ғұламаның ғибратты ғұмыры, ғылыми және шығармашылық мұрасы жөнінде кеңінен жазылған. Кітап авторы Қырымбек Көшербаев әл-Фараби феноменін теңдесі жоқ құбылыс ретінде бағалап, әлемдік деңгейдегі тұлғаның баға жетпес ғылыми мұрасының жалпыадамзаттық маңызы бар екенін айрықша атап өткен.

«Әл-Фараби – Батыс және Шығыс мәдениеті арасындағы алтын көпір. Ұлы ұстаз ғылымның басты мұраты адамзат игілігіне қызмет ету деп білді. Ұлы ойшылдың рухани мұрасы – біздің сарқылмас қазынамыз. Ол өзінің шығармаларына әділетті қоғам қалыптастыру, ізгі адам тәрбиелеу идеяларын арқау етті. Осы игі бастама Абайдың туындыларында жалғасын тапты. Ғибратты ғұламаларымыздың ой-тұжырымдары бүгін­ге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біз Тәуелсіздікке қолымыз жеткен соң әл-Фараби мен Абай армандаған асыл мұраттарды жүзеге асыруға мол мүмкіндік алдық. Енді Ұлы Даланың дара тұлғаларының туындыларын елімізде ғана емес, сондай-ақ жаһандық ауқымда тереңірек дәріптеуіміз қажет» деген Қырымбек Көшербаев Фараби мұрасын зерттеушілердің еңбегіне кеңінен тоқталған.

Жасыратыны жоқ, Кеңестік дәуірде әл-Фарабиді туған елімен байланыстыруға, жан-жақты зерттеп-зерделеуге мүм­кіндік болмады. Қазақ оқымыстыларының табанды зерттеуінің арқасында ұлы ойшылдың еңбектері ХХ ғасырдың тек 60-70 жылдары ғана Қазақ еліне оралды. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Өйткені сол тұста көптеген елдерде әл-Фараби секілді әлемдік деңгейдегі ірі тұлғаны өздеріне икемдеу жұмыстары жүргізілді. Осы ретте, отандық ғалымдардың қажырлы еңбегі мен ғылыми дәлелдемелері арқылы әл-Фарабидің қазақ жерінің тумасы екені әлемдік қауымдастықта мойындалды. Сөйтіп, ой-санамызда және күнделікті өмірімізде ұлы тұлғаның берік орнығуына жол ашылды. Тәуелсіздік алған соң егемендігіміздің басты нышандарының бірі – ұлттық валютамызда әл-Фарабидің бейнесі көрініс тапты. Арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, ғұлама ғалымның мұрасын зерттеу ісі қолға алынды, шығармалары мектеп бағдарламасына енгізілді. Кітаптағы «Әл-Фараби әлемі және қазіргі Қазақстан» атты мақалада осындай дәйекті деректер мен соны пікірлер жазылған. Автор сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фарабидің «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында» атты еңбектеріне назар аударып, ондағы ұлттық таным-түсінік, тәлім-тәрбие, қайырымдылық қағидаттары және береке-бірлікке үндеген ойлардың мазмұнын нақты мысалдармен айшықтай түскен. Ал «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі», «Ұлы Даланың ұлағатты тұлғасы» және «Ғұламаның ғибратты ғұмыры» атты баяндамалық-ақпараттық мақалаларда Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен әл-Фарабидің әлемдік өркениет тарихындағы орнын айқындау мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстар толық қамтылған.

Фараби мен Абайдың пәлсапалық идеяларының ұшта­сатыны және халқымыздың ұлттық құндылықтарымен, ділі­мен, салт-санасымен, әдеп-ғұрпымен, тіпті күнделікті тыныс-тіршілігімен үндесетіні бұған дейін де көп жазылды. Алайда, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Көшербаевтың «Құндылықтарымыз құлдырамасын» кіта­бын­да бұл тереңірек зерттелген. Мысалы, «Рух аспандаған күн» атты баяндама­лық-ақпараттық мақалада тұлғалармен қатар көне тарихтың көмбесіндей талай сырды бүгіп жатқан қалалар мен киелі орындар туралы жазылған. Түркістан шаһарының мыңдаған жылдық тарихы, Алашқа ана да, пана болған Сыр өңірінің қадір-қасиеті турасында орнықты пікірлер келтірілген. Автор Мағжан ақын «екі дүние есігіне, ер түріктің бесігіне» балаған киелі Түркістан жеріне арнайы қадам басқанын атап өтіп, бұл сапардың мақсаты – Ұлы даланың ұлағатты тұлғалары мәңгілік мекенін тапқан қасиетті өңірге тағзым ету және биыл ел көлемінде және әлемдік деңгейде мерейтойлары өтіп жатқан ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен дала данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіштерін салтанатты жағдайда ашу болып табылатынын айтқан.

Баяндамалық-ақпараттық мақалада: «Түркістан бүгінде барша Орталық Азиядағы түленген, түрленген заманауи қала ретінде орнығуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен Түркістан дербес облыс ретінде өркендеп, тарихи шаһар жасарып, жаңаруда, шын мәнінде бүкіл түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Өздеріңізге белгілі, бұл өлкенің тұла бойы тұнған тарих. Түбі бір түркі халықтары қастер тұтатын Түркістан қаласы маңайындағы қасиетті Сырмен тамырласып, тоқайласып, рухани түйісіп жатыр. Біз осы жерде өркен жайған өзіміздің ұлы тарихымыздың, ұлы мәдениетіміздің, ұлы өркениетіміздің мұрагері екенімізді ерекше сезінеміз. Өйткені тек қана Сырдың бойында кезінде ондаған қалалардың, медреселер мен кітапханалардың, сауда орталықтарының болғанын білеміз. Сыр бойында түркі әлемінің абызы Қорқыт ата жатыр. Осы өлкеде Оғыз бен Қыпшақ империяларының, Қазақ хандығының астаналары Жанкент пен Сығанақтың, Сауранның іздері сайрап жатыр. Асан Қайғы атап кеткен кіндігінде Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан, кезінде Ұлы көштерге себеп болған Ұлы Жібек жолының негізгі тармақтары осы өңірде орналасқан. Мінеки, Сіздер жақсы білетін киелі Сырдария өзенінің жағасында жиде деген мәуелі ағаш өседі. Хош иісті, емдік қасиеттері мол. Жиде осы аймақта кезінде мейманасы асып, мерейі тасыған үлкен қағанаттардың салтанат құрғанының куәсі болған байырғы ағаш. Жалпы жиде жылына екі рет гүлдейді. Мұның символикалық мәні бар. Яғни кезінде Отырарға, Яссауиге және басқа да рухани орталықтарға негіз болған бұл қасиетті де киелі өлкенің біз бүгінде «екінші ренессансының», екінші рет қайта гүлденуінің куәсі болудамыз. Ғаламның Аристотельден кейінгі «екінші ұстазы» аталған әл-Фарабидің биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастауымен, ЮНЕСКО-ның қолдауымен 1150 жылдығын атап өтудеміз. Сондай-ақ ұлтымыздың ұстазы, хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қоғамда үлкен рухани ізденістерге, жаңалықтарға арқау болуда. Сондықтан Елбасы мен Президенттің ұйғарымдарына сәйкес осы екі рухани тұлғаларға арналған ескерткіштердің рухани астанамыз Түркістанда тұруы әрине заңдылық, қажеттілік. Өйткені бұл ескерткіштер жаңа тәуелсіздік заманында біздің рухани, ұлттық жаңғыруымызға қолдаушы әрі куәгері болар деген үміттен шыққан ниет-шара. Біз бабалардан жеткен дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды қастерлеп, барша рухани құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жет­кізуге міндеттіміз. Осы сапарда біз дәстүр бойынша әуелі дала кемеңгері әл-Фараби дүниеге келген қасиетті Отырарға арнайы соқтық. Сонымен бірге халқымыздың санасына сіңген «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген өсиеттің де орындалғанын қалап, киелі топыраққа қадам бастық. Ендеше, тілек-ниетімізді Жаратқан Иеміз қабыл етсін, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!» деген Қырымбек Көшербаев әлемге әйгілі ойшылдардың ескерткішінің Түркістанда салтанатты түрде ашылуы орынды іс екенін атап өткен.
Кітаптың мазмұнын байытып тұрған «Абай әлем тіл­дерінде», «Ұлттың ұлы жырауы», «Дала данышпаны», «Алаш жұртының абызы», «Қазақтың «Герағасы», «Рух жанартауы», «Достықтың алтын көпірі» атты мақалаларды тебіренбей оқу мүмкін емес. Аталған мақалаларда ұлт қайраткерлерінің тағылым аларлық тарихи еңбектері мен ғибратты ғұмырына зор мән берілген. Құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптеу қажеттігі егжей-тегжейлі айтылған. Ал автордың Әбіш Кекілбаев туралы толғаныстары бір емес бірнеше кітапқа жүк боларлық салмақты ойларға толы. Кітапты бір емес екі рет оқып шығуымызға да абыз Әбіш, аңыз Әбіш туралы жазылған мақалалар әсер етті. Автордың «өз басым Әбіш Кекілбайұлы сынды сан қырлы талант иесімен, парасаты мен ізгілігі жарасқан білімдармен, елжанды дегдармен жеке таныстықта, адами сыйластық-қимастықта бірге өткізген дәуренімді ерен бақытты шағыма балаймын» деп ағынан ақтарылуы оқырманды баурап алады. Мақаланың орта шебінде Қырымбек Көшербаев кемеңгер Кекілбаев кеңістігі ізгілік пен рухани кемелденуге шақыратынына, дарабоз суреткердің өмір жолы қай қырынан да үлгі екеніне ерекше назар аударған. Расында да Әбіш Кекілбаев өзінің дара болмысымен қазаққа ортақ тұлғаға айналды. Автор атап өткендей, Қазақстанның қай аймағы да Әбіш Кекілбаевты өз ұлдарындай сүйді, құрметтеді, мақтан тұтты. Суреткердің өзі де қазақ даласын жанындай жақсы көрді, әр өңір оған өзінің туған топырағындай, асыл тұмарындай сезілді. Қаламға – қанат, ғаламға – ғаламат, кемге – тілек, елге – тірек, ұлтқа жүрек болған болмыс иесінің Тәуелсіздікті нығайтуға, мемлекеттілік тамырын тереңдетуге арналған тағылымды тағдыр жолы кітаптағы «Әбіш Кекілбайұлы және Ұлы Дала руханияты», «Әбіш мұхиты», «Әбіш аға туралы естелік» атты мазмұнды мақалаларда кеңінен қамтылған.
Кітаптың «Қалам алдым ой тербеп» атты бөліміндегі «Тәу етер жалғыз киеміз» атты еңбекте толғаныс тақырыбы Тәуелсіздікке арналып, Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұшан-теңіз еңбегі жан-жақты зерделенген. Елбасының сенімді серігі болып, ел егемендігін нығайтқан мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев ұлы тарихи кезеңдердегі естеліктерді нақты дәлелдермен жеткізген. Сөзі сүбелі, ойы өрнекті автордың қаламының қуатын көңілге мақал-мәтелдей қонымды сөйлемдерден анық аңғаруға болады. «Тәу етер жалғыз киеміз», «Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді», «Сарабдал саясат салтанаты», «Құндылықтарымыз құл­дырамасын», «Қоғамдық сананы жаң­­ғыр­тудағы Бекет ата өнегесі» ат­ты мақалалардағы әр сөйлем жеке-жеке кітапқа жүк боларлықтай мәнге ие. Соның ішінде кітап атауына арқау болған «Құндылықтарымыз құлдырамасын» атты мақаланы айрықша атап өту қажет. Бұл мақала республикалық «Ана тілі» басылымында жарияланғанда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлыбек Мыңжас облыстың бас басылымы «Сыр бойы» газетіне мақала жазған болатын. Нұрлыбек Кәрібозұлынан асырып айта алмасымыз анық. Сондықтан «Елдіктің үш мұраты» атты мақаладан қысқаша үзінді келтіруді жөн көрдік. «Денсаулық, Еңбек және Білім деп аталатын бұл үш мұраттың философиялық тұғыры – адамның өз болмысын және сол арқылы ұлттық ерекшеліктерді сақтауға қызмет ететін басты бағдар. Орайы келгенде құндылық дегеніміз – бұл қандай да бір нәрсенің мәнділігі, маңыздылығы, қалаулылығы, пайдалылығы және қымбаттығы екенін, олар адамның әлеуметтік болмысына тартылғандықтан әркез мұқтаж болатынымызды айта кету артық болмас. Осы ретте мақала авторы Қырымбек Көшербаев «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл Фарабидің тұжырымын өте орынды келтірген. Талай ғасырлар сынынан сүрінбей өткен осы қағида негізінде алдағы уақытта жастарға тәрбие берудің мемлекеттік стандарттарын қайта қарап, оған ұлттық мазмұн беруіміз қажет. Өзекті мұраттардың басты объектісі – адам бол­ғандықтан бірнеше өркениетті мемлекеттерде тарих сынынан өткен адам капиталы деген саясатты қайтадан кең түрде қолға алу да ең өзекті мәселе» деген Н.Мыңжас ғылыми-тәжірибелік әлеуе­тімізді осы мұраттарға жетуге жұмыл­дыр­ғанымыз жөн екенін атап өткен. Расында да көрсетілген мұрат-мүдделерге жету жолындағы әрқай­сымыздың бүгінгі еңбегіміз ертеңгі бейбіт күнде, берекелі отбасында өмір сүруге қосқан үлесіміз болары анық.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жоғымызды түгендеп, барымыздың қадірін білуге үндеп жүрген Қырымбек Көшербаев бүгінде Алашқа ортақ тұлғаға айналды. Десе де бізді байланыстыратын ортақ құндылықтар, тақырыптар мен естеліктер бар. Әуелі, мемлекет және қоғам қайраткері қияға қанат қаққан мектепте оқығанымды мақтан ететінімді айтып өтейін. Сондықтан кітаптағы №35 Иса Тоқтыбаев мектеп-лицейінің 100 жылдық мерейтойына орай жазылған «Қасиетті қарашаңырақ» атты мақала бізге ерекше жақын, ерекше ыстық. Естелік-эссе ретінде жазылған мақалада автордың Оспан Әбілпаттаев, Төлеген Әбілдаұлы, Сейіткамал Усабаев, Қайысбек Байсалбаев, Қасымхан Ысмайылов, Айтөре Шамкенов, Ибадулла Байдәулетов, Смағұл Тұрғанбаев, Сақыбек Алданазаров, Ғаппар Сағындықов, Дәнеш Мамытбаева, Мырқайдар Мәмбетов, Дүйсенбай Жетербаев, Аққайыр Қоржынбаев, Алмат Пірімбетов секілді ұлағатты ұстаздарының есімін жеке дара атауын өзі оқыған алтын ұя мектептегі білім берген мұғалімдерді қай тарапта, қай талапта жүрсе де жүрегінің төрінде сақтауы деп қабылдадық. Жылы естеліктер де жанды тебірентеді. Мақаланың мына бір тұсынан жолма-жол үзіндік келтірсек артықтық болмас.

«Мектеп қабырғасында ұстаздары­мыз біздің білімді азамат болып қалыпта­суымызға көп еңбек сіңірді. Мы­салға менің математика-физикаға жүйрік екенімді аңғар­ған Алмат Пірімбетов ағай «болашақта инженер, өндіріс басшысы боласың» дейтін. Ақынжанды ұстазымыз Балашбек Шағыров «сенен әдебиетші, жазушы шығады, ақын боласың» деп дес бермейтін. Ал пионер-комсомол активисі ретінде Ұлмекен Жанәлиева апамыз біздерден – менен, Жеңісбектен, Қонысбектен т.б. болашақ қайраткер тәрбиелеуге талпынатын. Осылайша, ұстаздардың ара­сындағы бәсеке-диалог өмірден өз орнымызды та­уып, жан-жақты болуымызға әсер етті. Әрине ұлағатты ұстаздардың әсіресе, біздерге берген тәрбиесі туралы айтқан әділ болады. Өйткені олар өздері біздер үшін қарапайым мұғалімдер ғана емес өнегелі өмір сүрген тұлғалар еді ғой. Жүрген жүрісі, келбеті, сөйлеген сөзі, рухани байлығы, адами қасиеттері шіркін ерекше еді ғой. Бірде мен қыстың күні үйден шанаға екі су құятын құтымен көшенің бойындағы су колонкосына жүгіріп бардым. Балалық қой, күн суық болса да басыма құлақшын киіп алмаппын. Сол кезде алдымнан Қасымхан Ысмайылов ағай кездесе кетті. Ол кісі біздің сынып жетекшіміз еді, өзі соғыс ардагері, аяғын ауыр сылтып басатын, марқұм! Мен қанша жерден тоңып тұрсам да ұстаздың алдын кесіп өтуге бата алмадым, сәлем беріп, артынан орай үйге қарай жүгірдім шанамды сүйреп. Сөйтсем құлағым үсіп кетіпті, бірақ абырой болғанын іштей сезіндім – мен Ұстазымды сыйладым, алдынан кесіп өтпедім» дейді мектеп қабырғасындағы оқушы кезеңін ой елегінен өткізген Қырымбек Көшербаев. Бұл оқиғалар – мемлекет және қоғам қайраткерінің алғаусыз ақ көңілін, білімге құштарлығын, ұстазға деген шексіз құрметін және үйдегі тәлім-тәрбиенің қоғамда көрініс табуын анық аңғартады. Мазмұнды мақалада автор жас ұрпаққа көп оқып, іздену қажеттігін ескертіп, ғасырлық белесті бағындырған алтын ұя мектебіне, қазіргі педагогикалық ұжымға ізгі тілегін білдіреді.

Кітаптың «Сыр-сұхбат» бөліміне ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың шетелдік және отандық телеарналар мен басылымдарда жарияланған «Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғым», «В тесной связи с народом», «Ұлттық бірегейліктің қайнар бұлақтары», «Әлемдік өркениет үрдісіне қосылған үлес», «Өнегелі өмір. Қайырымды қарекет. Ізгілікті іс» атты сұхбаттары енгізілген. Осы бөлімде автордың қыз­мет барысындағы маңызды сәттерін айшықтайтын құнды суреттер топтамасы да бар. Ал «Сөз сөйлейін бөлмелеп» атты бөлімде кітап авторының еліміз үшін қоғамдық-саяси маңызы бар ауқымды іс-шараларда, алқалы басқосулар мен келелі кездесулерде, мерейтойлық салтанатты жиындарда, шығармашылық кештерде сөйлеген сөздері берілген.

Қорыта айтқанда, «Құндылықтарымыз құлдыра­масын» атты кітап жанымызға азық болып, рухани сұранысымызды толық өтеді. «Жақсы кітап – жан азығы» демекші, бұл жинақ әлі талай буынның құнды қазынасына айналарына анық. Өйткені, қазақ руханиятына қосылған мазмұнды ғылыми еңбекте мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев ұлттық құндылықтар ұлы мұраттарға жетелейтініне дәйекті деректермен анық, айқын мысал келтірген. Автордың ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауды аманат етуі зиялы қауым өкілдеріне, жастарға зор жауапкершілік жүктейді. Сол жауапкершілік үдесінен шығып, тағылымды тарих пен бүгінгі бейбіт күнді дұрыс таразылай білсек, бақытты болашағымыздың негізі болмақ. Қалғаны уақыттың еншісінде... Бір анығы, ұлттық құндылықтарымыз – біздің барымыз, нарымыз, жанымыз. Сондықтан әрбір саналы азамат құндылықтардың құлдырамауын ойлауы қажет.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

05 мамыр 2021 ж. 967 0