Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы кітап – жан азығы

Жақсы кітап – жан азығы

Ақын-жазушылар өз музасын сұлулықтың символы – аққуға теңейтінін көпте­­ген шығармалардан аңғаруға бо­лады. Сондықтан қазақ қоғамында аққу киелі құс әрі тазалықтың, адал­дықтың, іңкәрліктің баламасы ретін­де бағаланады.

Тереңөзектік еңбек ардагері Әлібек Аюповтың «Қызылорда-Қанағаты» баспаханасынан жарыққа шыққан кітабын «Ауылдан ұшқан аққулар» деп аталуында осындай мән бар. Автор туған жерден түлеп-ұшқан, қияға қанат қаққан, әсем де сұлу аруларды һәм шаңыраққа құт, әулетке шаттық сыйлаған абзал аналарды аққуға теңегендей. Оны өзі де «Әр үйге ауылдағы құт әкеліп, Әрқашан аман жүрші, аққуларым!» деп жыр жолдарымен өрнектеген.

Жақында ақын Әлібек Аяповпен кездесудің сәті түсті. Кездесуде ол кісі маған өзінің авторлық кітабын ұсынды. Қолға ұстауға ыңғайлы және сапалы шығарылған кітапты тезірек оқуға асықтым. Кітапқа алғы сөзді ақын, ардагер-журналист Мұхтар Сақтапов жазыпты. Ақын ағаның жылы пікірі, автордың шығармашылығын талдауы және сенім артуы үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. «Қаламың қарымды болсын, Әлібек!» тақырыбындағы пікірде өлең-сөздің қадірін білетін жан үшін жақсы ойлар айтылыпты.

Жалпы кітап бес бөлімнен құралыпты. Алғашқы бөлім «Жырым – сырым, өмірім – сыным» деп аталған. Бұл бөлімде ауыл, ана тілі, шабыт, сұлулық тақырыптарында жырлар жазылған. Ал «Ой иірімдері мен толғамдары» атты екінші бөлімде ақын Әлібек Себепұлы көңіл сыры, білімге құштарлық, жақсылық, бақыт жөнінде қалам тербеген. Сондай-ақ «Мақал-мәтелдер» атты үшінші бөлімде өмірден көрген-түйгенін қысқа-нұсқа және ұғынықты тілде қағаз бетіне түсіре білген. Төртінші бөлімде түрлі жиын-тойларда айтылған бата-тілектер топтастырылған. Соңғы бөлімде сырдариялық абзал азаматтардың құрметіне жазылған арнау жырларға орын берілген. Әрине, әр өлеңнің тарихы, өзіндік айтары бар. Бұл ақынның өмірді өлеңмен өрнектеп, өзгеше сыр тергенін, ой-санадағы көркем ойларды жыр тілінде жеткізуді қалағанын аңғартады.

Осы ретте кітап авторының өмірбаяны жөнінде қысқаша мәлімет берейік. Келесі жылы жетпіс жастың желкенін керетін Әлібек Аюпов еңбек жолын ПМК-15 мекемесінде бастап, кейіннен СПТУ-88-де өндірістік оқу шебері, 21-партъезде, С.Сейфуллин ауылында механизатор болып жұмыс істеген. 1975 жылдан бастап білім саласына қызмет ауыстырып, мұғалімдік қызметпен қатар көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік еткен. Екі рет ауылдық кеңеске депутат болып сайланған және облыстық, аудандық деңгейдегі сазгерлер байқауында бірнеше рет жеңімпаз атанған. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталған. Отбасында жары Ұлтаймен бірге өнегелі ұрпақ тәрбиелеген және бүгінде аяулы әке, ардақты ата атанып отыр.

Көркем ойларды қағаз бетіне түсіріп, көлемі 21 баспа табақ болатын өлеңдер жинағын шығару оңай жұмыс емес. Оған қаншама уақыт кетеді және бұл іс аса жауапкершілікті, ұқыптылықты талап етеді. Автордың айтуынша, 300 данамен жарыққа шыққан кітаптың бүгінде қолда санаулысы ғана қалған. Басым бөлігі оқырман қауымға жол тартып, оң бағасын алып үлгерген. Бұл ретте, кітапқа корректорлық жасаған Гүлжан Әбдірәсілова мен Маржан Қалқоразованың еңбегін айта кеткеніміз жөн. Ал, ақынжанды Әлібек Себепұлының шығармашылық белестерді бағындыра беруіне тілектестігімізді білдіреміз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

26 қыркүйек 2020 ж. 1 188 0