Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№2 Газет

11 қаңтар 2025 ж.

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

№103 газет

31 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ақынға ізет

Ақынға ізет

Әскербек ағаның жырларын баспасөз бетінен жиі ­ оқып жүрсем де өзімен 1999 жылы Алматыдан Қызыл­ордаға жұмыс ауыстырып келгеннен бастап араласа бас­тадым. Облыстың бас газеті «Сыр бойында» қызмет жасайтын ақын Әскербек Рахымбекұлы хабарласып, бір топ өлеңдерімді газет арқылы қалың оқырманға ұсын­ған болатын.

«Сыр бойының жаны нәзік гүлімін,
Қорқыт ата қобызының үнімін.
Аптабы ескен қызуы мол күнімін,
Сыр ақтарсам жұлдызы мол түнімін...» деп жырлап жүрген мені Сыр жұртшылығына жақынырақ таныс­тырған Әскербек аға болатын.

Мінезі сырбаз, болмысы бөлек ақынның жырлары да сыршыл, нәзік иірімге толы еді. Ағаның болмысының өлеңдерімен егіз қозыдай үндесіп жатуының да өзіндік сыры, әріден, шығу тегімен байланысып жатқандығында екені даусыз. Бірде шежіре шертіп отырған әкем Құрмаш Есімсейітов Әскербек ағаның ата-тегінен сөз қозғағаны бар еді... Сарысу бойындағы жер-су атауының тарихын жетік білетін әкем: «Жер атаулары өткен күндердің белгісі ғой. Әрқайсысының өзіндік сыры бар. «Пәтеш» деген де жер атауы. Адамның атымен аталған. Пәтеш – Бәймен деген кісінің үлкен әйелінен туған баласы. Кіші әйелінен Едіге деген ұлы болған. Едігеден Хамитбек, Рахымбек деген балалары дүниеге келген. Рахымбектен бүгінде Сыр еліне белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әскербек туған» деген болатын.

Пәтеш әкесіне қырын қараған. Ана­­сының үстіне әйел алдың деп жақ­тырмаған. Тіпті, әкесіне сәлем бермеген. Сексеуілді төбелері бар «Қарағайлы» деген жермен ортада «Күбілі» дейтін жер болды. Соны «Бәйменнің шұбар төбесі» деп атайды. Күзді күні Бәймен күзекте отырады екен. Ел-жұрттан Бәймен нашарлап жатыр екен дегенді естіген Пәтеш әкесіне сәлем беруге келеді. Бәймен үйде жатып, «Пәтеш келе жатыр» деген жұрттың дауысын естиді де дереу теріс қарап жатыпты.

– Ассалаумағалейкум, – деген Пәтештің сәлемін алмапты. Сонда Пәтеш айтыпты:

– Неге сәлемімді алмайсың? Ертең өл­сең, тоқалдың баласы сені Түркістанға апарып қоя алмайды. Қойсам, мен қоямын..., – депті.
Сонда Бәймен:

– Қарағым-ай, рас айтасың ба?, – деп бұрылып, қолын алған екен.

Пәтештің қыстауының батыс жағында төбенің басында көп қорым бар. Оны «Бәймен қорымы» дейді. Бірақ Бәймен ол жерде жоқ. Ол жерге аманат қойылып, келер жылы былғарыдан ыдыс жасап, түйеге артып, қара қасқа атпен әкесінің басын өзі жетектеп Түркістанға апарып жерлеген дейді. Кіші әйелдің баласы Едіге де бай болған екен. Пәтештің кыстауының орны Сарысудың батыс жағындағы «Иір» деген жерден отыз шақырым жерде, ал Едігенің қыстауы Сарысудың шығыс жағында бол­ған. Көнекөз қариялардың айтуынша, Пә­теш батыр, ер тұлғалы кісі болған көрінеді. Міне, әңгіме осылай жалғаса береді. Бұдан Әскербек ағаның арғы аталары тегін болмағанын аңғарамыз. Ол кісі текті атаның ұрпағы...

Ақын ағамыз қасиетті қара өлеңді қадір тұтты. Олай дейтініміз, әр кезеңнің ұрпақ еншісіне берер өз тауқыметі бар. Әскербек аға қазақ поэзиясының ұлы көшінде арғымақ жырдың жалына жабысып, тізгінін босатпаған – арынды, дарынды ақын болды. Әскербек Рахымбекұлы – оннан астам жыр жинақтарына енген он бес дастан мен өлеңмен жазылған бір романның және жүздеген өлең-жырлардың авторы. «Сырдария кітапханасы» серия­сымен бір томдығы жарық көргенін де жұртшылық жақсы біледі. Лирикалық жыр­лары оқырманның жүрегіне жететін, арнау өлеңдердің шебері болды.

Бірде Сыр бойы газетіне «Арнау жырлар аймағы» тақырыбымен 20-дан астам арнау өлеңдері жарияланды. Қазақ әде­биетінің марқасқасы Әбіш Кекілбаев­тан бастап, өзіміздің Сыр елінің бірқатар тұлғаларына, қаламгерлеріне арналған жыр жолдары менің де еншіме бұйырыпты.
«Қайраткер қызды
Қаршыға десе мақұлды,
Атыңды қойған ата-анаң
қандай ақылды.
Аңғарар жасқа жеттік қой
жат пен жақынды
Ақындар туыс санайды,
қалқам, ақынды.
Жаныңды жалдап жазып та
жүрсің жырыңды
Жырыңнан жауһар сезгендей
болам сырыңды.
Көксейтіндейсің бұлағай кезді
бұрынғы,
Бұрынғы қыздар болушы
еді-ау, бұрымды.
Текті өнерді теледидардан табатын,
Толықтырдың сен толағайлардың
санатын.
Жалғаннан мынау жаңалық
іздеп жанатын,
Қаршыға құстай қайда ұшып
қалқам, барасың?
Ақжолтай таңдар алдыңнан
шығып арайлы,
Жасампаз жандар жолықса
дәйім жарайды.
Телетілшісің таңырқатқандай
талайды,
Талайлар саған теледидардан
қарайды.
Жазатын жырым,
Көретін күнім көп дейсің,
Бекініп берік болашағыңа беттейсің,
Қос қанат байлап көкке ұшып
қалқам, кеткейсің,
Ақ бұлттан асып,
Ақ арманыңа жеткейсің...» деген жыр жолдарының маған арналғаны мен үшін зор мәртебе. Тіпті, мұнан артық тілек, ақ жүректен шыққан жыр-бата болар ма? Осы жыр жолдарының кейіпкері болу, өлеңмен астастырып, өмір жолыма берілген бағаға елітіп, елжіремеу мүмкін емес қой... Өзімді шексіз бақытты сезіндім... Әскербек ағаға әркез иіліп, құрмет көрсетуге тырыс­тым. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесіне жетекшілік етуіме кепілдік бергендердің қатарынан тағы да Сырдың бас ақыны Әскербек ағаны көрдім.

Қазақстан Жазушылар одағына Сыр елінен үркердей ғана қаламгер мүшелікке өткен екен. Бірақ бәрі де атақ, даңқынан селт ететіндей елге белгілі ақын-жазу­шылар. Әйтсе де алдыңғы толқын ағалардың 70-75 жасқа толған мерейтойлары қоңырқай ғана аталып өтіп жатты. Жоғары жақтың нұсқауымен сырттан келген жерлес ағайындардың кештері дүрілдеп-ақ өтетін. Кеңес дәуіріндегі ақын-жазушылардың шығармалары идео­логия құралы болып дәуірлеген кезең келмеске кеткен. Қазіргі атқамінерлерге қаламгерлердің атағы да, кітабы да қажет емес. Өйткені, олардың шығармаларын оқымайды. «Танымасын сыйламас» деген кейіп танытады. Ел басына сын сағат туған сәттерде ғана еске алатыны тағы бар. Өткен жыл адамзат баласының басына қиындық туған кез болды... Ол қа­ламгерлерді де айналып өтпеді...
«Өксік жасы алқымға кеп тірелген
Нарқасқалар кетіп жатыр бір демнен.
Мына індет жалмап жатыр жалғанды,
Иә, Алла, жәрдем берші бір еммен...
Қарамайды жақыныңа, досыңа,
Ақырзаман дегеніңіз осы ма?
Адамзатты құтқар мына тажалдан,
Сыйынамыз бір өзіңе, қосыла...
Сенің күшің құдіретті, қаһарлы,
Ішкізбегін адамзатқа заһарды.
Мейіріңе бөле мына пендеңді...
Нұрға бөле, өмір сеуіп шаһарды.
Шапақтанып күн де әркез атсыншы,
Ұясына шырайланып батсыншы.
Маужыратып, шаттық әні әлемді,
Мына дала тыныстап бір жатсыншы, – деп ақ жүректен тілеу тіледік. Алайда, пенденің айтқаны бола бере ме? 2020 жылдың шілдесінде әлеуметтік желіге мына жолдарды жазуға тура келді:

«Қазақ әдебиетіне бар болмысымен, шығармашылығымен адал қызмет етіп, ұрпақтан ұрпаққа жететін мол қазына қалдырған қос бірдей дарынды қаламгерлер – Әскербек Рахымбекұлы мен Айжарық Сәдібекұлы ағаларымыздан айырылып, санамыз тұманданып, жүрегі­міз қан жылап отыр... Мына көзге көрініп, қолға ұстауға келмейтін тажал талайды қайғы бұлтына орап қойды ғой... Не шара... Сыр әдебиетінің бүгінгі көшбасшыларынан айырылып, қалың тұ­манда адасып қалғандай күй кешудемін. Әрқайсысы бір төбе, шығармашылық ор­таның шамшырақтары еді-ау... Елімізде жарияланған жалпыұлттық аза тұту күнінде қос қаламгер ағаларымыздың, басқа да көрінбейтін тажал тырнағына ілініп кеткен марқұмдардың артында қалған жақындарына, отбасына, ұр­пақ­тарына қайғырып, көңіл айтамын. Халқымыздың басына түскен ауырт­палықты «нар көтерер жүктей» бірге көтеріп, қиындықтан алып шығайықшы, ағайын! «Әр қазақ жалғызым» дегендей, бір-бірімізге сүйеу болып, жылы сөздерімізбен ауырғандардың тән жарасын, жақындарының жан жарасын жаза білейікші. Мына ауыртпалықтан халқымыздың бірігіп, нық сеніммен, сабырмен жеңіп шығуына жан жүрегіммен егіле отырып, Алладан шапағат, медет сұраймын, ауырмаңыздар...» деп жазыппын.

Әскербек аға мен Айжарық ағаның мәңгілікке бет бұрған сәттері де қатар келді. Әскербек ағаның қазанынан кейін араға бір күн салып, Айжарық аға да жарық дүниемен қош айтысып кете барды. Қаралы хабарды естіген жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тынымбай Нұрмағанбетов телефон арқылы хабарласып, Сыр жұртшылығына көңіл-қошын білдірді. Мен көңіл айтуды телефон арқылы жазып алдым.

«Әскербек досымның қазасы мен үшін ауыр қаза болды. Біз жастық шақта қызметтес әрі дос болып араласқан едік. Сол достығымыз әлі күнге дейін үзілмей ай сайын хабарласып тұратынбыз. Жарқын жүзді, мейірімді азамат еді. Талантты ақын болатын. Әскербектей жақын адамнан айы­рылу мен үшін орны толмас қайғы. Амал қанша... Өзім де науқастанып қалдым. Топырақ салу бұйырмады. Қош бол, аяулы ақын досым. Жаның жәннатта болсын! Тынымбай Нұрмағанбетов».

Талантты екі тұлғаның достығына біз де куә болған едік. Бір-біріне әркез тілектес болатын. Мысалы, Әскербек аға өзі туып-өскен Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанғанда және мәртебелі атақты сол кезде Сырдария ауданын басқарған Ғанибек Қазантаев салтанатты іс-шарада табыстағанда бәріміздің төбеміз көкке жетті. Ақынды ардақтаған әкімге әлі күнге ризашылығымыз шексіз. Сонымен қатар осыдан 4-5 жыл бұрын Жаңақорған шипажайында Әскербек, Айжарық, Тынымбай ағалардың алаңсыз тынығып, демалуы­на сол кездегі және қазіргі Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов ықпал жасап, інілік ілтипатын танытқан болатын. Адамдар арасындағы осындай сыйластық, мейірім үзілмесе ғой, шіркін...

Әскербек Рахымбекұлының шығарма­шылығы жайлы терең толғанысты – әде­­биет зерттеуші ғалымдар мен әдеби сыншыларға қалдырдым. Мен Әскер­бек ағаның адами болмысына аз-кем тоқталдым. Әскербек ағаны 2020 жыл­дың ақпан айының соңына таман Сыр қаламгерлерінің басқосуында облыс әкім­дігі сыйлаған қаламсапты үйіне апарып бергенімде соңғы рет көрген екенмін. Сұқ саусағымен қасын тарай түсіп, жүзі нұрланып, күлімдеп, Күлмараш жеңгей екеуінің жылы қабылдағаны жадымда сақ­талып қалды. Сол бейнеңіз естен кетпес, ақын аға! ...
Ақынмен ақынның жан-дүниесі мәңгі үндес. Естелігімді жырмен аяқтайын.
Дүние жатыр тыныстап,
Көз іліп, қалғып, бір кезек.
Шаршаңқы табы жылыстап,
Нұрланды жүзі бір мезет.

Тіршілік неткен ғажайып
Табиғат жаны сірі еді.
Барады нәрі азайып
Жаратқанда Алла – тірі еді...

Уысында ұстап өмірді,
Шайқадым...шашып...төктім де,
Тазарта алмай көңілді
Дүние ғайып... өттің бе ?

Табиғат мөлдір қалпында,
Арым да таза, жаным да.
Жармаса бермей алқымға
Ей, өмір, тула қанымда...

Адамзат солай арбасып,
Дүние-керуен көшеді.
Ұрпаққа-ұрпақ жалғасып,
Тіршілік желі еседі.

Тоқтамай уақыт, доңғалақ,
Шертеді заман күй-зарын.
Зәр шашып жылан жорғалап,
Таптайды Өмір гүлзарын.

Улама, енді санамды
Еншімді бер, алайын!
Қағазға төсеп қаламды,
Өлең боп мәңгі қалайын!

Табиғат, Сен де тазарғын,
Жанымды жуып жаңбырлар.
Тіршілік, өмір-базардың
Сәні боп адам, тағдырлар...

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
Қазақстан Жазушылар Одағы
облыстық филиалының
директоры
25 наурыз 2021 ж. 811 0