Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айбынды сарбаз

Айбынды сарбаз

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы жылнамасында 1992 жылдың 16 наурызы тарихи күн ретінде жазылған. Дәл осы күні Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Республикалық Ұлан гвардиясы құ­рылды. Ұлан гвардиясы Алматы облысындағы Қаскелең ауда­нындағы Ішкі әскерлердің шұғыл мақсаттағы жеке бригадасы негі­зінде жасақталды. 2014 жылғы 21 сәуірде Республикалық Ұлан мен ҚР Президентінің күзет қызметі бірігіп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі болып қайта құрылымданды. Егемен еліміз 29 жылдан бері 16 нау­­рызды Республикалық Ұлан күні ретінде атап келеді.

Сырдариялық Жасұлан Бақтыбаев осыдан 2 жыл бұрын Мемлекеттік күзет қызметінің «Батыр» Президенттік полкінің 0111 әскери бөлімде мерзімді қызметін атқарған азамат. Айрықша маңызды міндетті атқаратын әскери бөлімге Жасұлан 1000 бозбаланың ішінен іріктеліп алынған қызылордалық 14 азаматтың бірі болды. Мемлекеттік күзет қызметіне іріктеу аса қатаң түрде жүргізілетіні белгілі. Мерзімді әскерге шақырушының әулетінде ата-бабасынан бергі уақытта құқық бұзушылыққа жол берген немесе заң алдында жауапты болғаны туралы толыққанды ақпарат сүзгіден өтеді. Сонан соң талап бойынша бойы 180 сантиметрден кем емес, салмағы да бо­йына сай болуы ескеріледі. Шымыр, денсаулығында кінәраты жоқ болуы да бас­ты шарт.

– Сыр елінен Алматы қаласындағы «Батыр» Президенттік полкінде әскери борышымды өтеуге лайық болғанымды мақтан етемін. Мемлекеттік күзет қызметін абыроймен атқаруға, көптің ішінен топ жарғаным Отан алдындағы борышымды мінсіз атқаруыма күш-жігер берді. Намыс, ар-ожданды бәрінен биік қою азаматтық қасиетімнің қалыптасуына септігін тигізді десем қателеспеймін. Әскери бөлімде құпияға берік болу,  Отаныңның патриоты ретінде үлгі көрсету секілді адамгершілік қасиет мықтап қалыптасады. Ендігі кезде қандай қызмет атқарсам да, менің өмірлік ұстанымым да осындай талаппен ұштасатын болады, – дейді Жасұлан Бақтыбаев.

«Батыр» Президенттік полкінде әскери ант қабылдаған 300-ге жуық сарбаздың 200-і Нұр-Сұлтан қаласындағы «Айбын» Президенттік пол­кінің 0112 әскери бөлімге жіберілсе, 100 жауынгер Алматыдағы «Батыр» Президенттік полкінде әскери борышын өтегендердің қатарында жас сарбаз бір жыл борышын атқарды.

«Ер жігіттке жақсы әке қырық жыл азық» дегендей Жасұланның әкесі Қуаныш Матыбай «Ұлан» гвардиясында азаматтық борышын өтеген. «Ұлан» гвардиясы құрылған жылы әскерге шақырылған Қуаныш Бақтыбайұлы да мыңдаған сарбаздың арасынан іріктеліп алынған сарбаз. Сырдариялық азамат ел тарихында  ең бірінші болып Қазақстан Республикасының көк Байрағын Алматыда өткен салтанатты шеруге алып шыққанымен есте қалды. Бұл айтулы күндегі қуанышты жерлестері әлі күнге ұмытқан емес.

– Құрдасым Қуанышты әскерге шығарып сал­дық. Жаз айы болатын. Оның еліміздегі ең мықты деп саналатын әскери бөлімге қабылданғанын естідік. Бір күні теледидардан ұлттық «Ұлан» гвардиясының сапта тұрғаны, сарбаздардың қаты­суымен салтанатты шеру өтіп жатқандығы  туралы жаңалық берілді. Репортажды жүргізуші алаңға ең алғаш рет Тәуелсіз еліміздің көк Туы шыққанын хабарлады. Бір қызығы, Байрағымызды қолына ұстап келе жатқан өзіміздің досымыз екенін көріп, кеудемізді мақтаныш сезімі мен үлкен қуаныш кернеді. Міне, азамат, тарихи сәт дүние жүзіне тарады. Қанша жыл өтсе де сол кезді ұмытпаймыз. Сыр елінің ұланы барша жерлестерін қуантты, қандай керемет!, – дейді осыдан 29 жыл бұрынғы тарихи оқиғаны еске алған жолдасы И.Ақылбек.

Міне, ғажап! Өміріне жағымды өзгеріс әкелген жас сарбаз әскери борышын өтеген соң келісім-шарт негізінде айбынды әскерге қызмет етуге қалды. Қызметте жүрген жылдары әке атанған Қуаныш Бақтыбайұлы өзінің тұңғышының есімін Ұланмен байланыстырып, «дүниеге жас ұлан келді» деп Жасұлан қояды.

Жасұлан ер жеткен соң әке жолын қуып, еліміздің ең айбарлы әскері саналатын «Батыр» Президенттік полкінде әскери борышын өтеуі де өмірінің тартқан керемет сыйы болса керек.

– Еліміздің ең мәртебелі әскери бөлімі сана­латын полктегі сарбаздарға Елбасы, Президент, Парламет пен Үкімет басшыларының көлік құралдарын ел аумағында және сырт жерлерде күзету міндеті жүктеледі. Республиканың Мемлекеттік рәміздерін күзету, шетел мемлекет басшыларын күтіп алу, шығарып салу, еліміздің салтанатты ресми мерекелерінде жоралғылық рәсімдер көрсету сияқты міндетті абыроймен атқарады.

Айта кетерлігі, Мемлекеттік күзет қызметінде азаматтық борышын өтегендер мерзімі аяқталғаннан соң 2 жыл көлемінде шет елге шыға алмайды. Бұл әскери заңның бірі. Ал мемлекеттік құпияны сақтау – ел алдындағы зор жауапкершіліктің басты қағидасы. Жалпы Мемлекеттік күзет қызметінде болған сарбаздар қызметке орналасу кезінде көптеген жеңілдіктерге ие. Мысалы, әскери билетін көрсету арқылы жұмыс беруші қосымша көптеген анықтамаларды талап етпейді. Себебі, аталған қызметте әскери борышын өтегендер кезінде іріктеуден өткендіктен қандай қызметке де лайық болады,  – дейді Жасұлан Қуанышұлы.

Жас сарбаз Отан алдындағы борышын үлгілі атқарғаны, Қазақстан халқы мен Президентіне берген антына адал болғаны үшін әскери бөлімнің командирі, подполковник Б.Қуанышбаевтан алғыс алды. Алғыс хатта: «Сіздей ержүрек, тәртіпті, пат­риот ұлы бар елдің ғана келешегі жарқын болады. Ерекше ықыласпен Сіздің ата-анаңызға және жақын туыстарыңызға сіздей Отансүйгіш азаматты тәрбиелегені үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!» делінген. Мұндай алғысты алған Жасұланның ата-анасы Қуаныш пен Жанна шын мәнінде бақытқа кенелді. Үлкен ұлдарының соңынан ерген балалары Асанәлі, Дильназ бен Бағжан ағаларын мақтан етуге әбден лайық.

Кез келген жағдайда ел Тәуелсіздігін қорғауға әзір тұратын ер жүрек азаматтың қазіргі міндеті – өз мамандығы бойынша қызметке орналасу. Жасұлан төтенше жағдайлар қызметі бойынша құтқарушы мамандығын алған жауынгер. Ол қызметке орналасу үшін барлық талаптар мен сынақтардан өтті. Оның мемлекетке деген қызметі мінсіз болатынына сенім мол.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
16 наурыз 2021 ж. 801 0