Шежірелі тарихтан сыр шертеді
Зерттеуші, белгілі этнограф-жазушы Тынышбек Дайрабайдың құрастыруымен жақында «Түркістан 1866-1872» альбомы жарыққа шықты. Жинақта уақыт тезіне шыдамай жойылып кеткен және тозған ескерткіштердің фотосуреттері жинақталып, барлығы 344 бетке топтастырылған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырман қауымға жол тартқан туындыны зиялы қауым өкілдері «кітапханалар сөресінде және ұлт руханияты жанашырларының шаңырағында тұруы қажет құнды дүние» деп бағалауда.
Тынышбек Дайрабайдың айтуынша, бұл альбомды жинақтау идеясы ел егемендігінің алғашқы жылдары туындаған. Ұзақ жылғы ізденіс пен ыждағаттылықтың арқасында зерттеуші алғашқы деректерге 1999 жылы қол жеткізіпті. Нақтырақ айтқанда, қажетті ақпараттарды Санкт-Петербург қаласындағы Ресей ұлттық кітапханасынан тапқан және келесі жылы алғы сөз жазып, тарихи еңбекті жарыққа шығарған. Баспадан өте аз таралыммен шыққан туынды тез тарап кетеді. Міне, содан кейін араға жиырма жыл салып, тарихты жаңғыртқан туындысын жазушы қайта таразылап, талдап, ой елегінен өткізіп, тың мәліметтермен толықтырып, халық назарына ұсынып отыр. Ерекше атап өту қажет, тағылымға толы тағдырын төл тарихымызды түгендеу мен жаңғыртуға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге арнаған Тынышбек Дайрабайдың бұл еңбегі ұлт руханиятының қоржынына қосылған қомақты үлес.
Құнды дүниенің ерекшелігі, альбомда берілген әрбір суреттің тарихына қазақ, орыс, ағылшын тілінде түсініктеме берілген. Бұл оқырман аудиториясының кеңеюіне негіз болып табылады. Әлі сиясы кеппеген жинақтың этнографиялық, археологиялық бөліміндегі фотосуреттер Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген ұлт пен ұлыстардың тұрмыс-салтына, өмір сүру мәдениетіне және ер мен әйелдердің киім үлгілеріне, кесенелер мен мазараттардағы, медрессе қабырғаларындағы жазуларға қатысты мағлұматтарға толы.
– Тарихтан хабары бар кісілер біледі, «Түркістан альбомы» деген атаумен осыдан 150 жыл бұрын баспадан шыққан фотоальбом болды. Мен бұл жөнінде 1980 жылдары ести бастадым. «Мұнда не бар екен?!» деп құмарттым. 1985 жылы Әлкей Марғұлан ағамыздың «Ежелгі жыр-аңыздар» деген кітабы шықты. Осы кітапта «Қорқыт күмбезінің» ең алғаш фотоға түскені 1862 жыл еді. Бұл фото бүгінде тек «Түркістан» альбомында ғана сақталып тұр» деп тайға таңба басқандай жазылған. Содан тиянақты түрде, ерінбей, жалықпай іздеп, деректерден дерек қуалап, «Туркестансие ведомости» газетінен альбом туралы жазған мақалаға кезіктім. Сөйтіп, альбомның түпнұсқасын тауып, құндылығы мен маңызын атқамінерлерге, демеушілерге түсіндірдім. «Түркістан» альбомының маңызын түсінген Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов ақыл-кеңесі мен жәрдемін аяған жоқ. Ал альбомның қазақ жеріне келуіне сол кездегі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жақында өмірден өткен Исахан Әлімжанов мырза атсалысты. Қасиетті де киелі Түркістан атымен аталған альбомда Түркістан қаласының жалпы бейнесі, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің және басқа да ескерткіштердің көріністері, өрнек түрлері мен қазандағы жазулар, шырағдандардың және т.б. суреттер бар. Бұған дейінгі зерттеулер мен жазылған кітаптарда қамтылмаған суреттер де көп. Бұл жинақ – тарихымызды бүгінгі және келешек ұрпаққа таныстыратын дүние. «Түркістан 1866-1872» альбомы жеке кітап қана емес, оның тарих, этнография оқулықтарына пайдаланар тұстар мол, – дейді Тынышбек Майлыбайұлы.
Кітап Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің қолдауымен жарыққа шыққан. 43 баспа табақты құрайтын жинақтың таралым саны – 3000 дана. Бүгінде «Түркістан 1866-1872» альбомы аудандық орталық кітапхананың қорында бар. Аудан тұрғындарын ұлт тарихына арналған туындыны оқуға шақырамыз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ