Қырағы қызмет иесі
Зоя Жидкова өзі қалаған мамандыққа соңғы 23 жылын арнады. Алғаш 18 жасында өзіне артылған жауапкершіліктен тайсалмай, батыл шешім қабылдай білді. Сондықтан оны әріптестері қай кезде де мақтан тұтады. Әке жолын қуған Зоя Владимирқызы – өз ісінің майталманы. Оның отбасы мен жауапты қызметті қатар алып жүрген ардақты жан екенін жұртшылық жақсы біледі.
Білікті маман 2005 жылы елордада өрт сөндіру саласының мамандары арасында өткен қазақ тіліне арналған байқауда І орын иемденді. Өз кезегінде талантты қабілетін байқаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Зоя Жидковаға ерекше алғысын айтқан. Елбасы алғысына ие болған өрт сөндіру қызметінің маманымен бізде емен-жарқын әңгімелескен едік.
– Мен ол күнді ешқашан ұмытпаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен осыдан 16 жыл бұрын кездесудің сәті түсті. Қазақ тілінде мүдірместен сөйлеген мені көпшілікке үлгі етті. Туған жерім Сыр өңірі екенін айтқанымда қазақ тіліне баулыған ата-анама алғысын айтты. Әріптестерімнің арасында мәртебемді көтеріп, тіл білімімді жоғары бағалады, – дейді бізбен әңгімесінде мақтаулы маман.
Кіші сержант З.Жидкованың әкесі Владимир Жидков – Арал ауданының тумасы. Ұзақ жыл өрт сөндіру саласында қызмет етіп, еңселі еңбегімен көпшілікке танылған. Перзентінің болашағына бей-жай қарамайтын ол қызының әке жолын жалғастырғанын қалайды.
– Біз отбасымызда 3 қыз, 1 ұл тәрбиелендік. Әкеміздің айтқанын бұлжытпай орындаймыз. Өз басым мектеп оқып жүргенімде медицина саласына баруды қаладым. Дегенмен, әкемнің қалауын орындадым. Қазіргі таңда өрт сөндіру саласының білікті маманы болғанымды мақтан тұтамын, – дейді қырағы қызмет иесі.
Бүгінде №12 өрт сөндіру бөлімінің құртқарушы-өрт сөндіруші, радиобайланысшы қызметін атқаратын өз ісінің шебері тәулік бойы 101 және 112 байланыс телефондарына жауап беріп отырады. Тұрғындардан ақпарат түскен бойда шұғыл әріптестеріне хабар береді. Сонымен бірге тиісті мекемелерге болған оқиға жайында баяндама жасайды. Барлығы бір уақытта жасалатын бұл міндетті орындау барысында қателікке жол беруге болмайды. Үнемі бағыт-бағдарды зерделеп, белсенділік таныту – нәзік жанды Зоя үшін қалыпты жұмыс процесі. Ұжымдағы ер азаматтармен қатар, күні-түні түрлі оқиғаға тап келетін оның бойында нағыз өжеттілік бар.
Жауапты қызметте жүрген Зоя Владимирқызы отбасы мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Осыдан 10 жыл бұрын татар ұлтының азаматы Шамиль Шариповпен отбасын құрды. Отағасы Шамиль 11 ағайынды. Үлкен әулеттің келіні атанған жан қазақ тілін жетік меңгерген. Ол үнемі қазақы дәстүрді жаңғыртып отырады.
– Жауапкершілігі жоғары мамандықты игеру мен үшін қиындыққа соқпады. Осыған дейінгі жетістіктеріме әріптестерім мен отбасымның арқасында қол жеткіздім. Ата-анамның қолдауының нәтижесінде, көпшілік арасында беделім арта түсті. Алдағы уақытта екі ұлымды өрт сөндіру саласына бауылығым келеді. Қоғам үшін қажетті мамандықтың мәртебесі мен үшін әркез биік. Әрбір маман өзі сүйген қызметті абыройлы атқаруға дағдыланғаны дұрыс, – дейді тәжірибелі маман.
Нағыз төзімділік пен табандылық бойынан табылатын Зоя Жидкова әр жылдары республикалық, облыстық, аудандық дәрежеде түрлі марапатқа ие болды. Мақтаулы маманның қызметіне сәттілік тілейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ