ҚҰДАЙДЫҢ УЫСЫНДАҒЫ, ТАУДЫҢ ҚУЫСЫНДАҒЫ ХУНЗАЛЫҚТАР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Жер бетінде бір таңғажайып тайпа өмір сүреді. Таңғажайып деп отырғанымыз тегін емес, өйткені ол халық ауру-сырқаудың не екенін білмейді. Ұзақ жасайды. Олар Үндістанның теріскейінде, климаты қатал таулы аймақта өмір сүреді. Хунза өзенінің бойын бойлай, Үндістанның солтүстігінің ең түкпіріндегі Гилгита қаласынан 100 шақырым жерде (Джамму, Кашмир штаты) тіршілік етеді және өздерін хунзақұттармыз деп атайды. Хунзалар туралы Еуропа жұртшылығына алғаш рет ХХ ғасырдың басында дарынды әскери дәрігер Мак Каррисон мәлімет таратқан.
ЖҰМБАҚ ЖАРАТЫЛЫС
Ол жақта өмір сүретін тайпалардың асып бара жатқан мықты денсаулығы жоқ көрінеді, бірақ дәрігер Мак Каррисонның жазуынша, ол өзі жұмыс істеген 14 жылдың ішінде бірде-бір дертті хунзақұтты кездестірмеген. Олар тіпті тіс ауруының не екенін білмейді, көз жанарының әлсіреуі деген түсінік мүлде жоқ. 1963 жылы тайпа басшылығының рұқсатын алған француз экспедициясы хунзақұттарға санақ жүргізген. Сол санақта олардың орташа өмір сүру ұзақтығы 120 жыл екені анықталды. Хунзақұттар 160 жасқа дейін өмір сүреді, әйелдері егде жаста да бала туу қабілеттерін жоймайды. Дәрігерлерге қаралмайды, тіпті ол жақта қаралатын дәрігер де жоқ.
Хунзақұттарды зерттеген еуропалықтардың бәрінің жазуына қарағанда, олардың қоңсыларынан ерекшелігі – жейтін тағамдарында (рационында). Негізінен тұтынатыны – ешқандай қоспа қосылмаған бидай ұнынан пісірілген таба нан мен жеміс. Нақты айтқанда, өрікке өте құмар халық. Қыс бойы және көктем айларында әлгі екеуіне ештеңе қоспайды. Өйткені қосатын да дәнеңе жоқ. Хунзақұттар күнұзақ аузына бидай мен өріктің бірнеше дәнегін салып жүреді, міне, бұл олардың тәуліктік тағамы.
Бұл халыққа оптимизм, сабырлылық, әзіл-қалжың және қонақжайлылық тән. Өздеріңіз білесіздер, бұлар қанмен берілетін қасиеттер. Елді король және ақсақалдар кеңесі басқарады. Бұларда полиция да, түрме де жоқ. Хунзалықтардың қоғамында тәртіп бұзатын адам, қылмыскер атымен кезікпейді. Қарттыққа жеткендер, әсіресе ұзақ өмір сүргендер ерекше құрметке ие. Бір қызығы, қартайғанда ақылынан адасу, кәріліктен қаусап қалу бұл ұлтқа тән емес, ондайларды іздесең де таппайсың.
Өзге өңірдегі жер тұрғындарын 40-50 жасқа келгенде кәріліктің алғашқы белгілері мазалай бастайды. Ал хунзалықтарда олай емес. Мұнда қандай тылсым күш, қандай жұмбақ сыр жатыр?
Ауырмасаң-сырқамасаң, өзіңді бақытты сезініп, 150-160 жыл өмір сүрсең одан артық қандай қуаныш, қандай шаттық керек? Құдай шын мәнінде өзінің уысында, таудың қуысында өмір сүретін хунзалықтарды неге ерекше етіп жаратты?
Ғалымдардың жазуынша, көрші отырған ұлт пен ұлыстарға қарағанда хунзақұттардың сыртқы түс-тұрпаты еуропалықтарға ұқсайды.
Бір аңызда Ескендір Зұлқарнайынның Үндістанға жасаған жорығы кезінде оның әскерінің негізін осындағы ергежейлі тау мемлекетінің ұландары құрды дейтін әңгіме айтылады. Жорықшылар мұнда аса қатал тәртіп орнатып, тұрғындар тіпті қылыш-қанжармен тамақ ішіп, ұйықтаған, билеген деседі.
Нағыз таулық деп осы хунзақұттарды айту керек. Өйткені олар «таулар түйісетін жер» төңірегінде өмір сүрмей ме? Анығында, заңғар тау әлемінің аса биік үш жүйесі: Гималай, Гиндукуш және Қарақорымның ең биік шыңдары түйісетін тұсының маңы осы хунзалықтарға бұйырған. Жер шарындағы 8000 биіктіктегі 14 шыңның бесеуі осы маңда. Атақты Эверест шыңынан кейінгі екінші К2 (8611) шыңы да осында. Альпинистер әйгілі Джомолунгма құзын бағындырғаннан гөрі К2 шыңына шығу әлдеқайда күрделі екенін біледі. Ал атақты «ажал құзы» Нанга-Парбат (8126 метр) шыңына шығу жолында қаншама тауқұмар жандар шейіт кетті... Демек, әлем деңгейіндегі спортсмен болмайынша, осынау биік шың-құздарды маңайлай алмайтының да ақиқат. Ертеде бұл жерлерді түрлі князьдықтар бақылауда ұстап, әрі-бері өткен керуеннен баж салығын алып отырған. Солардың ішінде ең ықпалдылардың бірі осы хунзалықтар болған.
Алпыс жылдан астам уақыт бойы Гималай алқабындағы өзге тайпалар секілді хунзалықтар да Үндістан мен Пәкістан арасындағы жанжал отының арасында қалып отыр. Кашмир дауы қашанға дейін созылатынын әлі ешкім дөп басып болжай алмайды.
ӨРІКТЕН «ӨНГЕН» ӨМІР
Тағы бір деректерде Хунзаны батысқа 1970 жылдары Азия аумағынан әділдік пен экзотика іздеген сәнқойлар танытты деген де әңгіме бар. Сәнқойлардың әйгілегені сонша – осы күні америкалықтар өрікті көрсе Hunza Apricot дейді екен. Ашығын айтқанда, Хунзаға «гүл балаларын» бұдан өзге Үндістанның қарасорасы да еліткен. Қонақжай Хунзаның туристерді ынтықтыратын тағы бір кереметі – биік таудың мұзарт шыңынан ылдиға қарай құлайтын көшпе мұзы. Оны жағалай жұрт картоп, көкөніс, қарасора егеді. Мұнда қарасораны шегіп қана қоймай, тамаққа дәмдеуіш ретінде де қолданады.
Ұзын шашты, жейделерінде Hippie way деген жазуы бар жастар шын мәнінде сәнқойлар ма, жоқ әлде ретроны жақсы көрушілер ме, ол жағы тек өздеріне аян, көбіне өрік «өреді». Мұнда өріктің бірнеше түрі, әсіресе дәмі тіл үйіретін «хан тұқымы» өседі. Күзгі жиын-терім кезінде көрікті мекен тұрғындарының үлкені де, кішісі де өрік кептіріп, қақ жасайды. Оны арнайы ағаш ыдысқа кептіреді. Ал бал татитын өрік шырыны, таудың саф ауасы хунзалықтардың денсаулығын ширата түседі. Осы күні дәрігерлер өрік құрамынан онкологиялық дерттерге қарсы тұратын дәрумендерді де тауып отыр.
Бүгінгі таңда Хунза тек жастарды ғана емес, туристерді, жалпы, тарихты сүйетіндерді, саяхатшыларды ерекше табиғатымен, айрықша тіршілігімен тәнті етуде. Тауқұмарлар туралы әңгіме тіптен бөлек. Хунзалықтар өздерінің бурушасхи (Burushaski) тілінде сөйлеседі. Ғалымдардың оның қай тілге жақын екенін әлі де ажырата алмай отырған жайы бар. Дейтұрғанмен тұрғындар урду және ағылшын тілдерін біледі. Пәкістан жақын болғандықтан ба, жоқ әлде басқа сыры бар ма, кім білсін, хунзалықтардың 95 пайызы ислам дінін ұстанады. Олар дінге қатысты «әркімнің жеке шаруасы» деген пікірде.
Олар 15 градус суықта мұздай суға шомыла береді. 100 жасқа дейін түрлі қимыл-қозғалысқа толы жылдам ойындарды ойнайды. 40 жастағы әйелдер қыздай, 60 жасқа дейін пошымы бұзылмайды, тіпті 65 жасында бала да туады. Жазда жеміс-жидек жесе, қыста дәннің өскінімен, қойдың ірімшігімен тамақтанады.
Көктемде жеміс-жидек піспеген мезгілде хунзалықтар «аш көктемді» бастан өткізеді. Ол 2-4 айға созылады. Бұл кезде олар тек кепкен өріктің шырынын ғана ішеді. «Аш көктем» ғибадат деңгейінде жүзеге асады және оған өздері қатты мән береді.
Шотландық дәрігер Мак Каррисон хунзалықтардың бойындағы ақуыз өте төмен деңгейде екенінін жазған. Олар орташа есеппен тәулігіне 50 г ақуыз, 36 г май, 365 г көмірсу тұтынады. Дәрігер хунзалықтардың ұзақ өмір сүретін ерекше қабілетін дұрыс тамақтанудан, диетадан деп түсіндіреді. Хунзалықтардың көршілеріне қарағанда екі есе ұзақ ғұмыр кешетіндерін, ауырмай-сырқамай ғасырдан да ұзақ жасайтынын, әйелдері 60-65-інде бала туатынын ескерсек, бұл тек қана дұрыс тамақтану нәтижесінде ғана емес екені байқалады. Бұл адамзаттың ерекше қабілетке ие екенінен хабар береді. Демек, адам жанын зерттеуге адамның миы әлі толық жеткен жоқ.
https://kyzylorda-news.kz/