Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен саған есірткі жайлы айтып беремін

Мен саған есірткі жайлы айтып беремін

"Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз"
Абай Құнанбайұлы


Адамның бойындағы асыл қасиеттердің барлығы Алладан берілген сый. Ал бойындағы еңбекқорлық, адалдық, сыйластық деген кереметтей мінез құлықтарды бойкүйездік пен еріншектікке айырбастап қоғамға ылаң салып жүрген жандар да табылып жатады. Адам баласының бойынан ұят деген ұлы қасиет кеткенде, оны арсыздық билеп алары сөзсіз. Ал арсыз адамның бойын маскүнемдік, нашақорлық сынды қасиеттер жаулайды. Бұл қазіргі қоғамның бас қатырар мәселесіне айналып бара жатқан кеселдер десем артық айтпағаным.

Қазіргі таңда елімізде заңсыз есірткі сатумен айналысқан қылмыскерлермен күрес жүргізіліп, заңға да күшейтулер енгізілуде. Алайда, қоғамдағы есірткі саудасымен айналысатындар мен нашақорлар санын азайту үшін қарапайым халықтың да қосар үлесі орасан. Біз секілді жеткіншектер бала жастан жақсы мен жаманның айырмасын ажырата біліп, игі істерге талпыныс жасауы қажет. Баланы даңғыл жолға салуда ұстаздар мен ата-ананың берген тәрбиесі де әсер ететіні анық. Себебі, баланың оң мен солды ажыратуына ықпал жасайтын бірден-бір жандар. Баланың саналы болып өсуі үшін бойын барынша зиянды әдеттерден алшақ ұстауға бағыттау қажет. Сонымен қатар, баланы қашанда назарда ұстаған жөн. Себебі, әлеуметтік желінің әсерінен нашақорлыққа салынып, бейтаныс жандардың арбауына түсіп қалып жатқан замандастарымыз да бар. Есірткіден келер қауіпті азайту үшін заңды да барынша қатаңдату керек деп білемін. Қажет болған жағдайда Қытай мемлекетіндегідей өмір бойына бас бостандығынан айыру жөніндегі заң қабылданғаны дұрыс. Себебі, есірткі сатумен айналысатын жандар қанша отбасын ойрандады. Біреудің ата-анасын зар жылатып, балсын әкесіз, анасын жұбайыз қалдырды. Сол  себепті қоғамдағы бұл кеселді бірігіп жеңуіміз қажет.

Бастапқыда дәрілік зат ретінде ойлап табылған есірткінің қазіргі таңда басқа мақсатта қолданылатыны өкінішті дүние. Талай жанның өмірін қиып, сал ауруына шалдықтырып, ақыл- есінен айырған бұл зиянды препараттан жастардың бойын аулақ ұстау үшін де мектеп қабырғасында үгіт-насихат жүргізу қажет деп білемін. Қоғам болып күрессек есірткінің жолына тосқауыл қоярымыз хақ.

Абай атамыз айтқан бес дұшпаннан бойымызды алшақ ұстасақ, есірткі дегенді түп-тұқиянымен құртарымыз сөзсіз.

Қызылорда облысы,
Сырдария ауданы
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы
Аншаева Ақнұр
Жетекші мұғалім:Қалабаева Құндызай
#УПНДПКЗО
20 қаңтар 2021 ж. 460 0