Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Пандемия тойға тойтарыс берді

Пандемия тойға тойтарыс берді

Қазақ халқында той тойлаудың маңызы өте зор. Ертеректе ата-бабамыз баласын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа бергенде отыз күн ойын, қырық күн то­йын тойлап, ат шаптырып, бәйге берген. Ол дәстүр бүгінге дейін жалғасын тауып, ешкімнен кем қылмай тойханаға, мейрамханаға той жасауға жалғасты. Бірақ әлем елдеріне қара бұлт болып төнген пандемия салдарынан той тойлауға біршама шектеу қойылды. Тіпті бес жылға мораторий жарияланды.

Баласын үйлендіріп той жасау – ата-ана өміріндегі ең қуанышты күн. Өз қуанышымен туған-туысымен бө­лісу, жақсылығын жариялау бұл да болса бір бақыт. Бірақ былтырдан бері той тойлауға бірқатар шектеулер қойылды. Мейрамханалар есігі жабылды. Әдемі көйлегін киіп, әсемденіп тойға шыққан ел де жоқ, той әнін шырқап жатқан асаба да жоқ. Есесіне жаппай карантиндік шектеулер қойылып, пандемияға төтеп бердік. Көпшілік жиналып той тойлауға, жиындар ұйымдастыруға, халықтың көп шоғырлануына қатаң тыйым салынды.

«Әр істің бір қайыры бар» демекші, шектеу шаралары жұртшылыққа пайдасын тигізді. Аста-төк қылып несиеге той жасау азайды, несиесіз той жасау үрдісіміз қайта жаңғырды десе де болады. Есімде бала күнімізде біреудің үйінде той болса, жағалай палатка құрылып, кілем ілініп, кілемге ақ мақтамен жас жұбайлардың аты жазылып, асабалар жанды дауыста ән салатын еді. Тіпті көршілердің үйінен палас, ыдыс-аяқ, көрпешеге дейін әкелініп, кейін той біткенде иелеріне қайтарылатын. Біз сол шырқалған әнге бұрала билеп тойдың қызығына тоймай кеш батқанша сол жерде масаға таланып жүртінбіз. Бұл балалық шақтың керемет естеліктері болып қалды. Ал кейін оның барлығы тоқтатылып, замана көшіне сай тойханада той тойлауға көштік. Кейін той қамына білек сыбана кірісетін жеңгелеріміз де жоқ, тойды ұйымдастырып қазан-ошақтың басы-қасынан табылатын жезделерімізді көрмейтін болдық. Өйткені той тойханада өтеді. Ешкім ыдыс жуып тірлік істеп, күйегеш болып қазан аспайтын тойлар келді. Бір сөзбен айтқанда жақын деген туысқандарды жинап тойханаға барып той тойлау үрдісі басталды. Несиеден – несиеге, қарызға той жасау басталды.

Осы уақытқа дейін облыс бойынша 128 нысан тойхана бизнесімен айналысып келген. Алайда пандемия мейрамхана бизнесінің тұрақсыз екенін байқатып қана қоймай, табыс көзінен айырды. Сол себепті тойхана қызметін ұсынушы кәсіпкерлер қызметтерін басқа салаға бағыттауда. Мәселен қазіргі уақытта облыс бойынша 16 тойхана ұсынатын қызметтерін басқа арнаға бұрған. Оның ішінде балалар ойын алаңы, кондитерлік өнім өндіретін цех, тағы басқалар. Бұл жалпы республика бойынша орын алған жағдай болғандықтан аудан орталығындағы жұмысы тұралап қалған «Темірқазық» мейрамханасының қазір­гі жай-күйімен танысқан болатынбыз.

– Қазір барлық қалалардағы тойханалар есігі жабық десек те болады. Мұндай жағдай біздің ауданда да бар. Аудандағы белді «Темірқазық» мейрамханасының да есігі жабылғалы біршама уақыт болды. Пандемияға дейін аудан халқы облыс орталығына бармай-ақ осы тойханада өз тойын жасап, қанша жас осы жерде өз қуанышын қалың көпшілікпен бөлісті. Ал қазір ғимарат бос тұр. Егерде мемлекеттен көмек беріліп, кәсіпкерлікті қайта субсидиялауға қаражат бөлініп жатса, мейрамхананы басқа бір кәсіп түріне айналдыруға мүмкіншілік туар еді. Мүмкіндік болып жатса кәсібімді қайта жаңғыртуға әзірмін, – дейді мейрамхана иесі Ақерке Натишаева.

Осы уақытқа дейін небір қиын күндерді басынан өткізген қазақтың тойы ешқашан бітпесін демекпіз. Тек ысырапқа жол беріп аста-төк қылып той жасаудың қажеті шамалы екенін карантиндік шектеулер есімізге қайта салғандай болды.


Айдана Қалиева 
19 қаңтар 2021 ж. 448 0