Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалжалы әйелден – олжалы ұл өседі

Қалжалы әйелден – олжалы ұл өседі

Сыр қадірі тек қана сұрасқанша,
Жат түгілі, жақынға сыр ашпа онша.
Сен басқадан артықсың,
Анаң егер,
Қуанғаны қалжа жеп рас болса!
Жүрсін Ерман

Қазақ халқында салт-дәстүрдің түрі өте көп. Адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап өмірден өткенге дейін қаншама жөн-жоралғылар жасалады. Соның ішінде бала дүние есігін ашқан күннен бастап жасалатын амалдар қатарын білеміз бе? Шілдехана, қырқынан шығару, бесік той тағы басқа тойлардың қатары өте көп. Ал қалжа тойы жайлы не білеміз? Жалпы қалжалау деген не? Осы секілді сауалдарға тоқталмақпыз.

Қалжа дәстүрінен дін мен дәстүрдің сабақтастығын байқауға болады. Мысалы мұсылманшылықта нәресте туғаннан кейін оның шашы қиылғанда мал сойылып, құрбан шалынады. Мұны Ислам дінінде «Ақиқа» деп атаған. Бұл баланың ата-анасының ақысы саналады. Бала дүниеге келген соң жеті күннен бастап балиғат (он үш жасқа) жасына жеткенге дейін орындауға болады. Сүннет бойынша ер балаға екі қой, қыз балаға бір қой сойылу керек. Баланың ата-анасы ақиқа күні қиылған шашты өлшеп, сол мөлшерде күміспен садақа берген. Ақиқаны қазақта – қалжа деп атаған. Бұл дін мен дәстүрдің тығыз байланысты екенінің бір дәлелі.

Қалжа – жаңа босанған келінге арнап байланған қой. Бала күнімізде үлкендерден «Қалжалы бала батыр, қалжасыз бала – қалжыр», «Қалжалы әйелден олжалы ұл туады» деген сөздерді жиі еститінбіз. Қалжаның күнделікті еттен басты айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы саналады. Қалжа жеген ананың сүті нәрлі де құнарлы әрі жеткілікті болады деседі. Қалжасын жеген сәбидің де, ананың да ұйқысы жақсарады. Бірінші күні келін қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын тісін тигізбей, қолымен мүжиді. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны тез қатайсын деген ырыммен керегенің басына ілген. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, күш-қуаты артады деген сенім бар. Келінге қалжа жегізу – ер азаматының міндеті. Ал ертеректе ырымшыл әжелеріміз қалжаны келініне арнайы дайындап етін жегізіп, сорпасын ішкізіп, бала қырқынан шыққанша келінді жеке қалжалаған. Бір атап өтерлігі, жаңа босанған келінге ешкі етін бермеген. Өйткені, ешкі еті желді болады деседі. Жас ананың бойындағы суықты қоздырып, көне-жаңа аурулардың пайда болуына себепші болған.

Осы тұста имамдардың сөзіне сүйенсек, қалжа жегізу – денсаулыққа пайдалы әрі сауапты іс. Ертеректе «Кедейдің кедейі де әйеліне қалжа жегізген» көрінеді, мұнан қалжа жеудің маңыздылығы байқалады. Бұған дәлел «Қалжасы жарасқан әйелден қанжардай ұл өседі» деген мақал тегін айтылмаса керек. Жаңа босанған келінге қалжаны қырық күн бойы жегізіп, жігерлендіріп отырған. Сонымен қатар қалжаланған әйелді «ындыны жарыған» деп те атаған. Одай әйелдер өмірде тапшылық көрмей, басқалармен санас­пай өмір сүреді дегенді білдірген.

Ал қазіргі таңда бұл салт түрі бір күндік шілдеханамен бірге аталып өтеді. Жаңа босанған анаға қырық күн қалжасын жегізіп, сорпасын ішкізетін енелер қатары да сиреген. Сол себепті қалжа жеудің маңыздылығын үлкен кісілер айтып отырса келешек ұрпақтың дені сау, несібесі мол болып өсер еді.

Айдана ҚАЛИЕВА

09 қаңтар 2021 ж. 857 0