Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Жақып АСАНОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы: «Басты мақсат – сот жүйесіне деген сенімді арттыру»

Жақып АСАНОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы: «Басты мақсат – сот жүйесіне деген сенімді арттыру»

Жаңа жыл – әрбіріміз үшін жақсылықтан үміттену, көтеріңкі көңіл-күймен келер жылды қарсы алу. Ал мемлекеттік органдар үшін – бұл атқарылған жұмысты қорытындылау және нақты істерді жоспарлау. Осы және өзге де сұрақтар бойынша Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановпен өрбіген әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

– Жақып Қажыманұлы, 2020 жылдың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Биылғы жыл несімен есте қалды әрі осы кезеңде сот жүйесінде қандай өзгерістер орын алды?

– Ең алдымен осы мүмкіндікті пайдаланып, оқырмандарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтағым келеді. Иə, өтіп бара жатқан жыл ешкімге де оңай тимеді. Əлемді дүрліктірген пандемияның ауыртпалығы арқамызға аяздай батты. Өкінішке орай, қатерлі індет кесірінен қаншама отандасымыздан, соның ішінде аяулы əріптестерімізден көз жазып қалдық. Соған қарамастан еңсемізді түсірмедік. Төтенше жағдай, ең алдымен, азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтау міндетіне байыппен қарауға шақырды. Осыған байланысты сот отырыстарын толығымен онлайн форматқа көшірдік. Абырой болғанда, біздің соттар мұндай режимге техникалық тұрғыдан дайын болып шықты. Соған орай біз тек электронды сақтағыштың көлемі мен серверлік қуатын арттыруға, кейбір IT-қызмет түрлерін жетілдіруге ғана күш салдық. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде карантин талаптарына тез бейімделдік. Мәселен, бұрын бейнебайланыстың көмегімен күніне 150 процесс өткізсек, қазір оның саны 4,5 мыңға жетті. Кейбір істер тараптардың қатысуымен мəжіліс залында қаралады, бірақ олардың саны өте аз. Негізінде, биыл біздің жоспарымыз мүлде бөлек еді. Пандемия бағдарымызға біршама өзгеріс енгізді. Үш жыл бұрын біз сот жүйесін жетілдіру мақсатында «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасын іске қостық. Осы бағытта биыл да іргелі істер атқарылды деп ойлаймын. Айталық, азаматтық процестегі судьяның белсенділігі артты, қылмыстық процесте алқабилер соты қарайтын істер санаты кеңейтілді. Сот актілерінің сапасын жақсарту үшін сот процесін оңтайландыру, бюрократияны азайту, электронды сот ісін жүргізу және т.б. бағыттар бойынша жұмыс жасадық. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар туралы толығырақ ақпаратты оқырмандар Жоғарғы Соттың сайтынан, әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздан оқып біле алады. Биыл Əділет министрлігімен бірлесе әзірлеген Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекс қабылданды. Бұл – қоғамға бетбұрыс жасайтын, заманауи үлгідегі заң. Бұдан бөлек, үш жылдың ішінде 30 заң жобасы дайындалып, ұсынылды. Қазіргі таңда олардың 17-сі қабылданды. Осы құжаттардың арқасында сот тəуелсіздігі күшейтіліп, соттың өзін-өзі басқару органдары қайта құрылды, сот жүйесіне қатысты маңызды мəселелерді шешуге барлық судьяның қатысуына мүмкіндік берілді. Екі жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, судьяларды іріктеудің қазіргі процесі мүлдем басқаша. Судьялардың жұмысын бағалау қайта қарастырылды. Облыстық соттардың алқа төрағаларын іріктеудің конкурстық тəртібі енгізілді. Сот төрағаларының осы лауазымда екі реттен артық отыруына шектеу қойылды. Атқарылған істер аз емес. «Түнгі сот», «Отбасылық сот», бітімгер-судья, татуластыру орталықтары, соттардағы фронт-кеңселер сияқты бірқатар пилоттық жобалар жүзеге асырылды.

– Сіздің ойыңызша, сот жүйесі қоғам сенімін ақтап отыр ма?

– Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Жалпы, мемлекетке деген сенім де осыған байланысты. Сондықтан бізге жүктелген жауапкершіліктің жүгі зор. Сенім – қолжетімді сот төрелігі, судьяның беделі, ұғынықты, негізделген шешімі арқылы қалыптасады. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, дамыған елдермен салыстырғанда біздің соттарымыз неғұрлым қолжетімді. Баж салығының көлемі аса көп емес, істер тез қаралады. Бұрын істің түпкілікті нүктесін қоюға 2,5 жылға жуық уақыт кететін. Қазір бұл мерзім бір жылдан аспайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның бəсекелестікке қабілеттіліктің ғаламдық индексінің екі жылдағы рейтингісінде (2017-2019 жж.) «Сот тəуелсіздігі» критерийі бойынша Қазақстан өз көрсеткішін 8 позицияға (79-дан 71-орынға) жақсартты. Биыл отандық сот жүйесі Сот төрелігінің тиімділігі бойынша Еуропалық комиссияның есебіне (CEPEJ) қатысты. Көптеген көрсеткіштер бойынша, Қазақстанның сот жүйесі рейтинг қатысушыларының ортасынан ойып тұрып орын алды. Біздің соттарда азаматтық жəне экономикалық даулар бойынша істерді қараудың орташа мерзімі 32 күнді құраса, бұл көрсеткіш Ресейде – 50, Украинада – 128, Германияда – 219, Францияда – 420, Италияда – 527 күнге тең. Орта Азия бойынша мұндай істерді қарау мерзімі 201 күн. Ал Қазақстанда істер алты есе жылдамырақ қаралады. Соттарда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану жөнінен Қазақстанның көрсеткіші – 9.23 ұпай. Бұдан жоғары көрсеткіштерге 45 қатысушының ішінде тек үш ел ғана – Латвия (9,79), Эстония мен Португалия (9,25 балдан) ие болды. Осылайша, беделді еуропалық жобаға қатысудағы алғашқы тəжірибе Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің жеткілікті дамығанын көрсетті. Соңғы жылдары судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптар күшейді. Судьялардың кəсіби қызметін бағалайтын жаңа əдістеме қабылданды. Жоғарғы Сот жанынан құрылған Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Судьяларды іріктеу, соттардың кадрлық резервін қалыптастыру жəне оларды тəртіптік жауапкершілікке тарту толығымен Жоғары Сот Кеңесінің құзырына берілді. Мұндай қадамға судьялардың тəуелсіздігін нығайту үшін бардық. 2018 жылға дейін əрбір төртінші кандидат судья болып тағайындалса, бүгінде судья болу үшін конкурста бір орынға 20-ға жуық үміткер бақ сынайды. Сонымен қатар біліктілігі төмен заңгерлердің судья болуына жол жабылды. Бізде судьялық лауазымның 11%-ы бос тұрғанына қарамастан, «Аз да болса саз болсын» деген тұжырымды ұстанамыз. Өйткені сот корпусына кездейсоқ кадрлардың қажеті жоқ.

Соңғы екі жылда Сот төрелігінің сапасы комиссиясы жаңа əдістеме бойынша бағалаудан өткен əр оныншы судьяны жұмыстан босатуға немесе басқа қызметке ауыстыруға ұсыныс жасады. Талаптардың қатаңдағанына қарамастан, судья болғысы келетіндер саны айтарлықтай өсті, судьялар корпусынан кəсіби біліктілігі мен жауапкершілігі жоғары судьялардың кетуі тоқтатылды. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бізге жүктеген міндеттерін ескеріп, судьялыққа үміткерлерді іріктеудің ашықтығы мен жариялылығына қол жеткізу жолында Жоғары Сот Кеңесімен бірге жұмыс істеудеміз. Сот актілерінің сапасына да айрықша көңіл бөлінуде. Жаңа формат енгіздік. Алғаш рет сот актілерінің үлгілерін жинақ етіп шығардық. Егер сот актісі ұғынықты тілмен жазылса, тараптардың көзқарасына толыққанды сараптама жасалса, ондағы уәждер анық та айқын негізделсе, жеңілген тарап мұны түсіністікпен қабылдайды. Нормативтік қаулылармен бекітілген бұл талап бүгінгі таңда барлық судьяларға қойылып отыр. Бұдан бөлек, үкімді жариялаған соң судьялар тараптарға неге мұндай шешімге келгенін ауызша түсіндіріп беруі тиіс. Əзірге бұл талапты судьялардың кейбірі орындағысы келмейді немесе орындай алмай жүр. Уақыт өте келе, бəрі де дұрысталады деген сенімдемін. Осыған орай судьяларға жол көрсету, оқыту үшін Жоғарғы Соттың судьялары өңірлерге барып, қажетті әдістемелік көмекті сол жерде көрсетуде. Нəтижесінде сот шешімдері мен үкімдеріне қатысты жолданатын шағымдар 30%-ға азайды.
– Жекелеген азаматтар тарапынан соттар жұмысының сынға ұшырайтын кездері болады. Жоғарғы сот қоғамдағы теріс пікірлерді азайту үшін қандай шараларды қолға алуда?

– Ең алдымен, сот төрелігі дегеннің не екенін түсініп алайық. Бұл дегеніміз – республика бойынша күн сайын шығарылатын 6 мың шешім мен үкім. Бір судья орта есеппен төрт, ал елорда мен Алматыда – 10-ның үстінде сот актісін қабылдайды. Қайталап айтайын, бұл күн сайынғы көрсеткіш. Биылғы жылы соттардағы жалпы жүктеме шамамен 1,4 миллион іс пен материалды құрайды деп болжануда. Бұған қоса, бірыңғай сот практикасы қалыптаспай отыр. Бұған заңға жиі енгізілетін түзетулер, құқықтық нормалар мəнінің əртүрлі болуы, судьялар деңгейлерінің бірдей болмауы сияқты факторлардың əсер ететінін естен шығармауымыз керек. Кез келген мемлекеттік органда шешімді бүкіл аппарат дайындайды. Құжат бірнеше деңгейде келісіледі. Соңғы нүктесін басшы қояды. Ал бізде олай емес. Судья алғашқы күннен-ақ істі өзі қарайды, шешімді өзі жазып, өзі шығарады. Оған кеңес беріп, ықпал етуге ешкімнің де құқы жоқ. Нəтижесінде, азаматтардың бірі сотталушыға қатаң жаза, енді бірі жеңіл жаза берді деп ойлайды. Біреу азаматтық даудан ұтылып жатса, келесі бірі əкімшілік жазаға наразы. Осы орайда сот шешіміне қанағаттанбаған адамдар соттарды БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы сынға алып жататыны түсінікті де. Шынтуайтына келгенде, бұл азаматтардың өз мəселесіне көңіл аудартуының бір тəсілі. Дей тұрғанмен, соттарға қатысты сын негізді, конструктивті сипатта айтылса дейміз. Мүмкін, сырт көзге байқалмайтын шығар, бірақ біз əрбір сынды ескерусіз қалдырмаймыз. Бірыңғай сот практикасын қамтамасыз ету жəне судьялардың кəсіби деңгейін арттыру бойынша да жұмыс жүргізіп жатырмыз. Отандық заңнаманы жетілдіру ісінен шет қалған кезіміз жоқ. Соттар мен қоғам арасындағы диалогты жақсарту үшін ағымдағы жылды біз Коммуникация жылы деп жарияладық. Сәйкесінше, Жоғарғы Сотта Коммуникация орталығын аштық. Ол бүгінде соттардың баспасөз қызметінің жұмысын үйлестіріп, ақпарат кеңістігіне мониторинг жүргізуде. Осындай жұмыстардың арқасында сот төрелігіне қатысты өзекті мəселелер қоғамға кеңінен түсіндірілуде. Көпшілік судьялар мен сот қызметкерлерінің əлеуметтік желілердегі белсенділігін байқай бастады. Олар түскен сауалдарға дереу жауап беріп, заңнама нормаларын түсіндіріп отырады. Қыркүйектен бастап қоғамда қызу пікір туғызған істер бойынша брифинг өткізіп келеміз. Содан бері теріс пікірлер едəуір азая бастады.
– Ақпарат заманында жаңалықты жасыру, қымтап ұстау мүмкін емес. мұның сот жұмысына да әсері аз болып жатқан жоқ. мәселен әлі сотқа жетпеген, судьяның қарауындағы шулы істерге бақ-та түрлі болжам айтылып, қоғамдық пікір қалыптасып жатады. Мұндай жағдайда судья не істеуі керек? Жүргізіліп жатқан процестер аяқталғанша ел пікірін тежеу мүмкін бе?
– Бұл тақырып судьялардың VIII съезінде көтерілген болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы: «БАҚ-тың жариялылығын, ашықтығын сотқа қысым жасау үшін пайдалануға болмайды. Сот төрелігі тек сот залында жəне тек қана сот процесінің қорытындысы бойынша жүргізілуі тиіс. Əрбір судья өз əрекеттері мен шешімдері үшін жеке-дара жауап береді. Сотқа қысым жасау фактілері үшін заң бойынша жауап беруі қажет» деп, бұл мәселенің ара-жігін ашып берді Президенттің осы сөзінде жоғарыдағыдай жағдайда соттың қандай позиция ұстанатыны жəне сотқа қысым жасау фактілеріне берілетін құқықтық баға айқын көрсетілді деп ойлаймын. Оның заңнамалық кепілдіктері қарастырылған. Алайда сотқа қысым жасау мен тергеудегі немесе сотқа жіберілген іс бойынша өзінің ұстанымын білдірудің, сондай-ақ жұртшылықты құқық қорғау органдарының жұмысы туралы хабардар етудің аралық шегі өте нəзік. Сондықтан біз бұл мəселелерге мұқият қарауымыз қажет.

– Соттар мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың талап-тілегінен қаншалықты тəуелсіз?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын статистикалық деректерді сөйлетіп көрейік. Ағымдағы жылдың 11 айында еліміздің соттарында тараптардың бірі мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға болып табылатын 13 мыңнан астам азаматтық іс қаралды. Нəтижесінде азаматтар талап арыздарының 33%-ы қанағаттандырылып, істердің тағы 10%-ы талап арыздан бас тартуы немесе сотта бітімге келуге байланысты қысқартылды. Дегенмен қарапайым азаматқа заң қызметі бар мемлекеттік аппаратқа қарсы тұру оңай емес. Мұны біз жақсы түсінеміз. Бұл жерде сот процесі барысында тараптардың белгілі бір деңгейдегі теңсіздігі айқын аңғарылып тұрады. Бұл мəселе алдағы жылдың екінші жартысында күшіне енетін Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекс (ƏРПК) арқылы шешілмек. ƏРПК азаматтардың немесе заңды тұлғалардың бастамасымен өздеріне қатысты шешім қабылдау құқығы берілген тұлғаларға қарсы қозғалған дауларды қарау рəсімдерін реттейді. Мемлекеттік органның шешімімен келіспейтіндер енді сотқа шағымданса жетіп жатыр. Кодекс əкімшілік органға өзінің дұрыстығын дəлелдеудің ауыртпалығын артып отыр. Судьяның белсенділігіне басымдық беріліп, құзыреті кеңейтілген. Соған орай енді судья сот процесі барысында ұсынылған дəйектер жеткіліксіз деп есептеген жағдайда өз бетімен дəлелдер жинауға, құжаттар сұратуға құқылы. Өзі қабылдаған шешімнің орындалуын да өз бақылауында ұстайтын болады. Бұл азаматтар мен ұйымдардың құқығын қорғауды жеңілдетеді.

– Судьяларды бейтараптық қағидатынан айныды, істі ақшамен шешті жəне өз өкілеттілігін асыра пайдаланды деп кінəлап жатады. Мұндай судьяларға қандай шаралар қолданылады?

– Қолданылатын шаралар орын алған заң бұзушылыққа сай болады. Егер, әрекет сыбайлас жемқорлықпен байланысты болса, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді жұмыс жүргізіледі. Біз сот жүйесінің ашықтығы, судьяларды іріктеудің айқындығы, оларды өзіне тəн емес қызметтерден босату бағытында жұмыс істеп келеміз. Бүгінде азаматтық процесс барысында бітімге келуге барынша жағдай туғызылып отыр. Егер адамдар өздері келісіп, бір-бірімен қол алысып, татуласса, ешкімге ештеңе берудің қажеті болмай қалады, яғни сыбайлас жемқорлыққа еш негіз жоқ. Шілде айында Азаматтық процестік кодекске енгізілген түзетулер тараптардың татуласу мүмкіндігін арттыру үшін талап арыз қабылдау мерзімін ұзартуға мүмкіндік берді. Соның арқасында даулардың 40%-ы бітіммен аяқталуда. Бұл сонымен қатар қоғамдағы шиеленісті төмендетеді, тиісінше, елімізде келісім орнайды. Жаңа түзетулердің əлеуеті мұнымен түгесілмек емес. Бірақ, өкінішке орай, ескерту шаралары əрдайым нәтижесін бермейді. Сол себепті біз ҰҚК мамандарынан құралған Қауіпсіздік қызметін күшейттік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен бірлескен жұмыс жүргізіледі. Құқық бұзушыны ұстау операциясының бірде-бірінің орындалмай қалған кезі болған жоқ. Соңғы үш жылда 27 судья қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Бұл бұған дейінгі 7 жылдық көрсеткіштен көп. Олардың 13-і сотталды, қалғандары қызметінен босатылды немесе істері соттың қарауында.
– Сот төрағаларының қарауындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін жауапкершілікке тартылуы қаншалықты дұрыс?

– Сот төрағаларының судьяларды іріктеуге жəне тағайындауға тікелей қатысы жоқ. Бұл – сот жүйесінің биліктің басқа тармақтарынан басты ерекшеліктерінің бірі. Бұл мəселелерді қарау дербес мемлекеттік орган – Жоғары Сот Кеңесінің құзырына кіреді. Барлық судьялардың мəртебесі бірдей, олар тек өзара өкілеттіліктері бойынша ғана ерекшеленеді. Судьялар бір-біріне «бағынышты» бола алмайды. Сот төрелігін жүзеге асыруда əрбір судья дербес жəне тек қана Конституция мен заңға бағынады. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде судьяға кедергі жасауға немесе қандай да бір ықпал етуге ешкімнің, тіпті сот төрағасының да құқығы жоқ. Мұндай əрекеттер заң бойынша қудаланады. Сонымен бірге сот төрағасының міндетіне сотта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын қамтамасыз ету кіреді. Яғни сотта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізілмесе, ол орын алған олқылық үшін жауапты болады.

– Аудандық сот төрағаларының екі реттен артық тағайындалуы дұрыс емес деп есептейсіз бе?

– Сот төрағалары өз лауазымдарына немесе теңестірілген соттардағы ұқсас лауазымдарға екі реттен артық тағайындала алмайды деген норманы өткен жылы өзіміз көтергенбіз. Бұл бастаманың тамыры тереңде. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін көптеген төрағалар, əсіресе, облыстық соттың төрағалары өңірден өңірге ауысып, мансабының аяғына дейін осы лауазымды кедергісіз атқара беретін еді. Төраға болған соң олар өзінің негізгі міндеті – сот төрелігін жүзеге асыру ісінен шет қалатын. Олардың өзге судьялардың ісіне, соның ішінде сот төрелігін жүзеге асыруға араласуы үрдіске айналған еді. Төрағалық мұрагерлікпен қалатын лауазым емес. Үнемі бір орында отырған адамда қызығушылық азаяды, іс ақсайды. Қазақ мұндайда «Тосылған судың тұнығы болмайды» деп дәл айтқан. Сондықтан біз өз бастамамызға халықаралық тəжірибені негіз етіп алдық. Қорыта келгенде, бұл сот төрағаларының қатардағы судьяларға ықпалын жою жəне судьялардың ішкі тəуелсіздігінің кепілін күшейту мақсатында жасалды, сондай-ақ судьяларды мансаптық өсуге ынталандыруға ықпал етті. Сот жүйесін реформалау аясында Жоғарғы Сот төрағаларды іріктеу механизмін таңдау элементі арқылы жетілдіру туралы ұсыныс енгізгенін қоса кеткім келеді. Бұл ұсыныстар Жоғары Сот Кеңесінде жəне Президент Əкімшілігінде талқылануда.

– Жақып Қажыманұлы, сіз әртүрлі мемлекеттік құрылымда еңбек ете жүріп бай тəжірибе жинадыңыз. Оның сот мүддесін қорғауда көмегі қаншалықты? Әлде басқа органдарда жинақтаған білім-білігіңіз мәселеге биліктің басқа тармақтары тұрғысынан қарауға итермелей ме?

– Менің еңбек жолым, негізінен, құқық қорғау саласымен, мемлекеттік қызметпен байланысты. Мемлекеттік емес сектормен байланысты да жұмыс тəжірибем бар. Әрине, мұның бəрінің жұмыс барысында көмегі тиеді. Өйткені азаматтарды, кəсіпкерлерді қандай сұрақтар толғандыратынын жақсы білесің. Жоғарғы Сот көбінесе өзекті мəселелерді мемлекеттік органдармен жəне қоғам өкілдерімен бірлесе шешу жолдарын іздеу үшін диалог алаңдарын құруда. Бұл – бүгінгі заманның талабы. Қазіргідей тез дамып жатқан дәуірде кешегі күннің өткір мəселесі бүгін өзектілігін жойып алатыны анық. Басқа мемлекеттік органдардың мүдделеріне келсек, мен ведомстволық мүдделердің азаматтарымыздың құқықтары мен заңды мүддесі бастау алған жерде аяқталатынына сенімдімін.

– Келер жылдан не күтеміз? Жоғарғы соттың алдағы жылғы жоспарымен бөліссеңіз.

– Келер жыл біздер үшін Болжалды сот төрелігі және Әкімшілік әділет жүйесін құру жылы болмақ. Соған орай біз тиісті соттарды құру жəне судьяларды даярлау бойынша іс-шараларды бастап кеттік. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, сот қызметін талдау, бірыңғай сот практикасын және істің шешімін болжауды қамтамасыз ету бойынша жаңа IT өнімдерді әзірлеп жатырмыз. Жоғарыда айтқанымдай, судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, оларға талапты күшейтуді жоспарлап отырмыз. Сот ісін жүргізуді жеңілдету, сот шешімдерінің сапасын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз. Дауларды баламалы əдіспен шешу тетіктерін күшейту – өзекті басымдықтың бірі. Бізде қылмыстық процестерде айыптау сипаты бəсеңдеп, ақтау үкімдерінің саны айтарлықтай өсіп келеді. Ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімдерінің саны 12 есеге өскен. Егер бұрын жылына 15 адам ақталып шықса, қазір олардың саны 180-ге жетті. Құқық қорғау органдарына жасалған шағымдар екі есеге дейін қанағаттандырылады. Бұл, өз кезегінде, тергеу сапасының жақсаруына да əсер етуде. Қылмыстық процестерде айыптау мен қорғаудың шынайы жарыспалылығын қамтамасыз ету де басымдықтардың бірі болып қала бермек. Қылмыстық процесті тергеу, прокуратура жəне сот органдарының арасында жауапкершілікті нақты қызметтік міндетіне қарай бөлудің үш буынды жүйесіне көшіру мəселесі қарастырылып жатқаны белгілі. Заңнаманы жетілдіру, нормативтік актілерге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарымыз да жоқ емес. Бұл үшін, әрине, уақыт қажет. Мемлекеттік органдардың келісімін алған соң бұл ұсыныстар Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның қаңтардағы отырысында жарияланатын болады. Келесі жылға жоспарлаған барлық ойларымыз міндетті түрде жүзеге асырылады деген сенімдеміз. Сайып келгенде, реформа соттар үшін емес, ең әуелі азаматтар үшін жүргізіліп жатқанын ескерген жөн.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Николай ЖОРОВ,
Айгүл АХМЕТОВА,

04 қаңтар 2021 ж. 385 0