Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асылдардың сынығы

Асылдардың сынығы


Бұл әңгімені мен пойызда, Мәскеуден келе жатып бір жолаушы келіншектен естіген едім. Менің Әдебиет институтында оқитынымды білген ол осы оқиғаны жазуымды сұрап, айтып берген. Бірақ қанша өтінсем де өзінің де, тұратын жерінің де, бұл жағдай қайда болғанын да, кейіпкерлердің аттарын да қорыққанынан айтпай қойды. Мен кейіпкерлерден көркем шығармаға тән бейнелер мен типтер жасадым.

Бұл оқиға 1970-1975 жылдары Қазақстан­ның бір облысының Х атты ауданында болған екен. Маңғыстау өңірінен басқа облыстың бір ауданына мекеме басшысы болып Есіркеп деген кісі отбасымен көшіп келген. Оның бірінші әйелі қайтыс болыпты. Шешесінен он жасында айырылған Қайсар атты ұлының жасы жиырма төртте. Ол жақында өзінің жауынгерлік борышын өтеп, әскерден оралған. Есіркептің екінші жұбайы қырық жастағы Қансұлудан Сағира атты он екі жасар қызы бар.

1963 жылдың жазы қапырық болып, күніге құм суырып, аңызақ соғып, жұрттың ығырын шығарған. Сондай бір аспан айналып жерге түсердей ыстықта Есіркеп кенеттен жүректен кетті. Ол орта бойлы, толық денелі, қарынымен жер тірейтіндей, жасы алпысқа келген кісі еді. Салқын күннің өзінде ырсылдап ентігіп, қысқа аяқтарын зорға басып, оның машинаға әрең мініп-түсіп жататынын көріп жүрген көршілері үшін бұл қаза төбеден жәй түскендей болған жоқ. Олар бұл кісінің денсаулығының нашар екенін білетін. Сөйтіп аудан орталығындағы бес бөлмелі кең жер үйде отағасысын жерлеген соң Қансұлу өгей ұлы Қайсармен және қызы Сағирамен бірге тұрып жатты.

Қайсар – аудандағы он бір жылдық орыс мектепті бітіргеннен соң, Алматыдағы дене тәрбиесі институтына түсіп, оны екінші курстан тастап, әскерге кеткен болатын. Қазір мектепте күрестен жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүр. Осында Светлана атты орыс қызы жаратылыстану пәнінен жоғарғы кластарға дәріс береді, сол мұғалім қызбен Қайсар екеуі ылғи бірге жүреді. Талдырмаш денесіне киген киімі жараса қалатын, шашы күннің шапа­ғындай сарғыш, жанары ашық көк аспандай әрдайым жарқылдап тұратын осы қызға ауданда қызығатын, оны көрсе көзін ала алмай қадалып қалатын жігіттер көп. Бірақ бұл екеуінің бірін-бірі сүйетінін білгендіктен әрі Қайсардан қаймыққандықтан ешқайсысы да оған беттей алмай жүрген жайлары бар.

Қайсар – орта бойлы, шымыр денелі, дөңгелек жүзді қара жігіт. Оның тұнық үлкен қара көздерінде жігерлілік пен қайсарлық оты ұшқындап тұратын. Оны батырлардың тұқымынан екен деседі жұрт. Құрбылары Қайсарды мәрттігі, өрлігі, екі сөйлемейтіндігі үшін жақсы көретін, әлсізге тірек, жамандық пен қатыгездікке, сатқындық пен опасыздыққа жаны қас екенін біліп, сыйлап, көбісі оның алдынан кесіп өтпейтін. Ол аудандағы небір бұзақы жігіттерді уысынан шығармай, өзіне бағындыра білетін, бірақ қандай істе де өзінің әділдікке беріктігінен танған емес. Жылпос­тарды, жылмақайларды, біреулерді сыртынан жамандайтындарды жек көретін, сапырма, көбік сөздерді суқаны сүймейтін, ал жұрттың әзіл-сынын, әдепті, өнегелі жақсы әңгімелерін тыңдап рахаттанып, кейде «мырс-мырс» етіп миығынан күліп қойып отыратын Қайсарды білетіндер оны нағыз ержүрек жігіт деп бағалайтын. Осы қасиеттерімен қатар оның бойында аңғалдығы да аз емес болатын. Жылы сөзге майдай еріп қоя беретін ол, мәймөңкелегендердің алдау-арбауына тез түсіп қалып, артынан опық жеп жүретін еді. Жастайынан анасынан айырылған Қайсарға өгей шешесі мейірімді болып кездеспеді.
Қансұлу күйеуінен он бес жас­тай кіші, қырық бестегі орта бойлы, қағылездеу, ақсары, қиық көзді, кірпігі де, қасы да сыйдиып қалған әйел. Күлгенде тәмпиген пүштәнәй мұрыны жиырылып, жұқа ерінінің астынан жоғарғы үш алтын тістері жарқ ете қалатыны болмаса, бет-әлпетінде көз тоқтатып қарайтындай ештеңе жоқ. Қызы Сағира әкесіне тартқан қараторы, сүйегі ірілеу болғандықтан, өзінің жасынан ересектеу болып көрінеді. Оның үлкен көзінің қарашығы нүктедей, сондықтан ба, көзқарасы адамға ұнамсыз: кекетіп, сынап-мінеп тұрғандай әсер қалдырады.

Әкесінің дүниеден өткеніне жарты жылдан астам уақыт өткеннен кейін, Қайсардың үйде, тіпті, жағдайы болмай кетті. Оның өрлігі, өжеттігі, бірбеткейлігі Қансұлудың көңіліне қорқыныш, үрей сезімдерін ұялатты. Ол енді өгей ұлмен бір үйде тұра алмайтынын біліп, одан құтылу амалдарын ойластыра бастады. Оның үстіне Есіркептің жаулары да әкесінен ала алмаған өшін баласынан алу үшін Қансұлуды Қайсарға айдап салуға кірісті. Енді Қайсар үйге келгенде Қансұлу тасбақаша жиырылып, оған тамақты столдың үстіне қоя салып, өзі қызын ертіп басқа бөлмеге немесе сыртқа шығып кететін болды. Алғашқы кездері Қайсар шешесімен қарындасының пиғылдарының өзгер­генін онша аңғармаған, апыл-ғұпыл тамағын іше сала, Светасымен, жолдастарымен кездесуге асығып шығып кетіп, түнделетіп келетін. Бір күні Қансұлуға күйеуінің қарамағында істе­ген ұзын бойлы, ат жақты, қою қара шашын үнемі артқа қайырып тарап, ылғи сызданып жүретін, жасы елулерге келіп қалған Кемірбай деген келіп, сыр тартып, жаны ашығансып: «Қанеке, Есағаң барда ештеңені байқамай жүргенсіз ғой. Мына Қайсардың сізге ниеті дұрыс емес екендігін, ағамыздың өз ауызынан естігенмін. «Неге екені белгісіз, Қансұлумен осы баланың жаны қас, осы жәйіт мені шаршатты», деп ол кісі қамығып отыратын. Байқаңыз, енді ол сіздерге қарсы шаппасына кім кепіл. Өзінің түрі түтігіп, қаны қарайып жүрген тәрізді ғой. Бастарыңызға зияны тимей тұрғанда, алдын алып, бір амал-әрекет жасамаймыз ба? Мұндай ішінен тынғандардан нешетүрлі бәле шығады. Бұл Есағаңның тірі кезінде-ақ бұзылған бала ғой, тек әкесінің беделінің арқасында сотталмай қалған, әйтпесе, ауылдағы небір төбелесті бастайтын осы емес пе еді? Мұны ауыздықтамасақ түбі жақсылыққа апармайды, кішкентай қарындасымыз екеуіңізге қатер төнгенін сезіп тұрып, айтпасқа болмады» – деп ыңырси бықсытып кеткен. Осы әңгімеден кейін Қансұлудың үрейі үдей түсті. Енді Қайсар үйге кіргеннен Қансұлу дір-дір етіп, өзін қоярға жер таппайтын болды. Көзін жұмса, құдды Қайсар мұны өлтіріп тастайтындай көрінеді де тұрады. Ол шынымен келіп қылғындырып буындыратындай өзінен-өзі қалшылдап, қара терге түсіп, түнімен ұйықтамай таң атыратын жағдайға жетті. Шешесінің үрейі Сағираға да берілді. Екеуінің жүйкелері әбден жұқара бастаған соң, бұлар Кемірбаймен кездесіп, Қайсардан құтылудың амалын қарастыруға кірісті. Әуелі Қансұлу үйді сатып, ақшасына екі баспана алып, біреуіне Қайсарды кіргізгісі келген. Бірақ Кемірбай оның бұл ойын құптамады.

«Қайсар тірі жүргенде, сіздерге бәрібір тыныштық жоқ, сондықтан оған ауылдағы ең бұзақы деген бірнеше жігіттерді айдап салып, жабылтып басынан ұрғызып, сосын жындыханаға тапсырып жіберу керек», – деген. Қансұлу, әдепкіде, күйеуінің әруағынан қорқып, мұндай айуандыққа өзінің бара алмайтынын айтып, біразға дейін Кемірбаймен сөйлеспей қойған, бірақ өз үйінде өзі тұра алмайтын халге жетіп, әбден діңкесі құрыды. Қайсарды көрсе, жаналғыш келгендей, қол-аяғынан жан кетіп, көгеріп-сазарып бір орынынан қозғала алмай қалатын. Анасы мен қызы тамақтарын ішіп болысымен не сыртқа шығып кетеді, не басқа бөлмеге кіріп, есігін ішінен кілттеп алып отыратынды шығарды. Қайсар да ішінен түйіліп, шешесі мен қарындасының өзін жек көретінін байқап жүр, бірақ ештеңені елемегендей болып көрінгісі келеді. Үйдің іші қараңғы түнек сияқты. Адам тұншығардай жағдай. Қайсар сыртта жүруге тырысады.

Бір күні Қансұлу Кемірбаймен тағы кездесті, сөйтіп екеуі ақылдасып, арам ойларын іске асыруға келісті.

Наурыз айының соңы болатын, күні бойы себелеп жаңбыр жауып, аспанды қара бұлт бүркеп алған, жер лайсаң. Түнгі кинодан шы­ғып Светаны үйіне апарып салған Қайсар ойын­да ештеңе жоқ, жүрегі ғашықтықтан лүпілдеп, тәтті сезім құшағында келе жатқан еді. Аудан орталығындағы жалғыз асфальт жолдан қуыс көшеге түсе берген оған тасадан бірнеше жігіт атылып шықты да, жабыла кетті. Қайсар әдепкіде кездейсоқ соққылардан есеңгіреп қалғанымен, артынша тез бойын жинап, өз-өзіне келді де, аналарға арыстанша атылғанда, алтауын алты жаққа лақтырып, екеуінің қолындағы пышақтарын да ұшырып түсірді. Құлағандар қайтып түрегеле бергенде, олардың әрқайсысын теуіп, тұруға мұршаларын бермей, Қайсар үйлердің арасымен шығып, құтылып кеткен. «Қол-аяғы бірдей, шалт қимылдағанда, көз ілеспейді екен», – деп кейін сол жігіттердің өздері оның әдістеріне таң қалып, айтып жүріпті. Қайсар аузы-мұрны қан болып үйге келгенде, Қансұлу енді өз мақсатына жетуге жақын екеніне қуанды. Ертеңіне Кемірбай төбелеске қатысқан жігіттермен кездесіп, бәрі бірдей жалғыз Қай­сардан жеңілгендері үшін ұрысып, басы қанаған біреуіне милицияға барып «Қайсар маған өзінен-өзі тиісіп, соққыға жықты» – деп шағымданып, дәрігерден жа­рақат­танға­ны жай­лы анықтама алу керектігін айтып: «Милиция­да есепте тұрғаныңды білесің, айт­қа­нымды істемесең, сені соттатамын», – деп қорқытып, Кемірбай Қайсардың үсті­нен арыз түсіртеді де, екі күннің ішінде оны тергеу изо­ляторына қама­тып тастатады. Кемірбай Қан­сұлу екеуі Қайсарға жаны ашығансып, сот­тат­паудың бірден-бір амалы – оны уақытша пси­хиатриялық ауруханаға жатқызып, ол жерден «жүйке ауруына шалдыққан» деген медициналық жалған құжат алу керек екенін, оны Кемірбайдың сол жердегі таныс дәрі­герлері ақшаға жасап беретініне Қайсарды әбден сендіреді. Бұл жақта жанашыр туған- туысы жоқ, әкесімен қызметтес болған соң Кемірбай шынымен мұны аяп, құтқарғысы келіп жүр екен деп ойлаған Қайсар: «Әйтеуір сотталмасам болды, бірнеше күн сол жерге жатып шықсам ештеңе етпес, бәрібір өзім­нің кінәсіз екенімді дәлелдеп шыға алмас­пын», – деп осы әрекетке келіседі. Сөйтіп Ке­мір­бай мен Қансұлу Қайсарды облыстық жын­дыханаға ты­ғып армандарына жетеді, оны ен­ді бұл жерден шығармаудың жолын табады.

Осындай залымдықпен Қайсардан құты­лып, Қансұлу Кемірбайдың нақ­сүйері болады. Сағира қарындасы Қайсардың артынан іздеп те бармаған. Қайсар бұл ауруханадан енді қайтып шыға алмайтынын үш-төрт айдан кейін түсіне бастады. Бірақ үміт үзілмейді ғой, ол алғашқыда өзінің барлық жігерін дәрі­герлердің күнделікті күш­теп егіп, ішкізетін неше түрлі удай дәрілерін бойына дарытпай құсып тастауға жұмсайтын. Денсаулығының мық­тылығынан ол біразға дейін беріл­мей жүрген, кейін тұла бойы дел-сал болып, ықылас-жігерсіз, мең-зең күйге ене бастады. Жан-жағына қараса, бұл жерде сана-есі сау жандар баршылық екен, көбісі біреулердің әдейі жасалған қастандығының құрбаны, дұшпандары құтылғысы келгендерді осында әкеліп тыққан. Бір жас келіншекті басшылық қызметтегі күйеуінің адам өлтіргенін біліп қойып, оны бетіне айтқаннан кейін, ал анау жап-жас жігітті жұмыс істейтін мекемесіндегі бас бухгалтердің қанша ақша жегенін сезіп қойғандығынан, енді біреулер қызын ұратын күйеу баласын – осы жындыханаға әкеліп жапқан. Әртүрлі тағдыр тәлкегіне ұшырап, мұндай жан тамұғына түскен есі бүтін адамдарды көргеннен соң, Қайсар өзінің қандай залымдықтың қақпанына түскенін түсінді. Осында жатқанына жарты жылдан асып кетті, артынан іздеп келген бір жан болған жоқ. «Менің қайда екенімді ешкім білмегені ғой. Әйтпесе, басқа болмаса да Света мен дос жігіттер әлдеқашан жетіп келіп, құтқарып алар еді, мұның артында үлкен гәп болып тұр. Осының бәрін әдейі ұйымдастырған менің өгей шешем мен Кемірбай екені айдан анық», – деп Қайсар ызадан іштей тынып күңіренген, бірақ амалсыздан жігері құм болып, тордың ішіндегі жаралы арыстандай аласұрғанымен өзін құтқаратын ешкім жоқ екеніне көзі жетті. Бұл жерде де Қайсар өзін сыйлата білді. Санитарлардың күнделікті шабуылынан жәбір көріп, кіріп кетер тесік таба алмай шырылдап, Құдайдың да, адамның да рақымына зар болып, ақыл-есінен айырылған сорлы жандар Қайсарды паналайтын, өйткені, ол өзінің байсалды, мейірімді мінезімен, кіршіксіз пәк көңілімен, адам баласына деген шынайы жанашырлығымен, ең бастысы, ештеңеден қаймықпайтын рухымен осындағы дәрігерлер мен қызметшілердің де, ем алушылардың да жүрегін баурап алған еді. Осылай жеті-сегіз ай өткен. Света мен жора-жолдастарының тынымсыз із­деу салуының арқасында, олар Қайсарды психиатриялық ауруханадан та­уып, шығарып алуға біраз жүгіреді, Алматыға да, Мәскеуге де оның нақақтан жындыханаға апарып салынғанын айтып хат жазады. Мұны естіген Кемірбай тексеруді жүргізбей, істі қайта қаратқызбауға барлық күшін салды. Ол өзі астыртын барып, беретінін тағы беріп, облыстық психиатриялық аурухананың дәрі­­гер­лерінен Қайсардың «есі ауыс­қанын рас­тайтын» медициналық қоры­тындының анық­тама құжаттарын әкеліп, заң орындарына Қансұлу арқылы тапсырғызып, Қайсардың емін әрмен қарай жалғастыру керек деген дәрігерлердің «талабын» алға тартты. Сөйтіп Қайсарды бұл ауруханадан шықпастай қылып бар­лық құжаттарын реттестіріп, оны ешкім­мен жолықтырмаудың жолдарын қарастырып, істерінің бәрін тап-тұйнақтай ғып, ешкімге жымдарын білдірмей, Кемірбай мен Қансұлу өмірлерін сүріп жатты. Ауданға та­ғайын­далған жаңа сот туысқаны болып келген соң, Кемірбай тіпті құтырып кетті, ол енді бүкіл жұртты аяғының ұшымен жүргізуді армандай бастады. Өзіне ісі түскендерге оның әкіреңдеп, зекіп, кейін пара алу сәті түскенде түлкідей жылмаңдап кететінін аудан тұрғындарының бәрі білетін, бірақ бір-біріне айтуға қорқатын. Өйткені, Кемірбайдың қандай жауыздыққа бара алатынына Қайсардың тағдыры жайлы естіп отырған елдің көздері жеткен.

Адам баласының мүсәпір күйінің куәсі – бұл жындыханада Қайсардың жатқанына үш жыл болды. Маңғыстау жақта тұратын әкесінің немере інісі іздеу салып жүріп, оны осы жерден тауып, «барлық әрекетті жасап шығарып аламын», дегенде Қайсар: «Әуре болмаңыз, аға, бәрібір енді ешкімге керегім болмас», – деген екен. Содан ағасы жылай-жылай ауылына қайтып кетіпті. Өзі балықшы болып істейтін ол інісінің мынандай хәлін көрген соң, аяқ-қолы селкілдеп, ауру болып, теңізге шыға алмай қалған екен. Артынан келген достарына да, еңіреп жүрген Светаға да Қайсар сол сөздерді айтыпты. Бұл оқиғадан кейін және бір жыл өткен. Қайсар дәрігерлермен келісіп, арасында қалаға шығып тұратын. Бір күні ол қайтып оралған жоқ. Ертеңіне оның езілген денесі қаладан он шақырым жердегі темір жол бойынан табылған, ол өзін-өзі жүріп келе жатқан поездың астына тастапты.

Ежелгі сақтар жерінде сол асылдардың сынығындай осындай жаны жомарт, нар жігіт өмір сүріпті. Қайсар өзінің азапқа то­лы азғантай өмірінде жұрттың көңілінде адам­дықтың, таза­лықтың, шыншылдықтың, өжет­тік­тің куә­­­сіндей болып қалған.
Ата-бабаларының батырлығы мен батыл­дығын, мәрттігі мен пәк көңілін сақтап қал­ған Қайсар сияқты қасиетті жандардың ас­тыр­тын жасалатын жауыз­дықтың, пасық­тықтың құрбаны болып, залымдыққа, қулық-сұмдыққа қарсы амалы болмай, бетпе-бет келгенде дес бермейтін олар сырттан құрған торға түсіп омақаса құлап жататындығы сол адал жандардың болмысының аңғалдығы мен айласыздығынан және кеңес қоғамының ауызды аштырмай, жаншып жіберетін темір құрсауының тегеурінінің мықтылығынан еді.


Жадыра ДӘРІБАЕВА,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі,
“Сырдария ауданының
Құрметті азаматы”
22 қыркүйек 2020 ж. 354 0