Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұйырған мал (әңгіме)

Бұйырған мал (әңгіме)

Дүйім жұрт қыстық соғымның қамымен жүрген, қарашаның қара суығы сүйек қари бастаған кез. Бұл мезетте балалар арасында көк жөтел, ел ішінде ұры-қарылар қаһарына міне қалатын. Жөтел – түні бойы ұйқы бермей балалардың мазасын қашырса, ұры-қарылар елдің үрейін ала бастайтын. Дала жайылысы азайып, малдың күйісі кете бастаған бұл тұста бірлі-жарым күйлі мал кез-келген көзге шоқтай басылатын. Қараған көздің жауын аларлық семіз соғымның бірін біз де сойысқа даярлап отырғанбыз. Әкем:

- Түсі қара малдың еті нығыз болады, - деп жылқы сойса да, сиыр сойса да ала-құласынынан гөрі, қап-қарасын таңдағанды жөн санайтын. Ол кісі: - Ала малдың іші де сырты сияқты, алаң-қуаң май алады, - деп отыратын. Сол үшін де биылғы таңдау бір топ сиырдың ішінен бес-алты жасар қара өгізге түсті. Әкем:

- Аз қалды, шыдай тұрыңдар! Бір-екі күн ішінде қара өгізден құтылдырамын, - дегеніне де аптадан асты. Әйтеуір, күнде ертеңмен келе жатыр. Қолы бір босамайды. Жылдағы әдетінше биыл да жалғыз-жарым жандардың соғымын сойысып жүр. Осы бір өгіздің кесірінен көп қызықтан құр қалып мен жүрмін. Сабақтан келсем болды үйдегілер:

- Шайыңды іш те, қара өгізді көзде! - деп жұмсайды.

- Үй тапсырмамды орындамаймын ба? - дегенімнен де түк шықпайды. - Сен немене оқып қарық қыламын ғой деп едің! Қатты тапсырма орындағың келіп тұрса, боқшаңды ала бар да, қара өгізге қарап отырып жазатындарыңды жаза бер. Қайта, мазаңды алатын ешкім жоқ, иен жер жақсы болады - деп әпкем шығады. Ақыр аяғында үй тапсырмасы сылтау болудан да қалды. Сабақтан соң тоғай арасындағы сиырмен бірге жайылу менің күн тәртібіме кіріп те кетті.

Қара өгіз өзіміздің қорада туып-өскен төл тума. Бұзау күнінен жұлмалап, әбден көмпіс етіп алғанбыз. Осы жазда ғана әкем оған отын артуға тиым салды. Бұдан бұрынғы жылдары үйдегілер отынға жұмсаса, қара өгізді сүйрей кететінбіз. Өзі жүкке орнықты, сабаз мал болатын.

Біздің үйдің соғымы елдің соңына қалды. Бас-аяғы он-он бес күнге созылатын соғым сою науқаны аяқталуға да санаулы күн қалған. Күндегі әдетімше сабақтан соң сиырмен бірге жайылып жүрген едім, менің қалың шапанымды көтеріп ағамның баласы келе қалды. Менен бір-екі жас кіші болса да, бойы мен шамалас. Сәл ерке тотайлау. Қара өгізден көз алмай, жер шұқып, ішім пысып отырғанымда оның жетіп келгені мен үшін тосын сый болды. Жерден алтын тапқандай қуанып кеттім. Алайда, оған білдірмеуге тырысқан болдым. Білдірмедім де. Ол құр алақан емес екен. Сары май жағылған екі жапырақ нанмен қоса, қалта толы асығын ала келіпті.

Ойын, шіркін, жақсы-ақ. Алайда, соңы төбелеске айналып кететіні жаман ғой. Қалтадағы асықты тең бөліп алып, біразға дейін тартысты ұтыс жасадық. Сәлден соң жеңіліп қалған бауырым қызыл шеке бола бастады. Соңына қарай айпара шыдамастық танытып, тігіулі тұрған асықтарды шаша салып, тұра қашты. Мен де қызынып кетіп, соңынан тұра қудым. Ол айнала қашпай, үйге қарай тіке тартты... Сиыр жатқан жер мен үйдің арасы біраз жер еді. Ол жеткізбеген бойы үйіне менен бұрын кіріп, шешесінің артына тығыла қалды. Жығыла-сүріне, іле-шала мен де келіп жеттім.

- Әй, қара қотиын, мынаған тағы тисіп жүрмісің?! Соншама жерден қуалап келгенің не, өкпесін күйдіріп өлтірдің ғой мына баланың, - деп шешесі оның сөзін сөйлеп қарсы алды мені. Мен ақталып:

- Ол өзі бастады. Маған аузына келгенін айтып, боқтап қашты. Осы үйге жеткенге дейін аузын жаппай жаман сөздер жаудырды, - дедім... Шешесінің қасында отырған адам жеңілуші ме еді?! Ол кінәсін мойындағанның орнына, мені мазақтауға көшті.

- Балпанақ! Балпанақ! Ұят-ай, үлкен болып тұрып маған жете алмай қалды, - деп шешесінің арқасына жабысып алып, үйді басына көшіре айқайлады. Мен оған қайдан жете аламын. Үйдегілер тоңасың деп қалың шалбарымды күштеп кигізіп тастаған. Қыстық шапанымды ғой анау сияқты мен де жолға шешіп, лақтырып кеттім. Ал, шалбарымды шешу мүмкін емес. Балпанақ болмай қайтпекпін?!

Жеңімпазға есікте тұрып сес көрсетіп тастап, сиыр жатқан тоғайға тартып бердім. Өзіміз тоғай деп атап кеткеніміз болмаса, ол – андыз-андыз тал-терек өскен мидай жазық еді. Арасында жайылып жүрген ірі қара мал түгілі, сиырдың қиын шоқыған қарғалар да көзге айпарадай көрініп тұратын. Тек үй мен тоғай екі арасын дөң ши бөліп жатады. Жүгіре басып дөң шиге де жеттім... Малдың қарасы көрінген бойда қара өгізді іздей бастадым. Тайынша-торпағына дейін қалған сиыр түп-түгел. Тек қара өгіз ғана көрінбейді. Өз көзіме өзім сенбей сиырдың ішін аралап та шықтым. Жоқ. Түсіп кетті дейтіндей ұра да, жасырынып жайылып тұр дерлік төңіректе жыра да болмаған. Бір сұмдықтың болғанын ішім сезе бастады. Дереу өкпемді қолыма алып үйге қарай ұшырттым.

Қырсыққанда әкем жоқ екен. Үйдегілер ұлар-шу болды да кетті.

- Ойының осылғыр-ай, жалғыз өгізге ие болмай айға бата қылдың ба сен?! - деп желкемнен бір нұқып алып, әпкем де тоғайға қарай жүгіре жөнелді. Мен үйдегілердің бұйрығы бойынша әкем соғым сойып жатқан үйге беттедім. Олар да соғымды сойып болып, жылы қуырдақты ауыздарына ала бергені сол екен, ентіге жүгіріп мен бардым. Менің түрімді көрген жерден әкем:

- Иә, батырым, қара өгізді жоғалттың ба? - дегені. Мен сасқалақтағанымнан:

- Иә, сол қара өгіз, - деп тұтығып алып, - сіз қайдан білесіз? - деппін. Үй іші менің қылығыма қыран күлкі болды. Бірақ күлкі ұзаққа созылған жоқ. Отырған ер адамдар тұра-тұра есікке қарай беттеді.

- «Түн ұзарса, түс көбейеді» деген осы. Бәсе, бәсе! Биылғы жүрісім жаман еді. Аяғы осылай боларын білген едім... Әй, әй, алып кетті, алып кетті, - деп кейіген әкем үйге қарай домалана жөнелді...

Аттылы бес-алты адам жан-жаққа шаба-шаба жөнелісті. Жаяулар да күпіден бит қарағандай, тоғайды мұқият тінтіп жүр. Көршілердің ішінде жоқ іздеуге ат салыспағаны кемде-кем. Әр үйден кемінде бір адамнан, кей шаңырақтардан үш-төрттен көмекші шыққан. Сол күні аттылы-жаяулы жоқшылар түннің бір уағына дейін төңіректі тіміскілеп қайтты. Ең соңында өз аяғымен жүрген болса, таңға дейін үйренген қорасына оралады десіп тарасты.

Кінәлі – мен. Үйдегілердің бәрі көздері ұйқыға барғанша мені жазғырды. Әкем ғана араша түсіп:

- Болды енді доғарыңдар. Кеңірдек бұған ғана емес, бәріңе керек. Ақыл айтуға келгенде алдарыңа жан салмайсыңдар. Өздерің неге қарамадыңдар, керемет малсақ болсаңдар. Айлалы ұры ойын баласын алып та, шалып та жығады. Бұның да амалы жоқ. Бұйырған мал болса табылар, - деп тосу айтты.

Сол күні таңға дейін жайланып жата алмадым. Әлсін-әлсін қора жаққа барып, қара өгізді қараумен болдым. Келіп алып, сыртта тұрып қалса біреу-міреу ұрлап кете ме деген тағы сол қорқыныш. Қайта-қайта далаға шығып жүргенімді білген әкем:

- Қой, балам, жатып демала ғой! Таңертең сабағыңнан кешігіп қаласың, ұйықта, - деп зорға тыныштандырды.

Ертесі мен оқудан келсем, қара өгіз әлі табылмапты. Үйдегілер тағы да ұрса ма деп сабақтан қорқа-қорқа оралған ем, ешкім мені кінәламады. Бәрінің де ашу-ызалары тарап кетіпті. Сөйтсем, іштей үміттері оянып отырғаны екен. Әкем ең мықты деген балшыға барған екен: «Өгізің өзіңде тұр. Алыста емес. Табылады. Іздеме, іздесең таппайсың. Өз аяғымен келуін күт», - депті.

Көзді ашып-жұмғанша 3-4 күн өте шықты. Қара өгізден хабар жоқ. Ұры жетектеп немесе айдап бара жатса, машинаға басса, тым құрығанда, жалпақ жұрттан бір адамның көзі шалатын жөні бар ғой. Ондай еш сыбыс білінбеді.

- Қара өгізге қанат бітіп, ұшып кетті ме, неге тірі жан баласы көрмейді? Бұл бір ғажап болды ғой, - деп қойды шай үстінде әкем.

Біздің өз ауылымызда мектеп құрылысы аяқталмағандықтан, келесі елді мекеннен барып оқитынбыз. Ертесі сабақтан тарап, үйге қарай келе жатыр едік, үстіне мал басқан саудагердің машинасы қасымыздан өте шықты. Неге екенін білмеймін, әлгі машинаға қарай жүрегім тартты да тұрды.

Саудагарлер біздің ауылдың шетіне барып, бір ұраға машиналарын қойып жатқанда жүгірген бойы қастарына бардым. Тіркемесінде 5-6 сиыр бар екен. Бір дәу қара өгіз көзіме оттай басыла кетті. Бірақ маңдайында қасқасы бар, мүйізі арбиған, екі құлағының ұшы келте кесілген екен. Ал біздің қара өгіз болса, төбелсіз қара, мүйізі тікшіл, құлағында біздің қораның ені бар, теңгеленген болуы керек еді. Ол белгілері тура келмеді. Бірақ көзі біздің қара өгізден айнымайды. Ол да мені танып тұрған сияқты, көз айырмай қарайды. Арасында менен иіс алып, тұмсығын маған қарай көтеріп те қояды.

Біраз қарап тұрдым. Оң жақ артқы өкшесіндегі кішкентай ағы да ұқсайды. Ақыры саудагердің зекігеніне қарамастан, машинаның үстіне шықтым. Тұмсығын ұстасам алақанымды жалайды. Бұл да біздің қара өгіздің әдеті. Кенет есіме жасырын бір белгісі түсе кетті. Үш-төрт жыл бұрын осы қара өгізді піштіруге жыққанда, сол жақ санының ішінде салбыраған түймесі барын көріп қалғам. Әкем де көрген.

- О, жасаған, мына түймесін қарашы. Қасиеті бар мал екен, - деп қойған. Кейін мен сол қасиетін мақтан қылып, бірнеше балаға да көрсеткем. Бұтына қол жүгіртіп, әлгі түймесін ұстасаң тыпыр етпей тұра беретін. Саудагердің «түс! түс!» дегеніне қарамастан, қара өгіздің бұтына қолымды жүгіртіп үлгердім. Дәл өзі. Түймесі сол қалпынан айнымаған. Машинадан секіріп түсіп, үйге қарай тұра жүгірдім.

Жолым болғанда, қасында бір кісісі бар, әкем үйде екен. Жүгірген бойда тебінімді тоқтата алмай келіп, табалдырыққа жалп ете түстім.

- Ой, балам, саған не болды, біреу-міреу артыңнан қуып келе ме? - деді әкем.

- Біздің қара өгіз саудагердің машинасында тұр, - дедім төтесінен.

- Не дейді?! Рас айтасың ба? Әлгі балшының айтқаны келді емес пе, - деп әкем орынынан қопақтай бастағанда:

- Мүйізі, маңдайы, құлағы ұқсамайды. Қалған жері айнымаған дәл өзі. Мені танып тұр,- дедім ентіге. Әкем күліп:

- Бәсе, - деп қайта орныға бастады. Мен:

- Машина кетіп қалатын болды. Жүріңізші. Бір көре салыңызшы, - деп өтіндім.

- Ой, балам-ау, ақылыңнан адасайын дедің бе? Мүйізі ұқсамаса, маңдайының ағы бар болса қалайша біздікі болады ол, - деп әкем артқа тартты. Мен көзін, аяғындағы ағын, бұтындағы түймесін, қолымды жалағанын айтып, көп жалындым. Ақыры, көп сөйлемейтін жеңгем сөзге араласты.

- Ата, барып көре салсаңызшы? Мынау бірдеңенің иісін сезбесе, бекер босқа жінікпейді. Көршінің үйіне келіп ұя салған қарлығашқа дейін танып алып жүрген пәле, қара өгізді таныса танып тұрған шығар, - деді.
Сосын барып әкем орнынан баяу жылжи бастады.

Біз келгенде саудагерлер малын басып болып, жүруге дайын тұр екен. Қара өгіз басын көтеріп қалғанда:

- Әке, әке! Әне, әне! - дедім.

- Сен ақылыңнан алжасқаннан саумысың?! Біздің қара өгізге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бөтен өгізді біздікі деп даурықпа, ұят болады, - деп әкем жүре сөйледі.

- Әке, тым болмаса, түймесін көре салыңызшы? - деп мен де қоймадым.

- Қой деймін, қой, - деп әкем шегіншектей берді. Машина оталып, жүруге ыңғайлана бергенде тіркеменің үстіне шығып алып, түспей қойдым. Саудагерлердің егде жастағы біреуі әкеме жақындап келіп:

- Мына бала сіздің ұлыңыз ба? Біраздан бері ана қара өгізді айналсоқтап шықпай жүр, - деді.

- Иә, менің ұлым. Үш-төрт күн бұрын дәл осындай семіз өгізіміз жоғалып еді. Соған ұқсатып тұрмын дейді, - деді әкем, ыңғайсызданып.

- Қол баққан малыңыз болса таласым жоқ. Бұл өгізді сатқан адамды да жақсы білемін. Тартынбай үстіне шығып көрсеңізші, балаңыз соншама шырылдап тұр ғой. Өгізді көргеніңіз үшін көз ақы алмаймыз, - деп күлді саудагер.

- Жоқ, бекер әуре болып, жолдарыңыздан қалмаңыздар. Балалық қып тұр ғой, мынау біздің өгізге мүлдем ұқсамайды. Рахмет! Жүре беріңіздер, - деген әкем, маған зекіп:

- Түс жерге! Машина жүріп кетсе, мерт боласың! - деді. Мен қара өгізге қолымды жалатып:

- Міне көрдіңіз бе, дәл өзі, - дедім көгеріп.


- Сен неге айтқан сөзді тыңдамай кеттің? Мүйізіне, қасқасына бір қарап сөйлесеңші, - деді әкем, ашу шақырып. Сол кезде саудегер:

- Мына өгіз расында да балаңызды танып тұрған сияқты. Сіз «мүйізі ұқсамайды» дей бересіз. Тәжірибелі ұрыларға мүйіз деген сөз болып па, оны қалаған формасына өзгерте береді, - деді. Әкем аң-таң болып:

- Қасқасы ше? - деді. Саудагер тіптен білерменсіп:

- Төбел, қасқа дегендерді шаш бояқпен-ақ жасай салмай ма, - деді. Сонан соң барып әкем қара өгізге байыздап қарай бастады.

- Шынымен де көз жанары біздің қара өгізден айнымайды, - деп күбірлей келіп, машинаның тіркемесіне шықты. Құлағын ұстап көріп: - Міне қызық! Мына құлақтың жарасы әлі де жазылмаған екен. Қарып күйдіріп кесіпті, - деп саудагерге, жиылған жұртқа қарады. Құлақтан соң мүйізді ырғап көріп, - жануардың мүйізі өз мүйізі екен. Біздің өгіздікі мұндай талтақ болмаған, - деп түсуге ыңғайланды.

- Сізге тағы да қайталап айтам, мүйізге алданбаңыз. Мүйізді өзгерту оп-оңай. Қалған белгілерін қараңыз, - деді саудагер. Мен саудагерді барған сайын жақсы көріп барамын. «Саудагерлерде де адамгершілік болады екен-ау», - деп қоямын ішімнен.

- Тірі сиырдың мүйізін қалай өзгертеді, - деп сұрап қалды, бағана біздің үйде отырған қонақ кісі. Саудагер ағынан жарылып, дауысын көтере сөйлеп:

- Адамнан айла асқан ба?! Ұрылар сиырды ұрлап апарып, қамайды да, құрым киізді қайнаған ыстық суға шылап, олжасының мүйізіне орап қояды. Жарты сағатқа жетпей мүйіз балқып, қалаған жағына қарай иіле береді, - деп ұрылардың айласын айпара етті. Тұрғандардың аузы ашылды да қалды. Әкем де басын шайқап, таңдайын қағып:

- О, сұмдық! Адам баласынан қайдағы шығады екен-ау, - дей келіп қара өгіздің бұтына қол жүгіртті де, - мынау бір ғажап болды ғой! Бұтындағы түймесі де біздің өгізден айнымайды, расында да, - деп саудагерге қарап еді. Саудагер бұдан әрі қарап тұра алмады. Машинаның үстіне атылып шығып, қара өгіздің маңдайына жармаса кетті. Қалтасынан пышағын алып шығып, өгіздің маңдайының жүнін қыра бастаған ол:

- Ой, мынау жасанды төбел екен, - деді. Әкем қалбалақтап қуанғанда тіркеменің үстінен құлап кете жаздады.

- Кәне, кәне! Қалай білдіңіз? - деп саудагердің қолтығына кіріп барады. Саудагер тіптен даңғойсып:

- Ақ малдың терісі ақ, қара малдың терісі қара, ала малдың терісі ала болады. Мына төбел табиғи болғанда терісі де ақ болатын еді. Сіздер қала жағалаған бізге қарағанда, малды жақсы танисыздар. Міне, сенбесеңіз қараңыз! Терісі қап-қара, - деді... Жерде тұрған бір әйел ернін сылп еткізіп:

- Саудагер дегеннің білмейтіні болсашы, - деп қалды. Мен де ішімнен сүйініп тұрмын...

Ақыры аяғында білгірлер көбейіп, саудагерге сөз бермейтін жағдайға жетті. Ақылды адамдар көбейген сайын өгіздің біздікі екендігіне дәлел-сипат молыға түсті. Әңгіме қыза келе саудагерлер біздің үйге барып шай іше тұратын болды да, бірнешеуіміз тоғайдағы қалған сиырды айдап әкелуге кеттік. Ең ақырғы дәлел – қара өгіздің үйір сиырына жібергенде сүзіспеуі, жамырасып табысуы.

Менің екі езуім екі құлағымда. Жер-көкке сыймай қуанып жүрмін. Топ сиырдың ішінде сүзегендеу қызыл бұқа бар еді, соған: «ей, қарасан, қазір қара өгізді сүзіп қойып жүрме!», - деп арасында оны бір бишікпен шықпыртып қойдым. Ондағым – қызыл бұқа әдетінше қара өгізді жасқап қалса, сарапшылар үйірі бөтен екен деп қала ма деген қорқынышым ғой.

Біз топ сиырды айдап жеткенде, саудагерлер шай ішіп болып, сыртта күтіп тұр екен. Біз машинаға жақындай бере қара өгіз мөңіреп-мөңіреп жіберді. Топ сиырдың ішінде қара өгіздің енесі де бар болатын. Ол да мөңіреп қоя берді...

Тағы бір шарты – топ сиырдың ішіне жібергенде сүзіспеуі еді. Ол да сәтті орындалды. Қара өгіз бірде бір сиырмен сүзісу былай тұрсын, әр бірімен кезек-кезек иіскелесіп шықты да, енесінің бұзауымен жаласып тұрып қалды. Ешкім де, тіпті саудагер де кері дау айта алмады...

Сол күні саудагерлер біздің үйге қонды. Кешкісін қасына бірнеше жігіт ертіп кеткен саудагер сиырды сатқан кісіні алып жетті. Әлгі бетпақ біздің жақын көршіміз болып шықты. Ары бұлтақтап, бері бұлтақтап, ақыры бұлтартпас айғақтан қашып құтыла алмады. Біздің қара өгізді ұрлап сатқанын мойындап тынды...

Сол жылы қорамызға бұйырған мал – аузымызға бұйырған жоқ. Әкем қара өгізді соғымға қимай қалды. Орнына басқа мал алып келді де, оны «қораның құты» деп қоя берді...

Тұрсынбек Кешубай

02 тамыз 2020 ж. 469 0