Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күріш өндірудің майталманы

Күріш өндірудің майталманы

Корейлер жер тырмалап өскен еңбекқор халық. Олар 1937 жылдары қиыр шығыстан қазақстанға депортацияланды. Көптеген корей отбасылары тереңөзектің шағанына да келді. Корейлердің негізгі кәсібі – егіншілік, оның ішінде күріш өсіру болатын. Жаңадан құрылған «Кантонкоммуна» колхозында күріш өндірісінің дамуына корейлер айрықша үлес қосты.

Аудандағы 39 колхоздың бірі – «Кантон-Коммунаның» іргесі Шағанда 1937 жылы қаланған. Ал 1950 жылы «Красная Заря» ұжымшары деп аталды. Оған 1958 жылы Жамбыл мен Ворошилов ұжымшарлары қосылды. 1961-1996 жылдары күріш өсіретін «Тереңөзек» кеңшары ретінде танылды.

Колхоз кезінде әрбір еңбеккер отбасына еңбеккүн астықтай берілетін. Белгілі мөлшерде еңбегіне қарай бидай егетін болса бидай, күріш егетін болса күріш алатын. Бидайды қол диірменге тартса, күрішті келіге түйетін. Ал корейлердің келуімен қолды талдырып күріш түю жеңілдеді. Оны аяқпен түйетін жеңіл әдісі бар екенін үйренді.

Біздің кейіпкеріміз Цой Ги Хва 1911 жылы Солтүстік Кореяда дүниеге келген. 1920 жылы 9 жасында ата-анасымен бірге Қиыр Шығыстың Приморье өлкесіне қоныс аударады. Одан 1937 жылы Қызылорда облысына келеді. Осы жылы Шағанда ұйымдастырылған «Кантон-Коммуна» колхозына мүше болып кіреді. Ол кезде диқандар бірыңғай кетпенмен жұмыс істеді. Арықтар қолмен қазылды. Егістік жер қурайдан қолмен тазартылды. Тыңайтқыш та жоқтың қасы. Дегенмен алажаздай қолдан соғылған атызда күріштің бабын жасаған Цой Ги Хва 1948 жылы жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Бұл жылы қарауындағы 5 гектар алқаптың әр гектарынан 95 центнерден өнім алып, рекордтық нәтиже көрсетті. Даңғайыр диқанның 20 жылғы қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, Цой Ги Хва КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1949 жылғы 20 мамырдағы Жарлығымен ең жоғарғы марапат «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды.

Еңбекте шыңдалған азаматты колхоз басшылары 1953 жылы Оралдағы ауыл шаруашылық орта мектебіне агрономдық оқуға жіберді. Оны бітіргеннен кейін өзінің еңбегі сіңген колхозына оралып, күрішшілер бригадасына жетекшілік етті. Ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырудың білікті маманы, атақты бригадир туралы бүгінде еңбек ардагері шағандық Төлеп Мыханов ағамыз былайша еске алады:

– Мен 1959 жылы Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, ауылға келдім. Жас маман болғандықтан мені тәжірибелі бригадир Цой Ги Хваға көмекші етіп жіберді. Ақылшы аға жақсы кісі екен. Бастықпын деп ешкімге бұйырып сөйлемейтін, тіпті дауыс та көтермейтін. Бригадирдің ашуланғанын қарамағындағылар қайта-қайта темекі шеге бергенінен аңғарып, кемшілігі болса тез түзейтін. Бригадада механизаторлар Беркінбай Садықов, Әбдіәлім Ауықбаев, Ермекбай Досмағанбетов, сушылар Оразкүл Тобағұлова, Ұлғанша Нұржанова, Сон Ди, Ли Сен Ай, Анна Ли тағы басқалар еңбек етті. Ынтымақты еңбек етудің арқасында бригада жыл сайын жоғарғы өнімге қол жеткізетін-ді. Ол кезде колхоз бастығы Алексей Ким болатын, – дейді Т.Мыханов.

Төлеп ағамыз 1961 жылы колхоздың жолдамасымен жоғарғы оқу орнына түседі. Оны бітіріп, ауылға келгеннен кейін тағы да сол өзінің тәлімгері білікті басшы Цой Ги Хваның қарамағына жіберіледі. Бұл кезде колхоз кейін күріш фабрикасы атанған «Тереңөзек» кеңшарына айналған. Шаруашылықта күріш өсіретін ірі бөлімшелер құрылған. №1 бөлімше бастығы Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, ауыл шаруашылығы өндірісінің білікті басшысы, көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері Зинадин Лекеров болса, №2 бөлімшеге Цой Ги Хва жетекшілік етеді. Оның бөлімшесінде Нұрсағат Асанов, Кан Николай тәрізді тәжірибелі бригадирлер еңбек етеді. Цой Ги Хва басқаратын бөлімше 1966 жылы 1179 гектар алқапқа күріш егіп, оның әрбір гектарынан 36,7 центнер өнім алған. Бұл еңбек сол кездегі жоғарғы көрсеткіш болып саналатын.

Күріш алқабында 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен Социалистік Еңбек Ері Цой Ги Хва 1972 жылы зейнет демалысына шығып, жастарға орын берді.

«Жақсының аты өлмейді» дегендей оның кезінде көзін көргендер еңбекқор жанның ерекше қасиеттерін жастарға айтып отырады. Социалистік Еңбек Ері Цой Ги Хваның Шаған ауылының өркендеуіне кезінде өзіндік үлес қосқаны әмбеге аян.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 
31 шілде 2020 ж. 467 0