Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алимент төлеудің тәртібі өзгерді

Алимент төлеудің тәртібі өзгерді

Қазақстанда алиментті төлеу тәртібі өзгерді. Енді жеке сот орындаушылары мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану мерзімін ұзарта алмайды, алименттерді бірінші кезекте өндіріп алады. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметіндегілер мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Биылғы 27 маусымда Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

"Қабылданған түзетулермен жеке сот орындаушыларының алименттерді, жалақыны, зейнетақыларды, жәрдемақыларды өндіріп алу туралы, азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы атқарушылық құжаттарды орындауының басымдығы бекітілді", - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Бұрын кейбір жеке сот орындаушылар, оларды аса қызықтырмағандықтан мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану мерзімін созатын жағдайлар болатыны аталған.

"Енді мұндай іс жүргізу бойынша бір ай ішінде мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамауы жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айыруға әкеп соғуы мүмкін. Бұдан басқа, мемлекеттік еңбек инспекторының жалақыны төлеу туралы ұйғарымына атқарушылық құжат мәртебесі беріледі. Бұл шара құқықтарын жұмыс беруші бұзған азаматтарға жалақыны өндіріп алу мәселелерін тез шешуге, сотқа жұмсалатын уақыты мен сот шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.

Заң 2020 жылғы 8 шілдеде, алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енді.
10 шілде 2020 ж. 833 0