Өтпе жел тұмау шақырады ма?
Өтпе желге әр елдің халқы әртүрлі қарайды. Мысалы, еуропалықтардың көбі бөлменің есігі мен терезесін бір уақытта ашып қойса, тұмау тез ұстайтынын айтса, америкалықтар керісінше пәтерде аздап жел болғандығын дұрыс көреді.
Негізінен, тұмау жайдан-жай болмайды. Әрбір тұмаудың, не тамақ ауруының бір ғана себебі бар, ол — вирус. Жай ғана самал желдің өзі бір адамнан екінші адамға микроорганизмдерді белсенді тасымалдайды, яғни өтпе жел вирустың ауа жолымен таралуына бірден-бір себепкер. Сондай-ақ, ауру туғызатын микроағзалар адам толық сау болған уақыттың өзінде де жұтқыншақта тіршілік етеді. Тыныс жолдарының шырышты қабығы жұтқыншақтағы түрлі вирустар мен бактериалардың ағзаға еніп кетуінен сақтап тұрады.
Адам ағзасы өтпе желден суықтап қалса, қан тамырларының тарылып, иммундық жүйеге аз жасушалар тасымалдайтын болғандықтан ауру туғызғыштар белсенді түрде көбейе түседі. Бірақ жылы мен суықтың жылдам алмасып тұруы ағзаның қоршаған ортадағы өзгерістерге тез жауап қайтаруға жаттықтыратындығын ескерсек, өтпе жел бір жағынан пайдалы екендігін көреміз. Салқын ауа жаздың ыстық күнінде ағзаның жылылық соққы алуына жол бермейді. Тұрақты жылы ауада вирустар қозғалмалы суық ауаға қарағанда жылдам көбейетіндігін біліп жүргендігіміз абзал.
Қорыта келгенде дәрігерлер әлі күнге дейін өтпе жел туралы ортақ пікірге келмеді. Егер өтпе желді жасау арқылы температураның тұрақтылығын сақтап, ағзаны шынықтырып тұрсақ, ол тұмауға шалдығудың алдын алуы да мүмкін.
Ақпарат yvision.kz сайтынан алынды