Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал саудагер

Адал саудагер

Өткен замандарда бір мұсылман саудагер тауарларын кемеге тиеп, Индонезияға барады. Сол жерге орналасып, саудасын жасай бастайды. Оның сатқан тауарлары сапалылығымен халықтың көңілінен шығады. Бір күні саудагер базарға кешігіп келсе, орнындағы көмекшісі біраз сауда жасап, жақсы ақша тауып қояды. Сонда саудагер қай тауарды сатқанын сұрайды. Көрсеткен тауарлардан ақшаның көптігін байқап: «Бағасын қаншадан бердің?» дейді. Көмекшісі: «Екі есе қымбат бағаға саттым»,- деп жауаптайды. Саудагер: «Неге екі есе қымбат бағаға саттың? Енді ол адамның ақысын жеген болдық, өзін танисың ба? Дереу іздеп тауып әкел!»- дейді. Көмекшісі әлгі адамды әрең дегенде іздеп тауып әкеледі. Саудагер әлгі адамды көрген бойда: «Сіз айып етпеңіз, біз сіздің ақыңызды жеп қойған екенбіз. Бізге өткен ақыңызды кешіре гөріңіз! (Ақыңызды халал етіңіз!), - деп қалған жарты ақшасын қолына ұстатады. Не болғанын түсінбеген ол: «О, не дегеніңіз, бұл қандай ақы?»- деп таң қалады. Бұл оқиға ауыздан-ауызға тарап, патшаның құлағына да жетеді. Патша саудагерді сарайына шақыртып: «Бұрын соңды мұндайды естімеген едім. «Біреудің ақысын жемеу» дегенді қайдан үйрендің?»- дегенінде, «Мырзам, мен қарапайым бір мұсылманмын. Ислам діні бізге турашыл болуды, ешкімнің ақысын жемеуді, кешірім сұрап халалдасуды әмір етеді»,- дейді. Сонда патша: «Ислам деген не?» – деп сұрай бастайды. Алған жауаптарына қанағаттанған ол көп ұзамастан ислам дініне өтіп, халқы да мұсылман болады.
Қазіргі халқы 250 миллионнан асатын Индонезия елінің мұсылман болуына міне осы саудагердің турашылдығы, дініне беріктігі себеп болған. Сонымен қатар дүние жүзіне ислам дінінің таралуына осындай мұсылман саудагерлердің көркем мінездері себеп болған. Себебі пайғамбарымыз: «Турашыл және сенімді саудагер қиямет күні пайғамбарлармен, садықтармен және шәһидтермен бірге болады»,- деген. Жүріс-тұрысымызбен өзгеге үлгі болу, сөзге қарағанда әсерлі болып табылады. Сондықтан ісімізге тыңғылықты, жығылғанға сүйеу, қиналғанға қамқор, айналамыздағыларға мейірбан болып, исламның көркем мінезіне сәйкес өмір сүруге тырысайық!

Ғаламтор көзінен алынды 
14 маусым 2020 ж. 723 0