Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еріншекке есік те тау көрінер

Еріншекке есік те тау көрінер

Бүгінгі қоғамдағы жігіттердің екі ғана жұмысы бар. «ол қандай» деген сұрақ сізді де мазалап бара жатыр ма? Онда айтайық, оқыңыз. Оның бірі – күзетші, екінші – таксист. Иә, қарапайым еркектердің барлығынан «қандай жұмыспен айналысасың?» деп сұрап көріңізші. Ойланбастан «охранамын» деп ауыз толтырып айтады. Сонда «жұмыстамын» деп жүрген 60-70 мың теңгелік айлыққа күн көруге болады ма? Отбасын асырауға, бала-шағаны киіндіріп, тамақтандыруға бұл қаражат жетеді ме? Тарқатайық...

Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемұлы жақында «Жұмыс бар, жұмысшы керек» деген тақырыпта  әлеуметтік желіде арнайы жазба жария­­лады. Аталған жазбада ауданда барлығы 18 жоба іске қосылатыны жазылған. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, спорттық нысандарды жөндеу және инженерлік-көліктік инфрақұрылым жұ­мыс­тары бар. Желіге жүктелген жазба көптің көңілінен шықты. «Жұмыс жоқ қой» деп жатқан жатыпішерлерге жақсы жа­уап болды.  Енді тек сәл ғана қол ұшын қимылдатса, тапқан нәпақасы балаларының несібесіне айналады. Тек еңбек пен ізденіс керек бұл тұста.

Енді әңгімеміздің басына қайта орал­сақ. Қай заманда болмасын қо­ғам­ның атқамінерлері тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын беріп, қолдау көрсетіп отырған. Ал қазір ше? Қит етсе болды әкімдіктің алдына шығып, «бізде үй жоқ, бізде ақша жоқ, күнімізді көре алмай отырмыз, көп балалы анамын» деп шу шығарып жүргендер көп. Өзіңіз ойланып қараңызшы, балаларыңызды кім үшін дүниеге әкелдіңіз?! Мемлекет пен үкіметтен көмек алу үшін бе? Жоқ, әрине. Ұрпақ жалғастырып, перзент қызығын көру үшін емес пе? Олай болса, оның анасы не үшін жұрттан көмек сұрап, әкімдердің алдына жылап баруы тиіс? Осы тұста ерлердің әлсіз тұстары көрініп-ақ тұр. Сол 60-70 мың теңге неге жетеді? Бұл сауалға жауапты өзіңіз беріп көріңізші.

«Еріншекке есік те тау көрінер» деген дала данышпаны Махмұд әл-Қашқари. Тереңнен толғаған Абай да текке алаңдамапты. Ертеңі таусылмайтынын  білгендіктен ғой «адам болам десеңіз, бес дұшпаннан қашық бол» деп  «еріншектікке» бой алдырмай, етек-жеңімізді жиып жүруді ескерткені. Бір қарағанда, жеке адамның өз басындағы кемшілік сияқты. Оған бола күйіп-пісудің де реті жоқ. Бірақ алып мемлекет жеке адамдардан құралатынын ескерсек, әр пенденің бойындағы еріншектіктің жалпы бүтін бір ұлтқа үлкен зиян тигізетіні ақиқат болып шықпақ.

Иә, еріншектің бойына адам өміріне кері әсерін тигізетін сүреңсіз қылықтар топтасады. «Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» дейді ұлы Абай. Оған жалқаулықты қосыңыз. Еріншек адам міндетті түрде кежегесінен кері тартып тұрады. Мұны «жалқаулық» деп те атаймыз. Ал жалқау адам көпірме сөзден көбік шығаратын көкезудің нағыз өзі болмақ. Бұрынғылар мұндай адамды «аузымен орақ орып, тілімен масақ теретіндер» деп айтпаушы ма еді? Бұл турасында да Абайды айналып өту мүмкін емес «...Әрбір жалқау кісі – қорқақ... надан, арсыз келеді», – дейді. Олай болса адам болмысына дәл осындай рухани кемістік әкелетін еріншектікті әркімнің жеке басының кемшілігі деп қарай алмайды екенбіз. Өйткені әрбір еріншектің бойынан жауапкершілік деген ізгі қасиет алыстау болады. Жауапсыз болса, сенім жоғалады. Әсілі әңгіме басында айтқан жұмыссыздықтың, масылдықтың, жалқаулық бәрі осыдан шығады.

Біз қоғамдағы дертке айналған бұл мәселені бір мақаламен болмаса бір мақалмен шеше алмайтынымыз ақиқат. Бірақ әрбір отбасының жауапты өкілі, азаматы осыны ұғынса екен. Себебі ұлттың болашағы отбасынан басталады.

Отбасына жауапкершілікпен қарап, өз шаңырағын шаттыққа бөлеп отырғандар да бар. Олар күндіз-түні еңбек етеді, жұрттың жұмысына қарамайды. Бұның бәрі «жауапкершілік» деген қасиеттің үстемдігінен.

Шаңырақ көтерер алдында сол қыз бен одан тараған ұрпаққа жауапты боламын деп мойнына алған ер азамат, қосақтарын жылатып әкімдіктің алдына жіберуге жол беруде. Үкіметке масыл болмай, өз күнімізді өзіміз көруге болады. Тек бұған еңбек пен асылдық керек.

Майя ҚОЖАБАЙ
06 маусым 2020 ж. 470 0