Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық тамақтануды қолға алған

Қоғамдық тамақтануды қолға алған

Ауданда кәсіпкерліктің негізін қалап, алғашқы болып өз кәсібін бастаған санау­лы азаматтардың қатарында Ахалай Әбдуомардың есімі ерекше аталады. Ахалай Бұрхатқызы – тәуелсіздік жылдарына дейін ауданның сауда саласында ұзақ жыл еңбек еткен өз ісінің маманы. Болашағын сауда саласымен байланыстырған кәсіпкер кезінде ауданда мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған аудандық тұтынушылар одағында түрлі жауапты жұмысты атқарып, мамандығының қыр-сырын меңгерді. Еліміздің басына қиын-қыстау заман туғанда, нақтырақ айтқанда тоқырау кезінде нарыққа төтеп бере алмаған тұтынушылар одағы мүлдем тарап, мыңдаған адам екі қолға бір жұмыс таба алмай қалғаны белгілі.

Ішерге ас таппай, ала дорба арқалап кеткендердің басым бөлігі әйел адамдар болып, пойыз жағалап, сау­да жасап, отбасын асырағандар қаншама!? Осындай қиыншылықтан шығудың жолын іздеген Ахалай Әбдуомар көп ойланбастан кентте 4-5 жылдан бері қаңырап қалған бұрынғы ардагерлерге арналған «Рахат» кафесінің жұмысын жолға қоюды қолға алады. Жанында ең сенімді серігі – жұбайы Мұрат аға мен екі ұлы бастамаға қолдау білдірсе, аспазшылықты келініне сеніп тапсырады.

Ахалай Әбдуомар кәсіпкерлікті қолға алған жыл­дардағы қиыншылықты көп есіне ала бергенді жөн көрмейді. Айналдырған 3-4 бөлмесі бар, қабырғалары сөгілудің алдында тұрған, 1955 жылғы көне ғимаратты қолынан келгенше жөндеуден өткізіп, сол кездегі ең сұранысқа ие қоғамдық тамақтану орнын ашып, ауданға келетіндердің сауабын алды десек артық айтқандық болмас. Себебі ауданның осыдан жиырма жыл бұрынғы жағдайын еске алсақ, аудан орталығы саналатын Тереңөзек кентінде бірде-бір қоғамдық тамақтану орны болмады. Әсіресе сол жылдары ауданға қосылған бес ауылдың адамдары орталыққа шаруаларымен келуге мәжбүр болғанда, оларды құрақ ұша қарсы алатын не туы­­сы, не жөнді тамақтанатын жері болмағандықтан, халық көп әбіржіп қалды. Міне, осындай қарапайым халықтың қиналғанын көзімен көріп, жанашырлық танытқан Ахалай Бұрхатқызы ойланбастан көпшілік тамақтанатын асхана ашып, кәсібін бастауға кіріседі.

– Тереңөзекке ауылдардан келетін халықтың әбір­жігенін көзім талай көрді. Жөнді тамақтанатын орын жоқ, иә қонақ үй жоқ. Ауыл мен екі ортаға қатынайтын көлік оңды жүрмейді. Алыстағы ауылға жету үшін «тоқылдақ» деп аталатын пойызбен әуелі қалаға жету керек. Ол пойыздың келу уақыты мезгілсіз түн уақыты. Сонда адамдардың тынығып, тамақтанып алатын жері болмағандықтан, жұртшылықтың жағдайын жасауды мақсат еттім. Тым болмаса «ыстық шәй ішіп, демалып алсын» деген оймен осы тамақтанатын орынды аштым. Осы күнге дейін, шүкір талай кісі алғысын жаудырды, – дейді кәсіпкер Ахалай Бұрхатқызы.

Иә, шын мәнінде «Ас – адамның арқауы» дегендей, алыстан арбалап келген кісіге ас беріп, алғысын алу – сауапты істің бірі. Жалпы ұзақ жылдар бойы аудан орталығында тұрақты жұмыс істеп тұрған көпшілік тамақтанатын орын «Рахат» кафесі екенін тереңөзектіктер жақсы біледі.
1999 жылы наурыз мерекесі қарсаңында ашылған кафе жыл санап кеңейе түсті. Отбасылық кәсіпке кірісіп, оны дөңгелетіп әкеткен Ахалай Әбдуомар жыл са­йын ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бүгінде 100 орындық кафеге айналдырды. Бұл үшін мемлекетке қол жайып, көмек сұрап, несие сұраған жоқ. Барлығына өз күшімен, тапқан табысының арқасында жетті.


Дайындалатын тағамның түрін, оның жасалу технологиясын, аспазшылардың жұмысын күнделікті қадағалап, шағын мекеменің есебін жүргізіп отырған кәсіпкер нағыз әмбебап маман.

– Күнделікті таңертеңнен басталатын жұмысқа келгенде барлық жұмысты өзім қадағалаймын. Қоғамдық тамақтану өте қиын әрі жауапты жұмыс. Әзірленген астың дәмін алдымен өзім татып көрмей, оны кісіге ұсынбаймыз. Міндетті түрде бәріне мұқият болуға әдеттенгенмін. Әрине, оңай емес. Барлығы санитарлық талапқа сай болуы керек. Дегенмен, кафеде он жылдан аса уақыт өзіммен бірге жұмыс істеп келе жатқан аспазшылар Гүлмира Шәймерденова, Айткүл Қордабаева, даяшы Ақтолқын Бек­нияз – нағыз өз ісінің шеберлері. Кафеге тұрақты келіп тамақ­танатын меймандар аспазшылардың дайындаған асына ризашылықтарын білдіргенде, кәсібіміздің осындай жемісіне шүкіршілік етеміз, – дейді өзі аспазшы әрі басшы Ахалай Әбдуомар.

Ауданның тыныс-тіршілігімен бірге қайнап, халықтың алғысын арқалаған кәсіпкер жан елде жарияланған төтенше жағдай кезінде аудан көлеміндегі төрт бірдей блокбекеттерде қызмет көрсеткендерді бір мезгіл ыстық тамақпен қамтығанын айта кеткен жөн. Бұл да болса, қандай қиын кезеңде де елмен бірге екенін тағы бір мәрте көрсеткен кәсіпкер жанның жанашырлығы.

Ахалай Әбдуомар – бүгінде отбасында сүйікті ана, асыл әже. Білім саласының байырғы ардагері, дүниеден ертерек өтіп кеткен өмірлік серігі Мұрат Рахметовпен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. 8 немере сүйіп отырған ардақты ана өткен жылы Еркеназ есімді шөбере сүйді. Шөберенің қолынан су ішкен адам бұл дүниеде бақытты, екінші дүниеде де жолы ашық болады деген бар. Қалай болған күнде де төртінші ұрпақты көру көп жасаудың белгісі емес, ұзақ ғұмыр кешудегі өмір сапарының мазмұнды жолдары екені анық.

Бибісара ЖАНӘЛІ
06 маусым 2020 ж. 385 0