Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 39 газет

26 мамыр 2020 ж.

№ 38 газет

23 мамыр 2020 ж.

№ 37 газет

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Қараманнан шыққан қайыршы

Қараманнан шыққан қайыршы

Бидәулет тумысынан кедей адам еді. Бала күнімнен көз алдымда. Шошаңдаған бес ешкісін айқайлап ары қуып, бері қуып кіжінетін де жүретін. Кейін үлкендердің әңгімесінен естуімше арғы аталары да иіні жарып тон кимеген, ауы жарып ат мінбеген адамдар болған секілді.
Оны бір жылы жазғытұрым жалданып Масғұттың үш жүз қойын төлдеткенде Бидәулеттің өзі де айтыпты. Жеріген қой, жағызған қозы дегендей егіздете топырлап туып жатқан қалың төлді игере алмай кеткен Бидәкең, «Осы жүнді жауды жүзге жеткізе алмай жеті атам күйіп кетіп еді, осылар қалай мың қырылтып айдап жүреді осы? Құдай-ау, мынаның малының қысыр қалған бірі жоқ па? Енді текесі лақтап, қошқары қозылайтын шығар!» деп күйінген екен дейді. Сол Бидәкең туралы әңгіме ғой бұл.
Қорасының алдында өзінен өзі зіркілдеп тұрған Бидәулетке бір күні көршісі әрі құрдасы Құнаш жақындап келіп әдеттегіден өзгеше бәсең үнмен сырласқысы келген адамдай жақын тарта сөйлепті:
-Бидәк, осы саған көптен бері біреңе айтайын деп жүр едім, – дейді ғой.
-Айта бер, жер алыс болып қолың жетпей жүр ме еді? – депті Бидәк.
-Бұрын да жібектей есіліп тұрғаны шамалы ғой, деседе соңғы бір-екі жылда сенің мінезің қатты өзгеріп кеткен секілді. Болар-болмас нәрсеге сонша ашуланып, елуге жетпей әшейін бір шарқая шалға айналып барасың. «Әкәу бұл бұрын тым мұндай емес секілді еді» деп қоям. Не болып жүр осы саған? – деп мұңданыпты.
-Кедейліктен қажып кеттім, Құнаш. Балалар жас, бұл кедейлік адамды титықтатып тамтығына жетеді екен ғой, жалығып кеттім тіпті, – деп оның да тізесі дереу бүгіле кетіпті сонда.
-Демалып ал онда, – депті Құнаш құрдасы қыжыртып.
-Мынаның астына барып бірақ демалатын шығармын, – деп қолындағы ағашпен жерді шұқылапты Бидәк.
-Қайтесің енді, кедейлік жалықсаң шешіп тастар киім емес, шыдайсың да, туыстарың бар әйтеу.
-Е, е, туысыңнан бір серкеш алып көр, сонысын бұлдап бір жаз жұмыcқа салады. Онан да жатың жақсы.
-Жат жарылқай ма, Бидәк-ау.
-Оның да жолы бар шығар, ойлану керек, – депті Бидәулет.
Бидәкеңе туыстары көмектеспейді емес, көмектеседі екен. Бірақ дәл бергенін бұлдамаса да, анау-мынау тірлігіне жәрдемге шақырады ғой, соған өзі қияңқы, қырыс адам кейде шамырқанып, істесе де күңкілдеп, бұрқылдап жүріп істейді екен.
Оның Құнашқа «жақыныңнан жатың жақсы» деуінің ар жағынан бір бәлелі ой бас көтеріп келе жатыпты. Оны ол кезде құрдас көршісі де, туыс жақындары да білмеген.
Ол уақытта, Бидәулет екеуіміз туып-өскен Алтайда «қазақ қайыр сұрайды», «қазақтан қайыршы шығады» деген ой жан баласының түсіне кірмеген. Алайда анда-санда ұйғыр секілді өзге бір ұлттардың өкілі мойнына дорба салып, ел аралап қайыр сұрап жүретін-ді. Сақалдары кеудесін жапқан қария кісінің қайыр сұрап жүргенін көргенде таңырқап әрі қорқып «қайыршы келе жатыр» деп қашушы едік. Ал, олар ешбір қазақтың үйінен құр шықпайтын. Бірі асқа тойдырып, бірі ақшасын салып беріп қонақтай аттандырып жатушы еді.
Осы жағдайды көріп, біліп жүрген Бидәулет албастының ойына бір күні жамандық түсіпті. «Тым болмаса қазақ та емес, қайдағы бір ұйғырдың да қалтасын толтырып жіберіп жатыр ғой, мен сұрасам неге бермеске» деген үмітті қиял миына кіріп алыпты да күні-түні маза бермепті. Осы ойына іштей бекім жасаған сайын шақырғанның жұмысына бармай, өзінен өзі шалқақтапты. «Мойныма оюлы тоқыма қоржынымды салып алып тартып кетсем қайтеді?» деген ой не қоя алмай, не іске асыра алмай өзі қажып біткен жанын ай емес, жыл бойы қажапты. Өз жоспарынан өзі зәрәзап болыпты.
Содан, не керек, тағы бір туысы қайта-қайта жәрдемге шақыра берген бір күні «бұл да сол былтыр күзде берген ақсақ тоқтысын бұлдап отыр» деп шамданған Бидәкең ойындағы әлгі шаруасына шарт бекініпті. Талай-талай оқталып тартынып қала берген, тартынып қалған соң тағы мазасыз күй кешкен ол, бұл жолы бастамасам, Бидәулет атым өшсін деп, өз-өзіне серт етіп, орнынан секіріп тұрыпты.
«Шешінген судан тайынбайды». Бірақ, судың да кез келген жеріне қойып бермей, ыңғайлы жерінен түсу керек қой. Оны енді жыл бұрын ойлап қойған екен. Қайыр сұрауды өз ауылынан бастаса елдің бәрі күледі ғой, «Ойбай Бидәулет жынданып кетіпті» деп қашатын шығар, кім біледі. Сондықтан қоңыр күздің бір күнінде оюының тамтығы ғана қалған ескі қара дорбасын сол иықтан қиғаштай оң мықынның тұсына салып алып, өз ауылынан кейін тағы үш ауылды артқа тастап, тоз-тоз боп төртінші ауылдың шетіне ілініп, «биссіміллә» деп бастайды ғой.
Ол кезде, иә қазір де Бидәулет екеуміз туып-өскен сол ауылда ешкім үй сыртынан айқайламайды. Тура келіп есіктің тұтқасынан тартып ішке енеді. Әсіресе, ауыл ішінің адамдары сондай емін-еркін араласады. Шаруасы болса айтып, шаруасы болмаса отырып шәй ішіп, өзге де кісісі көп мол дастархан болса ары-беріден әңгіме қозғасып дегендей сағаттап отырып қайтады. Енді бізден кейінгі төртінші ауылдың салты өзгеше емес қой, Бидәулетіміз шеттеу тұрған бір үйдің ашық жатқан қақпасын ақыре-е-ен ғана аттап кіріпті. Аттап кірсе бес-алты адам ауладағы тәпшан тақтайда малдас құрып шәй сораптап отыр екен, бұ кісі ассалауды соза қояберіпті, отырғандар шетінен әлик салыпты. Сонымен не керек, «келіңіз, келіңізбен» кеукеулеп төрге бірақ шығарыпты. Күзді күнгі қою сүттен қатқан күрең шайды екі қауып ұрттағанда қаншама жерден жаяулап қақтығып келе жатқан Бидәкеңнің жұқа шекесі шып-шып терлепті. Енді қазақ жөн сұраспай отыра ала ма?
-Қайдан келе жатырсыз? – дейді өзіне жақын отырған біреуі.
-Тараты деген ауылдан, – дейді Бидәкең өз ауылынан тағы бір-екі ауыл ары апарып.
-Ойпырмай, сонша алыс жақтан  жүр екенсіз ғой, шәй алыңыз, – дейді кесе алып беріп отырған үй иесі .
-Таратыға барып тас лақтырсаң Тасбидің басына тиеді деп естиміз, өзіңіз қай ел болдыңыз? – дейді бір еңгезердей жуан қара.
-Иә, Тасби Сүйіннен тарайды ғой, біз Текейде Шәліден тараймыз.
-Ойпыр-ау жақындап келесің ғой, Шәлінің ішінде қайсы? – деп еңгезердей қара ентелей жақындайды.
-Шәлінің ішінде Ботабаймын.
-Мә, міне сенің туысың екен ғой, – дейді жуан қараға үй иесі.
-Иә, қызық болып жатыр, тұра тұр, жә содан Ботабайдан қайсы? – дейді жуан қара тіпті ентелеп.
Бидәулет саса бастайды. «Турасын айтсам ба, айтпасам ба?» деп сәл ойланып барып, рудың әу баста дұрысын айтқан соң аяғын жалтарудың мүмкін емес екені есіне түсіп барып:
-Ботабайдан Қараман, – дейді.
Сонда әлгі еңгезердей дәу орынан іркіле қозғалып кеп Бидәулетті құшақтап қайта амандасады. Отырғандардың барлығы табысқан туыстарға кеукеу айтып мәре-сәре, еңгезердей қара мәз-мәйрам. Бидәулет жан-жағына қарап жапақ-жапақ етіп ерекше қуанған болып ол отырады.
Бұлар сөйтіп қауқылдасып жатқанда иығына сүлгі салған ұл бала келіп, өзінің оң қол жағынан жағалатып қолға су құя бастайды. Әне-міне дегенше ет те келеді. Буы бұрқырап алға келген үлкен табақтың Бидәулетке қараған жағында төңкеріліп жуан қойдың жамбасы жатыр. «Әумин» деп қол жайған үй иесі «батаны кім береді?» дегендей бәріне қарайды. Бәрі Бидәулетке қарайды. «Құдайы қонақсыз ғой, сіз беріңіз, сіз беріңіз». «Қонақ емес, қайыршы едім» дейтін емес, қатты сасқан Бидәкең «әһ» депті де демін ішіне тартып не дерін білмей бір қауым уақыт үнсіз қалыпты. Отырғандар үдірейе бәрі қарап қалған. Мойынтамырлары адырайып қызарып кеткен Бидәкең бір кезде барып «Құдай жарылқасын, Аллаһуакпар» деп демін үзе ауыр күрсініп бетін сипайды. Құдайы қонақтың мына күйіне қарап «Аллаһуакпардың» аман-есен шыққанына шүкір дегендей отырғандар да бір-бір терең тыныстапты. Енді қайтсін, ауылында да қайбір алдына табақ тартылып күнде бата беріп жүрген адам дейсің, жат жерде, қапелімде, жаңағыдай жағдаймен жүргенде, батаға осы да жарайды да.
Сонымен, еркек қойдың жамбас майын ортан жіліктің ойынды етімен қабаттастыра тау жуасы туралған тұздыққа малып-малып қарбыта асап отырып Бидәкең неше түрлі ойға беріліпті. Шындығында құдадай күтіліп отырған мына қалпын қайыршылыққа қиғысы да келмей қалыпты. Жәй ғана тамағын ішіп, басқа жаққа кетіп бара жатқан адам ретінде аттанып кеткісі келіпті. Оған неше жылғы теперіш, былтырдан бергі ой қайтадан қайырып әкеп қайыршылықтың даңғыл жолына сала беріпті. «Дәл мына дастархан басында «қайыршы едім» демей-ақ қояйыншы» дейді іштей шарадай үлкен кесенің жалпақ бетін жылт-жылт еткізген қарсақжон сорпаны сораптай бір тартып жіберіп. «Айт, мына семіз туысың бай секілді ғой, бай болмаса не жеп семірді дейсің, жалғыз өзі-ақ жарылқай салар мүмкін, айт» дейді қайыршы даңғылына қайта түсе қалған сәті. «Ал, туысым ал», «жеңіз, құдайы қонақ, жеңіз» деп мыналар жік-жапар, бірінен бірі өтіп бәйек болады.
Арпалыспен отырып ас желінеді. Оң қолының бес саусағын бес-алты рет салғанда алажаздай қусырылып жүрген қу тырнағын былқылдатып жіберген еркек қойдың қолға жұққан жамбас майын сүрткісі келмей біраз отырған Бидәулет сәл ғана сәтке естанды бір рахат күй кешіп барып майлыққа қолын созады. Дастархан енді басы таудың қызылбұйра аршасымен ықылық ата отырып тіс шұқып, құдайы қонақтың әңгімесін ары қарай сұрайды ғой.
-Сонымен, бұ жақта қандай шаруамен жүрсіз?
-Бұ жақта ма?..
-Иә, құда-жегжат дегендей жақындарыңыз бар ма?
Бидәулет тағы біраз үнсіз қалады. Ол үнсіз қалған сайын бәрі «не дер екен, не ғып жүр екен» дегенге онан сайын аңсарлары ауып қадала түседі. Әлі сол баяғы арпалыстың біріне жеңдіре алмай отырған Бидәулет төменге тартып, ішіне түсіп кеткен үнін зорлана шығарып:
-Мен жөнімді айтайын... мен қайыршымын, қайыр сұрап жолға шығып едім, – дейді. Отырған жұрт ортасына жай түскендей бір-біріне ошарыла қарайды. Сөйтіп барып қайыршыға бір, қара дәуге бір қарайды. Өзі қара түсі онан сайын қарақошқылданып түрі түсініксіз бір қорқынышты көрініске айналып кеткен дәу орнынан атып түрегеліп Бидәулеттің кеңірдегінен бірақ алыпты. Кеңірдегін бір сығып, екі жағасынан қымқыра ұстап тік көтеріп: «Қайыршысы несі иттің баласы! Бүкіл қазақтан шықпаған қайыршы енді Қараманнан шығайын деді ме? Тап бүгін сені мылжалап өлтірмесем әкемнен тумай кетейін, Қараман түгілі қазақ болмай кетейін!» деп сілкілегенде Бидәулеттің аяқ-қолы өлі адамдыкіндей ебедейсіз ербеңдепті. Жұрт арашаламақ болса да, жараған бурадай жапырған қара дәу ешкімге бой бермей Бидәулетті қақпадан сүйреп алып шығып, көкала қойдай қылып сабап, желкелеп отырып үйіне алып кетіпті. Құрақ ұшып «құдайы қонақ» күткен үй үрпиісіп қала беріпті.
Ертеңінде бұл ауылдан екі атқа екі қой өңгерген екеу Бидәулеттің ауылына тартыпты. Кешегі қара дәу ашуы бір арындап кетсе айнала ауылын алақанында бүріп жіберетін айтулы азамат екен. Бидәулеттің бүкіл туыс ер адамдарын шақырып алып көздеріне шұқыпты. «Неге жібересіңдер? Мына арам сідік күллі Қараманның сүйегіне «қайыршы» деген мөр басып бере жаздады ғой! Енді бұлай істесе мұның ғана емес, айтпады демеңдер екі-үшеуіңнің бастарыңды кесіп суға лақтырам!» деп ақырыпты. «Бермей отырғамыз жоқ, беріп жүрміз, өзі де бір мал басын құрай алмайды» деп міңгірлепті біреуі. «Бүйтіп кетіп қаларын қайдан білейік» депті тағы бірі. Ақыры не керек, қара дәу екі күн жатып туыстардан жиырма шақты ұсақ малды Бидәкеңнің қорасына қамап беріп ауылына аттанған екен.
Ел ішінде әңгіме жата ма. Бұл ауылдан қара дәу кеткенше ол ауылдағы оқиға да жетіп үлгеріпті. Малға толып қалған қорасының есігін бекітіп жатқан Бидәулетті көрген Құнаш құрдасы анадай жерден айқайлап:
-Ау, Бидөк, амансың ба? Сен бір сапарға шығып келді дей ме? – деп күледі екен.
-Әй, сапары құрсын, бері кел, сапар болғанда Меккеге барып келді деймісің. Не дұрыстап өздерің бермей, не елден алғызбай діңкені құрттыңдар ғой. Бұл қазақтың ішінде қайыршы болып та жан сақтай алмайды екенсің ғой, – деп қарқ-қарқ күледі дейді Бидәкең.
-Әй, құрдас-ай, Қожанасырсың ғой, Қожанасырсың! Бүйтіп сапарлап кететініңді кім білген. «Сонда ол қайыршының көршісі кім екен?» десе қияметте менің де атым аталып жүрмесін, андағы қораңа мен де бір тұяқ кіргізіп жіберейінші, – деп Құнаш та өз қорасына беттепті. Ел ішіне жеткен сөз енді жата ма? Бидәкеңнің әлгі ісі «Бермесең Бидәулет құсап қайыр сұрап кетем», «Бидәкеңше қайыр сұрап қалмайын» деген секілді тәмсіл болып жұрт аузына ілінеді де кетеді. Енді оған тоқтау бар ма?
Төрт-бес жылдан кейін баяғыда «құдайы қонақ» болған ауылдағы оқиғаны Құнаш құрдасына басынан аяғына дейін тәптіштеп айтып берген Бидәулет дәу қара туысына сыртынан рахмет айтып, «мыналар мені малдың басын құрай алмайды» дейді, малдың басы топтанса құралады, екі ешкі, бір тоқтыдан мал құрала ма екен?» деп күледі екен. «Сол туысыңның ауылына барып қалсаң бір түрлі болатын шығарсың ә?» – десем, Бидөгім «түйе пішкен жеріне жоламайды» дегендей содан бері ол ауылға кірмек түгіл маңына жолмай кеттім» деп ыржың-ыржың етеді» дейді Құнаш құрдасы. Осыдан үш жыл бұрын ауылға барғанымда көрдім, сөйткен Бидәкең қойының санын «жеті атам жеткізе алмады» дейтін жүзге де жақындатып қалыпты. Ендігі жеткізген де шығар...
 
Ұларбек Нұрғалымұлы,

30 сәуір 2020 ж. 133 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам