Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашу – дұшпан, ақыл – дос

Ашу – дұшпан, ақыл – дос

Бүгінде екінің бірі ашушаң, ауыр сөз көтере алмайтын хәлге жеткен. Қит етсе, «жүйкемді тоздырма», «ашуыма тимеші» деп бір-бірін жағасынан алуға құмар. Бұл тіпті бесіктен белі шықпаған балаларға тән ауруға айналды. Оның басты себебі неде? Жүйкесі жұқарып, күйзеліске ұшырап жүргендер кім? Әлемдегі ең қауіпті аурулардың қатарына кіретін сырқаттың алдын-алу жолдары қандай? Тарқартып көрелік...
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2030 жылға қарай депрессия зардабын тартатындар саны екі есе өсіп, 40 процентке жетеді екен. Ал кейбір сарапшылар психикалық ауытқулардың адамзат қасіретіне айналуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Депрессия ауруы – әлемде жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулармен қатар тұрған сырқат. Бүгінде осы күйзелістен 350 млн адам зардап шегеді. Бір ғана АҚШ-тың көретін шығыны 200 млрд доллардан асып түседі. Ал ғаламдық шығын триллион долларға жетіп жығылады екен. Жалпы, күйзелісті адам психикасының бұзылуы деп алуға болады. Біз мән беріп қарамауымыз мүмкін, бірақ бұл қауіпті аурулардың қатарына жатады. Өйткені адамның жүйке жүйесінің әлсіреуімен ойнауға болмайды. Ол адамның кейде өзін жазықты се­зінуімен, себепсіз қорқуынан, жа­ғымсыз көңіл күйден білінеді. Сол сияқты керісінше әлденеден қанағат алу қабілетінен айырылуына, ерекше оқиғаларға селт етпеуі, не қайғарып, не қуанып, эмоциясын білдірмеуінен де білінеді. Мамандар бұл дертке адам себепсіз ұшырауы мүмкін екенін айтады. Алайда өзінің қосылған ортасы, өмір сүру салты да белгілі бір деңгейде өз әсерін тигізе алады. Әсіресе, соңғы 10 жыл ішінде күйзеліске ұшырағандар саны көп.
Ғалымдардың сөзіне сенсек өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан кейін дүниеге келгендер арасында бұл дерт өршіп кеткен. Яғни 1970 жылдан бері қарай өмірге келген жандар қатарында жүйкесі жұқарғандар көп. Әлеуметтік себепті айтпағанның өзінде бұған жаһандану мен ақпа­раттық заманның да өз әсері бар екен. Әсіресе, өндірістің автоматтандыруынан кейін бұл дерт әлеуметтік сипат алған. Бұрын адам өз қолымен істеген жұмыстың жемісін жейтін еді. Оның наны да тәтті болды. Алысқа бармай-ақ ауылшаруашылық саласын алайық. Жұмыскер егін егіп, мақта теріп, төккен терінің өтеуін қолымен сезіп, рахатын көріп келді. Қазір қалай? Энергия алатын жұмыс күші азайды. Кеңседен шықпайтындар үшін жұмысының мән-мағынасы жоқ сияқты. Бұл жұмыс жойылса да одан ешкім зардап шеге қоймайтындай еңбек түрі басым қоғамға айналды. Бары мен жоғы бірдей жұмыс көбейіп, еңбек күшін қажет ететін жұмыс азая бастағанда бұл құбылыстың орын алуы заңдылық екен. Осы тұста мамандар пікіріне де құлақ түргенді жөн санадық.
А.Қуандықова, психолог:
– Иә, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше жыл сайын 300 миллионға жуық адам депрессиямен бетпе-бет келеді. Сон­дықтан онымен ойнауға болмай­ды. Ғалымдардың зерттеуіне сү­йен­сек, күйзеліске ұшыраған әрбір төр­тінші адам суицидке бейім болады. Біз де осы жан күйзелісінен туындайтын проблемаларды болашақта емес, қазірден бастап шешуіміз керек. Өкінішке орай, біздің елде депрессиямен ауыратындардың нақты саны белгісіз, керек десеңіз шамалайтын статистика да жоқ. Бірақ өзіңіз айтқандай, жұрттың жүйкелеп жүргені де рас. Оған қол қусырып қарап отыратын болсақ, зардабы ауыр болары сөзсіз. Әрине, бізде әртүрлі профилактикалық шаралар жүргізіледі. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің өсуіне байланысты дәл осы топқа арналған іс-шаралар жүргізіліп жатады. Бірақ деп­рессия жас таңдамайды. Былтыр еліміз бойынша 3644 адам өз-өзіне қол салған. Қасіреті сол, оның басым бөлігі – ересектер. Оған жол апаты немесе басқа да бақытсыз жағдайлар арқылы суицид жасауға бел буған, бірақ белгілі бір себептермен онысы іске аспай қалған 3500 адамды қосыңыз. Әлеуметік қызметкер мен психологтар институтын енді ғана қолға алып жатырмыз. Шын мәнінде осы қызметкерлерді әрбір адамның пайдалануына, кеңесін алуға толық жағдай жасалуы тиіс. Ілгеріде күйзеліс әлеуметтік проблемалардан, тұрмыс тауқыметінен туындайтын ауру болып саналаты еді. Технология заманы оның да өңін өзгертті. Қазір депрессияға жағдайы жақсы адамдарда душар бола бастады.
Біздің өңірде мұндай аурумен ауыратындардың саны шамамен екі мыңнан асады. Бұл – жан күйзелісі. Ал жанның ауруын адамдар медициналық мәселе деп ойламайды. Науқас депрессиядан өздігінен шықса да, бәрі бір оған медициналық көмек керек. Біздегі менталитет бойынша, біз дәрігерге сенбейміз, психолог іздесек жұрттың сөзінен қорқамыз, «ел мені жынды деп ойламасын» деген оймен. Керісінше «жолым болмады», «ішіме жын кірген», «жолымды ашып беріңіз» деген сеніммен бақсы-балгерлерге баруды жөн санаймыз. Осылайша дәрігерге барып көрінудің орнында уақытымызды босқа жоғалтамыз.
Қазақстанда тұрғындардың 11 проценті жан күйзелісіне ұшыраған. 18 миллион халқы бар ел үшін бұл аз көрсеткіш емес. Қазір екінің бірі «жүйкемді тоздырмашы» деп сөйлейді. Жүйкелеген жұрттың қарасы қалың. Үлкендер түгілі балалардың да қолынан түспейтін ойыншыққа айналған телефонды айтар болсақ, зияны шаш етектен. Балаңыздың есте сақтау қабілетін нашарлатады, танымдық қабілеті төмендейді, бойында сүлесоқтық пен бойкүйездік қасиеті көбейеді. Ал ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетін балалардың жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейтін көрінеді. Адамдар пойызда, лифт ішінде телефонмен сөйлесіп жатады. Ең зия­­ны да осы екен. Әсіресе, жастар қазір алаңсыз қалта телефонына таңылған, қолдарынан бір тастамайды, құлақтарынан түспейді. Түнде құшақтап ұйықтайды. Әйтеуір тыным жоқ. Бұл адамға білінбегенмен, жүйкесіне үлкен салмақ түсіріп жатыр. «Бүгінгінің балалары ашушаң» дегеннің себебін тек осыдан көрсек болады.

Майя ҚОЖАБАЙ

28 сәуір 2020 ж. 1 231 0