Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Карантин маған не үйретті?

Карантин маған не үйретті?

Еліміздегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік желіде түрлі форматта көптеген жоба жүзеге асуда. Жақында Jas otan жастар қанатының облыстық филиалы «Карантиндегі хикая» атты шығармашылық байқау өткізді. Аталған байқауға Шіркейлі ауылынан 9-сынып оқушысы Аруза Жанарбекқызы қатысып, жүлделі үшінші орын алды. Жас қалам иесі өзі секілді жасөспірімдерге бос уақыттарын тиімді пайдалануға шақырып, өзінің басынан өткен хикаясын баяндаған. Жас талапкердің әкесі Жанарбек Нұрымбетов бізге сүйінші хабарды жеткізіп, ақпараттық қолдау көсретуді сұраған еді. Газеттің бүгінгі нөміріне Арузаның шығармасын ұсынуды жөн көрдік.
Эх, бүкіл әлемді аузына қаратып отырған тылсым күшке не дерің бар ма? Ол қандай күш екенін іштеріңізден сезіп отырсыздар деп ойлаймын. Иә, иә. Осындай көктемнің жайма шуақ күнінде, дүниежүзіне қара бұлт үйіріліп отыр. Оның аты жұқпалы індет – коронавирус. Қазіргі кезде әлемде қарусыз майдан жүріп жатқан секілді. Олай дейтінім, ата-бабаларымыз бейбіт өмір үшін қан майданда соғысқа қарумен аттанса, қазіргі жағдай қарусыз-ақ аты өшкір індет бүкіл әлемді жаулауда. Үлкендер жағы мұны Алланың берген сынағы дейді. Бәлкім дұрыс та шығар, кім білсін?!
Алайда қандай да болмасын әр істің қайырымы болады. Яғни жақсылық пен жамандық ақ пен қара секілді қатар жүреді. Сондықтан ақырын күтуден басқа амал жоқ.
Дәл бүгінгідей жағдайдың адамдарға берер пайдасы бар ма? Бар болғанда қандай! Қаншама адам туған-туыстарының, сыныптастарының және ең кереметі – бостандықтың қадірін түсініп жатыр. Қызық естіледі, иә? Бостандықтың қадірі... Осы күнге дейін ешбір адам айдың күні аманында төрт қабырғаға қамалып отырамыз деп ойламаған да болар. Үш ұйықтасам, түсіме кірмес дерсіз.
Енді сол төрт қабырғаның ішінде кім қандай іспен шұғылданып жатыр екен? Бәрімізге қызық. Ендеше мен осы күнге дейін отбасымда немен айналысқанымды, үйренгенімді, жалпы хоббиларыммен бөліскім келеді.
Шынымды айтсам, таңның атысынан, күннің батысына дейін ұялы телефонмен айырылмас дос болып келемін. Себебі қазіргі таңда бәріміз білетіндей қашықтан оқыту орын алуда. Бұл дегеніміз, сапалы білім алуың үшін ұялы телефонға телміруің керек. Яғни білімді толыққанды меңгеруге біршама уақыт қажет. Ал ол уақытта ұялы телефоннан мұғалімдерімізден келген тапсырмаларды қағаз бетіне түсірумен қатар мағлұматты ғаламтордан іздейсің. Осылайша күні бойы тапсырманы орындайсың.
Дегенмен білім алумен қатар өзіңді жан-жақты дамытуға да уақыт табуың керек. Әсіресе, қыз балалардың үй тірлігіне қолғабыс етіп, ас әзірлеуді үйренуі маңызды. Сол себепті мен де асүйдің қыр-сырына қанығып келемін. Бұл да пайдалы жұмыстың бірі. Анамыз үнемі «істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деп отырады емес пе?! Өзіңнің қолынан әзірленген дәмді бәлішті тұмшапешке салып қойып, көтерілгенін тағатсыздана кү­туіңіздің өзі қандай керемет?! Одан соң қызының пісірген бәлішіне мәз болып, сүйсіне жеген, жылы сөздерімен еркелеткен ата-анаңның алғысын естуден асқан бақыт бар ма, сірә!
Тағы да бір жадымда қалғаны ұмытпасам сәуірдің сегізі болатын. Иә, дәл осы күні күтпеген жерден жаңбыр ғана емес, бұршақ та жауды. «Бұның несі қызық?» деп отырған боларсыз. Дәл сол күні менімен біраздан бері қауышпаған қонақ келді. Оның есімі – Шабыт! Әрине әркімнің шабыты әрқалай келеді. Ал менің шабытымның жаңбыр арқылы келгеніне сол күні көзім жетті. Сол шабыт арқылы келген бір-екі шумақ өлеңді ұсынғым келеді.
Жалын өртеп бара жатыр жанымды,
Шабыт келіп тақымыма тағылды.
Бүгін жауған жаңбыр ма, әлде бұршақ па?
Бар секілді сағыныштың зар үні.
Иә, әрине сағынады қалайда,
Болса керек теңіздей жас жанарда.
Жақындарың аман болса, шүкір ет!
Қаншама адам кетіп жатыр ғаламда... – деп жазып, қиын кезде жақындарымды бір серпілтіп, жігерлендіріп алған болатынмын.
Қарап отырсам, біраз пайдалы нәрсемен шұғылданған секілдімін. Жас дос! Сіздерді де бос уақыттарыңызды тиімді, әрі пайдалы өткізуге шақырамын. Мен қара бұлттың артынан міндетті түрде жарқырап күн шығатынына сенемін! Бұл – табиғаттың заңы.

Аруза ЖАНАРБЕКҚЫЗЫ,
№10 дарынды балаларға арналған
облыстық «Білім-инновация» лицей-
интернатының 9-сынып оқушысы

25 сәуір 2020 ж. 1 060 0