Жақсылық жасап жарысайық

Президент тапсырмасына сәйкел ел Үкіметі халықтың өмір сүру қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Бұл сөзімізге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер дәлел бола алады. Мұнан бөлек ерікті жастардың бастамасымен де игі істер жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс Сырдария ауданында да жүргізілуде.
Бүгінде ерікті жастардың бір арнаға тоғысқан күш-жігерінің негізінде аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға қайырымдылық көмек көрсеттік. Оның ішінде аз қамтылған көп балалы отбасылар, І топтағы мүгедек азаматтар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері бар. Біз қайырымдылық көмек көрсету барысында қосымша түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп келеміз. Оның ішінде азаматтарды үйде болуға, талап пен тәртіпті орындауға шақырудамыз. Сала мамандары тарапынан арнайы әзірленген үнпарақтар да таратылды. Сондай-ақ азық-түліктен бөлек бетперделер мен антисептиктер берілді.
Биыл еріктілер жылы. Бұл жастарға зор жауапкершілік жүктейді. Біз қайырымдылық іс-шараларын әлеуметтік желіде ақпараттандырып келеміз. Біздің жұмысымызға ауданның азаматтары көмектесуде. Оның ішінде мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл болған түлектер ерекше атсалысуда. Ауданның белсенді жастары ірі сауда нысандарында да халыққа ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізуде. Осы ретте игі іске үлес қосып, жақсылық жасап жарысуға ұмтылған жастарға шынайы алғысымды білдіремін. Ерікті жас ретінде қиын кезде сабырлық сақтап, қамқорлық танытып, өзін-өзі оқшаулап, қоғамдағы қарым-қатынасты барынша азайтуға шақырамын.
Ербол Сағынбайұлы,
ерікті жас, жастар мәслихатының депутаты
ерікті жас, жастар мәслихатының депутаты