Тәртіптің күшейтілгені орынды

Сырдария ауданы облыс орталығына жақын орналасқан аудан. Сондықтан қалаға қатынаушылардың саны көп. Оның үстіне ауданнан қалаға күнделікті қатынап жұмыс істейтін азаматтар да бар. Осыны ескерген облыс және аудан әкімдіктері аймақта алғашқы науқас тіркелген сәттен бастап дер кезінде шешім қабылдап, тосқауыл бекеттерін қойып, қауіпсіздікті назарда ұстады. Бұл іске құқық қорғаушылар мен денсаулық сақтау саласының мамандары жұмылдырылды. Еріктілер де түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ортақ іске атсалысты.
Сынақты сәтте Nur Otan партиясы халықтық партия екенін тағы да дәлелдеді. Партия белсенділері қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті. Оның ішінде аудандық мәслихаттағы Nur Otan партиясының депутаттық фракциясының мүшелері де бар. Халық қалаулылары қолдан келген көмегін аямай, азық-түлік, бетперде, қолғап таратты. Сонымен қатар тосқауыл бекеттерінің талапқа сай болуы үшін қолдау көрсетті. Бұл олардың депутаттық қана емес, азаматтық та міндеті екені анық. Сондықтан біз біргеміз ұранымен жүргізіліп жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Қазақ қоғамында тағылымды сөздер көп. Осы ретте «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген сөз ойға оралады. Егер, індетті тезірек жеңуді қаласақ, үйден шықпай, оқшаулануымыз керек. Сонда ғана атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін береді. Әрбір азамат жауапкершілікті сезініп, талапты орындау, санитарлық тазалықты сақтауы керек.
Оразбек СЕЙІТМҰРАТОВ,
аудандық мәслихат депутаты
аудандық мәслихат депутаты