Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жуылмаған қарақұмық денсаулыққа зиян

Жуылмаған қарақұмық денсаулыққа зиян

Қарақұмықтың денсаулыққа пайдасы туралы жиі естиміз. Оның үстіне жармалар, әдетте, қымбат тұрмайды. Сондықтан қарақұмық жармасы барлық ас үйде кездесетін өнімнің бірі десек қателеспейміз. Қарақұмықтан ботқа, сорпа және тойымды тамақтың түр-түрін дайындауға болады, – дейді пайдалы кеңес ұсынған massaget.kz

Адам ағзасына өте пайдалы қарақұмық жармасынан тағам дайындарда кей ас үй ханшайымдары оны жуса, басқалары жумай-ақ та қолдана береді.

Қарақұмықты пісірер бұрын жуу – жай ұсынылатын кеңес емес, міндетті әрекет. Жалпы кез келген жарманы жуу керек. Себебі жарма тұрған қапқа шаң, топырақ, сапасыз түйіршіктер түсіп кетуі әбден мүмкін. Оған қоса өнімді ұзақ сақтау кезінде кей өндірушілер жарманы зиянкестер мен ауа райы шартынан қорғау мақсатында оларды арнайы химиялық құраммен өңдейді. Нәтижесінде, жуылмаған қарақұмықты пайдалану денсаулыққа зиян болып шығады.

Қарақұмықты міндетті түрде жуудың негізгі себебі – фитин қышқылынан арылу. Фитин қышқылы жармалар мен бұршақ тұқымдастарда табиғи жолмен пайда болады. Ол күрделі эфир болып келеді және мүлдем қарама-қайшы қасиеттерге ие. Бұл қышқыл туралы ас үй ханшайымдары мынаны білуі тиіс: ол жарманың дәмін өзгертеді және оның асқазанмен сіңуін қиындатады. Фитиннен құтылу қиын емес, оны жақсылап жуу жеткілікті: жарманы кәстрөлге салып, үстіне салқын су құйып қойыңыз. Біраздан соң барлық ластық оның бетіне шығып, қарақұмық түбінде қалады. Сол кезде оның суын төгіп, қарақұмықты темір дуршлагқа салып, ағып тұрған судың астында бірнеше қайтара жуу керек. Бұл фитин қышқылын толықтай кетіреді.


05 ақпан 2020 ж. 984 0