Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – пациенттердің құқығын қорғайды
Медициналық сақтандыру қоры аурухана, емханалар ұсынған медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылауда ұстайды, – деп хабарлайды baq.kz
Қазақстанда пациенттер құқығын қорғайтын омбудсменнің міндетін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры атқарады.
Егер медициналық қызметтің сапасы мен көлеміне қатысты сұрақтарыңыз болса, тегін медициналық қызмет үшін ақша төлеуді талап етсе, емханаға тіркеуден немесе ауруханаға жатқызудан бас тартса, онда сіз шағымдана аласыз.
Бірінші. Әрбір медициналық ұйымда пациенттерді қолдау қызметі және ішкі аудит жұмыс істейді, олардың негізгі міндеті пациенттердің өтініші негізінде проблемалық және даулы мәселелерді шешу. Егер сіз көрсетілген медициналық қызметтің сапасына қанағаттанбасаңыз, медициналық қызметкер дөрекілік танытса, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер үшін ақша бопсаласа немесе басқа да проблемалық мәселелерге тап болсаңыз, кері байланыс үшін телефон нөміріңізді қалдырып, жазбаша шағымдануға құқылысыз. Пациенттерді қолдау қызметі туралы толық ақпаратты емхана немесе аурухана ресепшенінен білуге болады.
Екінші. MVoter мобильді қосымшасы арқылы да шағым қалдыруға болады. Барлық медициналық ұйымда – медициналық сақтандыру қорымен келісім-шартқа қол қойған мекемелерде арнайы QR кодтар орнатылған, пациент сол кодты сканерлеп, көрсетілген медициналық көмекті мынадай параметрлер бойынша бағалай алады: қабылдауды күту уақыты, қызмет көрсету, дәрігерлердің ұсынымдарының нақтылығы мен түсініктілігі, қызмет көрсету шарттары.
MVoter бағдарламасын қалай орнату керек?
PlayMarket немесе AppStore жүктеп алыңыз. Android платформасында жұмыс істейтін смартфондар үшін ол мына сілтеме бойынша қол жетімді; iOS үшін – мына сілтеме. QR кодын сканерлеңіз. Қысқа сауалнама шығады, сұрақтарға жауап бере отырып бағалай аласыз. Кері байланысты күтіңіз.
Үшінші. Егер медициналық ұйым қызмет көрсетуден бас тартса немесе көмек сапасыз болса, қолдау қызметі көмек көрсетпесе, ал MVoter қосымшасын жүктей алмасаңыз, онда медициналық сақтандыру қорының бірыңғай байланыс орталығына 1406 нөмірі арқылы қоңырау шалып, кез келген сұрағыңызға жауап аласыз.
Төртінші. Қордың сайтында "Халықтық бақылау" бөлімі бар, онда сұрақтарды жазбаша жолдауға, көңіліңіз толмаған қызметтер бойынша ұсыныстар мен шағымдар қалдыруға, ақша бопсалаған және заңсыз сыйақы талап еткендер туралы хабарлауға болады.
Бесінші. Әрине, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларға да @osmskz сұрақтарыңызды жолдауға болады. Қордың мамандары жауап бере отырып, әрбір шағымды жеке қарайды немесе жағдайды егжей-тегжейлі анықтау үшін өтініш авторымен байланысқа шығады.
Медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдар ұсынған медициналық көмектің сапасы мен көлемін қадағалайды. Мемлекеттік медициналық ұйымдар ғана емес, жеке меншік клиникалар да бақылауда болады. Қор үшін әрбір науқастың пікірі өте маңызды, өйткені көрсетілген медициналық қызметтерге ақы қызмет нәтижесіне қарай төленеді. МӘМС қоры халықтың берген бағасы медициналық мекемелерді қызмет сапасын арттыруға ынталандыратынына сенімді.