Өзге елдерде Жаңа жыл қалай тойланады?
Санаулы сағаттардан соң жаңа жыл төрімізге енеді. «Өткен жылға өкпеміз жоқ, жаңа жылдан үмітіміз зор» демекші, әрбір отбасы есіктен кіргелі тұрған жаңа жылды жақсы қарсы алуға тырысады. Олай дейтініміз, «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойы сондай жағдайда боласың» деген сенім бар. Ал бұл сенім-наным қайдан шықты? Жалпы қай елде жаңа жылды қалай қарсы алады? Жаңа жыл қарсаңында осындай қызықты ақпаратты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Әлемдегі ең таңғажайып мерекелердің бірі саналатын Жаңа жылдан барлығымыз ғажайыптар мен жаңалықтар, мол бақыт жаңа өзгерістер күтеміз.
Жалпы Жаңа жылдың тарихында оны жасыл шыршамен қарсы алу дәстүрі бар. Ол дәстүрді алғаш рет Ресейдің патшасы І Петр енгізген. 1 қаңтардан бастап жаңаша жыл санау басталып, мейрам таң атқанға дейін созылатын болған. Бұл жайында тарихшылар: «Осы күні бүкілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша Жаңа жыл, яғни 1 қаңтар – Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп тойлайды. Ол тойына «Рождество Христово» деп ат берген» – деп жазады.
Жапон халқы да Жаңа жылды 1 қаңтарда тойлайды. Олардың нанымы бойынша үйіне кіреберіске сабаннан жасалған байламдарын іліп қояды. Бұл «зұлым рухтарды» кіргізбес үшін жасалатын рәсім. Сондай-ақ Жаңа жыл кіретін сәтте олар жаппай қатты күледі екен. Күлу жетістік пен сәттілік шақыратын көрінеді.
Қытайда Жаңа жылда көше шерулері жасалады. Мыңдаған шырағдандар жағылып, Жаңа жылдың жолын ашу рәсімі жасалады. Бұл елде Жаңа жыл 17 қаңтар мен 19 қаңтар аралығында атап өтіледі. Үйлерінің есік-терезелерін бітеп, ішке залым рухтың кірмеуін қадағалайды.
Австралияда тіпті қызық. Бұл мемлекет қаңтардағы өзінің қатты ыстық ауа-райымен ерекше. Мұнда жаңа жыл күні Аяз ата мен Ақша қар суға түсетін киім киіп, сыйлықтарын таратады. Болгарлықтар Жаңа жылды үйде қарсы алады. Шырша жанында ән салып, сый-сияпат таратылады. Ең қызығы сағат тілі 12-ні соққанда жарық өшіріліп, Жаңа жылдық сүйісу үрдісі басталады. Осыдан соң адамдар жаппай бәліш жейді. Бәліштің ішіне жасырылып пісірілген тиынды кім тістесе, ол адам байлыққа кенеледі, ал раушан бұтағы болса, махаббатқа деп ырымдайды.
Италиялықтардың Жаңа жылды қарсы алу дәстүрі ескі заттарды терезеден лақтыруымен ерекше. Жаңа жыл түнінде қаншалықты көп зат лақтырылса, келер жылы соншалықты молшылыққа кенеледі деп есептелген. Ал жаңа жылдық сыйлықты Аяз ата емес, жүрегі жұмсақ фея – Ла Бефана әкеледі деген сенім бар.
Испандықтар бұл күні қоғамдық мейрам ретінде орталық алаңға асығады. Алаңда Жаңа жыл енісімен міндетті түрде 12 түйір жүзім жейді. Бұл рәсім арқылы алдағы жылғы тілектері орындалатынына сенген. Ал мерекеде бір-біріне қонаққа барғанда сыйлыққа шампан апаруға әдеттенген.
Отбасылық мерекеге балайтын Германия халқы отбасымен міндетті түрде мерекелік дастархан басына жиналады. Осы күні сый-сияпат алмасу дәстүрі орындалады. Ең басты тағам – лебкухен әзірленеді. Ол мейіз бен ұннан пісірілетін тәтті тағам, барынша үлкен болады. Мерекелік сыйлыққа бір-біріне көбіне ақша жинайтын құтылар беріледі. Финдердің жаңа жылдық мерекелік тағамы – кисель мен күріш ботқасы. Аяз ата сыйлық таратса, тұрмыс құрмаған қыздар болашақ жарының кім болатынына болжам жасатып, түс көруге асығады.
Жаңа жылды есіктен кіргізіп қарсы алу рәсімі британдықтарға тән. Сағат тілі 12-ні соғарда үйдің артқы есігін ашып, ескі жылды шығарады да, алдыңғы есікті ашып Жаңа жылды кіргізу ырымын жасайды.
Ал американдықтар Жаңа жылды алаңда қарсы алады. Адамдар бір-бірімен құшақтасады, автокөліктерінің дабылын барынша қаттырақ басады. Жаңа жылдың кіргенін білдіретін осы сәтте адамдар қара бұршақты қомағайлана жейді. Бұл тағамды тойып жеу арқылы оларға келген жылда сәттілік серік болатынына сенген.
Иә, «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей, біздің халқымыз да өзге халықтың дәстүрін жатсынбай, керісінше тез бейімделуге тырысамыз. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде мереке қарсаңында орталық алаңға шырша қойып, оның шамын жағамыз. Ал қоғамдық орындардағы жылтырақ безендірулер көздің жауын алады. Балаларымызға сыйлық әзірлеп, мерекеде жақсы әсер қалдыруға барымызды саламыз. Мұның барлығы сайып келгенде, өзге елдің дәстүріне еліктеу ғана. Себебі қазақтың жаңа жылы – Наурыз мерекесі. Күн мен түннің теңелетін шақта, жер бусанып, көктеп, жаңа күн басталғанда, ұлан байтақ даламызда Жаңа жыл басталады...
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ