Қан қысымын қалай өлшеп жүрсіз?
Артериялық қан қысымы – әр адамның өзіне ғана тән көрсеткіш және көптеген факторға байланысты. Десе де белгілі бір медициналық норма бар. Сондықтан оның көрсеткіштен ауытқуы дәрігерге адамның организмінде әлдененің дұрыс болмай тұрғанынан күдіктенуге мүмкіндік береді, деп жазады Stan.kz.
Алайда қан қысымының көрсеткіші өзгеруі мүмкін екенін ескеру керек. Мысалы, ол тәулік ішіндегі уақытқа және адамның жасына байланысты.
Артериялық қан қысымы деген не?
Бұл ұғымның астарында қанның қан тамырларының қабырғасына түсіретін күші жатыр. Артериялық қан қысымы көрсеткіштері адам жүрегінің қандай жылдамдықпен және күшпен жұмыс істейтініне, сонымен қатар оның бір минуттың ішінде өзінен өткізе алатын қанның көлеміне байланысты.
Жас бойынша мойындалған қан қысымының нормасы – жүректің, вегетативті жүйке жүйесі және эндокриндік жүйенің дұрыс жұмысының медициналық көрсеткіштерінің бірі.
Қан қысымының нормасы
Ересек адамның қалыпты қан қысымын тыныштық жағдайында ғана анықтау керек. Себебі кез келген физикалық немесе эмоционалдық күш қан қысымының көрсеткішіне үлкен әсер етеді. Адам организмі артериялық қан қысымын өздігінен бақылайды. Оған аздаған күш түскенде, бұл көрсеткіш шамамен 20 мм. сын. бағ-қа көтеріледі. Бұл күш түскен бұлшықеттер мен ағзалардың қанмен қамтамасыз етілуінің анағұрлым сапалы болуын талап етуімен түсіндіріледі.
Егер қан қысымының қандай көрсеткіші қалыпты екені туралы сөз қозғасақ, қазіргі уақытта медицина 91…139/61…89 мм.сын.бағ. аралығындағы көрсеткішті қалыпты деп мойындайды. Бұл орайда артериялық қан қысымының абсолютті нормасы - 120/80 мм.сын.бағ, аздап көтерілген көрсеткіші - 130/85 мм.сын.бағ, қалыпты түрде көтерілгені - 139/89 мм.сын.бағ. деп саналады. Ал бұл көрсеткіштің 140/90 мм.сын.бағ-тан жоғары көтерілуі ауытқу туралы ескертеді.
Қан қысымының қалыпты көрсеткіші:
- 20 жас – ер адамдарда – 123/76; әйелдерде – 116/75;
- 30 жасқа дейін – ер адамдарда 126/79; әйелдерде - 120/75;
- 30-40 жас – ер адамдарда – 129/81; әйелдерде – 127/80;
- 40-50 жас – ер адамдарда – 135/83; әйелдерде – 137/84;
- 50-60 жас – ер адамдарда – 142/85; әйелдерде – 144/85;
- 70 жастан жоғары – ер адамдарда – 142/80; әйелдерде – 159/85.
Адамның жасы ұлғайған сайын организмінде қалпына келмейтін процестер орын алады. Олар өмір бойына қан қысымының көтерілуіне әсер етеді. Адамның жасы қаншалықты үлкен болса, оның қан қысымы соншалықты жоғары болады.
Артериялық қан қысымы: жас бойынша норма
Адамның қалыпты қан қысымы қандай? Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі әр адамның қан қысымы өзіне тән ерекше болады. Медициналық оқу әдебиетінде 120/80 мм.сын.бағ. түріндегі көрсеткішті қалыпты деп қабылдауды ұсынылады. 20-40 жас аралығындағы адамдарда дәл осындай көрсеткіш тіркеледі.
16-20 жас аралығындағы қалыпты артериялық қан қысымы аздап төмен болуы мүмкін. Жалпы, тыныштық күйіндегі 100/70 мм.сын.бағ. қан қысымы физиологиялық норма болып табылады.
Қан қысымының көтерілуі ғана емес, оның төмендеуі де организм қызметінің нашарлауының белгісі болып табылады. Дәл осы себепті тонометрді қолдана білуді барлық дерлік аурудың алдын алудың жақсы әдісі деп айтуға болады. Қан қысымының өзгеру динамикасын бақылау үшін, арнайы күнделік жүргізген дұрыс.
Қан қысымын қалай дұрыс өлшеу керек?
Қан қысымын өлшеуге арналған тонометр аталатын құрал бар. Үй жағдайында автоматтандырылған немесе жартылай автоматтандырылған түрін қолданған ыңғайлырақ. Себебі қолмен жұмыс істейтін тонометр белгілі бір дағдыны талап етеді.
Қан қысымын дұрыс өлшеу үшін келесі нұсқауларды сақтаған жөн:
- қан қысымын өлшер алдында денеңізге күш түспеуі керек;
- шылым шегуге болмайды;
- тамақтанғаннан кейін бірден артериялық қан қысымын өлшеу дұрыс нәтиже көрсетпейді;
- қан қысымын өлшегенде ыңғайлы орындыққа отыру керек;
- арқаны әлденеге тіреп отырған дұрыс;
- қан қысымы өлшеніп жатқан қолды жүректің деңгейінде қою керек;
- қан қысымын өлшеген кезде қимылдамау және сөйлемеу қажет;
- қан қысымын екі қолдан да өлшеу керек (өлшеу аралығы – 10 минут).
Қан қысымының нормадан айтарлықтай ауытқуы дәрігерге жүгінуді талап етеді. Барлық диагностикалық процедурадан өткеннен кейін, тек дәрігер анықталған проблеманы емдеудің дұрыс әдісін тағайындай алады.
Қан қысымының нормадан ауытқуы: не себеп болуы мүмкін
Қан қысымының өзгеруіне әсер ететін себептер көп. Алайда келесі факторлар айтарлықтай жиі кездеседі:
- Жүректің бұрынғы тәртіпте және қажетті күшпен жұмыс істей алмауы.
- Қан сапасының өзгеруі. Жас ұлғайған сайын қан қоюлана түседі. Қан қоюланған сайын, оған тамыр бойымен ағу қиындайды. Қанның қоюлануына қант диабеті және аутоиммунді ауытқулар сияқты аурулар себеп болуы мүмкін.
- Қан тамырларының икемділігінің төмендеуі. Бұған дұрыс тамақтанбау, денеге көп күш түсіру, белгілі бір дәрілік препараттар алып келуі ықтимал.
- Қанда «нашар» холестериннің артуының салдарынан атеросклероз түйіндерінің пайда болуы.
- Гормондардың әсерінен қан тамылары саңылауларының күрт өзгеруі.
- Эндокринді бездердің дұрыс жұмыс істемеуі.
Қан қысымы ауытқуының себептерінің негізгі бөлігін өз бетіңізше жойып, денсаулығыңызды анағұрлым ұзақ сақтауға болады. Дұрыс тамақтану, белсенді өмір сүру, тыныш өмір сүруге тырысу және күйзеліске түсіретін жағдайлардан қашуға тырысу тәрізді қарапайым қағидалар қан қысымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Тамыр соғысының денсаулық көрсеткіші ретіндегі қызметі
Қан қысымынан бөлек, денсаулығыңыздың ахуалының келесі көрсеткіші – тамыр соғысы. Жүректің минутына 60-80 аралығында соғуы қалыпты саналады. Организмде зат алмасуы қаншалықты қарқынды болса, жүректің минуттық ырғағы соншалықты жоғары болады.
Сонымен қатар қан қысымының көрсеткіштері сияқты, әр жасқа сай өзіндік нормалары болады.
Тамыр соғысын өлшеу арқылы денсаулығыңызда қандай қиындық туындауы мүмкін екенін анықтауға болады. Мысалы, тамақтанғаннан 2-3 сағаттан кейін жүрек соғысының саны артса, адам астан уланған болуы мүмкін.
Ал ауа райындағы өзгерістер қатты әсер ететін адамдардың магнит бораны кезінде қан қысымы төмендейді. Мұндай кезде организм қан қысымын тиімді деңгейде ұстап тұру үшін, тамыр соғысын жиілетеді.
Ал тамыр соғысы күшейіп, соққысы анық сезілетіндей болса, бұл артериялық қан қысымының күрт жоғарылағанын аңғартады.