Қол терісін қалай күтеміз?
Қол терісі құрғақшылықтан, химикаттардан немесе қандайда бір ауру салдарынан қабыршақтануы мүмкін. Емдеу іс-шаралары мәселенің неден туындағанына байланысты жүргізіледі.
Қол терісі неден қабыршақтануы мүмкін?
Қол терісі көбіне дұрыс күтім болмағандықтан қабыршақтанады. Егер күніне бір рет ылғалдандырып отыруды ұмытсаңыз, суық күндері перчатка кимегенмен қатар, қорғаушы кремдерден бас тартқан болсаңыз, үй жуғыш құралдары құрамындағы химикаттармен жұмыс істегенде немесе бау-бақша жұмыстары кезінде арнайы перчатка кимесеңіз, қолдарыңыз зардап шегетіні сөзсіз, алайда мұнымен күресу жеңіл. Қабыршақтануға таз ауруы немесе тері жұқпасы, дәрі-дәрмекке әсершілдік, тершеңдік, гипервитаминоз себепкер болғанда мәселе қиындай түседі. Бұдан басқа, қолдың қабыршақтануы генетиканың бұзылуынан, улағыш некроздан және дерматит, эритродермия, экзема, ихтиоз, псориаз сынды тері аурулары салдарынан туындауы мүмкін. Егер күтім көрсеткеннен кейін де теріңіз қабыршақтана берсе дәрігерге қаралған жөн. Себебін анықталған соң дәрігер арнайы ем жазып береді. Бұл антибиотик, стероид, тазға қарсы қолданылатын препараттар болуы мүмкін. Сонымен қатар, дәрігер қабыршақтануға бейім теріні қалай күтуі керектігі жайлы кеңесін айтады.
Егер тері қызарып, жарылып кетсе, қышып дуылдаса, тартылып тұратын болса – онда тез арада дәрігер дерматологқа көрінген жөн.
Тері қабыршақтануына қолданылатын халықтық ем-домдар
Қол терісінің қабыршақтануын емдеуге арналған маска көбіне қолжетімді, күнделікті пайдаланып жүрген өнімдерден тұрады. Бұл:
- қияр;
- зәйтүн майы;
- бал;
- банан;
- сүт;
- сұлы.
Жас қиярды үккіштен өткізіп, езбені қолдың зақымданған жерлеріне жағып, жарты сағат ұстау керек, кейін жылы сумен жуып жіберіңіз. Бұл қарапайым маска теріңізді ылғалдандырып, жұмсартады. Емді 7-10 күн жүргізу қажет. Қол терісінің саулығы қайта қалпына келген соң, келеңсіздік қайта қайталанбас үшін масканы араға уақыт салып, тағы жасап тұрыңыз.
Сұлы қауызынан қолға арналған жылы ванна жасаңыз. Кішігірім, қолыңыз сыятындай тегенеге қайнаған су құйып, сұлы қауызын кофеүккіш арқылы үгітіп, тегенедегі суға салыңыз. Жылыған кезде қолыңызды суға салып, 10-15 минут ұстаңыз, кейін жылы сумен жуып, жұмсақ орамалмен сүртіп, ылғалдандырғыш крем жағыңыз. Сұлы ваннасы теріні жансыз жасушалардан тазартып, қолдарыңызға жұмсақ пилинг жасайды, онымен қоса теріні жұмсартып, тіртіркенуді басады. Тері қалпына келгенше масканы күнде кешке жасап отыру қажет.
Сүт – тері ылғалдандырғыш тамаша құрал. Сүт пен балдан жасалған құнарлы маска қол терісінің қабыршақтануын кетіруге көмектесе алады. Сізге ол үшін майлы табиғи сүт пен сұйық бал қажет. Екі үлкен қасық сүтті бір үлкен қасық балмен араластырып, қоспаны зақымдалған теріге ақырындап уқалап, сіңіп кеткенше жағыңыз. Тітіркенген теріге жылы сүттің өзінен-ақ ванна жасауыңызға болады. Антибактериалдық қасиеті бар балды да өзін бөлек пайдалана аласыз. Қабыршақтанған теріге балды жағып, 20-30 минуттай ұстап, жылы сумен мұқият жусаңыз жеткілікті. Қолдарыңыз кепкен соң міндетті түрде ылғалдандырғыш крем жағыңыз.
Балдың өзі мықты аллерген екенін ұмытпаңыз. Косметикалық құралдың құрамындағы бал кейбір кезде теріні қабыршақтандырып жіберетін қасиеті бар.
Жас банан езбесі, бір шөкім қант пудрасы және бір үлкен қасық қаймақты пайдаланып қол терісіне арналған маска жасауға болады. Масканы жарты сағаттай ұстап, теріні ылғалдандырыңыз. Бұл қоспа жарылғыш құрғақ теріні емдеуге жақсы көмектеседі.
Қабыршақтанған теріге зәйтүн майы да көмектесе алады. Маймен қолыңызды ысқылап, түнге қалдырыңыз.
Шөппен емдеушілер жалбызды ежелден экзема, дерматит сияқты қол тері ауруларына қарсы пайдаланған. Қабыршақтанатын тері үшін де бұл таптырмас құрал. Жалбыз жапырақтарын блендермен езіп, езбені қолдың зақымданған аймағына жақсаңыз жеткілікті. 10-15 минуттан соң жылы сумен жуып жіберіңіз.
Қол терісі қабыршақтануының алдын алу
Қол терісінің қабыршақтануы түрлі медициналық себептерден туындамаса, оңай емделетін мәселе. Қолды ыстық сумен емес, жылы сумен жуыңыз және көктем мезгілінде күннен қорғайтын майлы кремдер, ал күз бен қыста қорғаныш кремін пайдаланыңыз. Қолды күніне тым құрығанда бір рет ылғалдандырып, аптасына бір рет арнайы маскаларды жасап отыру қажет. Сумен, химикаттармен, топырақпен жұмыс істегенде арнайы перчаткаларды киюді ұмытпаңыз. Қол терісінің күтімінде В, С, Е тобындағы дәрумендерімен, йод және темірмен құнарландыру басты фактор болып табылады. Сәбіз, бауыр, қатты ірімшік, жаңғақ, мейіз және тағы басқа дәрумендер мен микроэлементтерге бай өнімдерді жиі тұтыныңыз. Сонымен қатар жеткілікті түрде су ішіңіз, өйткені оның жетіспеуінен бірінші кезекте тері зақым шегеді.
Ғаламтор көзінен алынды