Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өтірік өлеңнің шебері

Өтірік өлеңнің шебері

Қарттар күніне орай Зәкең туралы мақала жазуға редактордан тапсырма алғанмын. Жақсы ағаға жақын жүретін азаматтардан айтыс ақтаңгерінің ауыл­да екенін білдім.
– Ақын аға үйінде. Бірақ аздап сырқаттанып қалды. Сексен жас оңай емес екен, – деді ұялы телефон арқылы хабарласқан ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов. Көптен кездесудің сәті түспей жүр еді Зәкеңмен. Көңілін сұрайын, әрі сәлем берейін деп атқа қондық.
Ақжармаға жеткенше ой қанатына мініп, Зәкеңнің әлемін шама-шарқым келгенше зерттеп, жақсы аға­мен танысқан, сырласқан сәттерімді есіме түсірдім. Ақын ағамен бұдан қырық жыл бұрын танысып, шығармашылығының куәсі болып келемін. Бізді табыс­тырған өнерге, өлеңге деген іңкәрлік. Менің рухани ұстазым, сынып жетекшім болған ақын Балашбек Шағыров Зәкең екеуі бір ауылдың тумасы. Бірі – жазба, екіншісі – айтыскер ақын. Жастары да қарайлас. Әдебиет әлемінің босағасынан сығалаған біздер осы екі ақынды өзімізге үлгі тұттық десек артық айтқандық емес.
Заметдин аға Ибадуллаев 1939 жылы бұрынғы Шаң­дайкөл, қазіргі Ақжарма ауылында дүниеге келген. Шаңдайкөл жетіжылдық мектебін бітіргеннен кейін колхоз жұмысына араласқан. Балдәурен балалығы соғыстан кейінгі қиын уақытқа тап келгендіктен жас­тайынан еңбекпен есейген. Өзіне қара домбыраны серік етіп, той-томалақтарда, жиылған топта ойының ұшқырлығымен, тапқырлығымен көзге түскен. Сөйтіп «ақын бала» атанған. Өсе келе тойларда бет ашып, ауыл арасында, аудандағы сайыстарда топ жарып, облыстық, республикалық айтыстарда шыңдалды.
– Зәкең ең алдымен Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы, оның ә дегендегі өнерге басқан қадамы жыр-терме айтудан басталған. Ол бұрынғы бар шығармаларды айтушы ғана емес, өзі сол ізбен бірнеше дастан жазған эпик ақын. Оның төл шығармаларынан біз ертеде қолданып, архаизмге айналып бара жатқан, тілдік қорымызда қолданыла бермейтін ескі сөздерді де кездестіреміз. Бұл ақынның араб, парсы әдебиеті негізіндегі жыр-ғазалдарды жақсы білетіндігі. Зәкеңнің бойындағы ең ерек қасиеттерінің бірі – суырыпсалмалық, импровизациялық дарын. Өткен ғасырдың 80-жылдары өтірік өлең түріндегі айтыстан алдына жан салмаған ақын жаңа бір қырынан ашылды. Бұл асыл қазынамыздың ұмыт бола бастаған бір байлығы еді. Қазақ ауыз әдебиетіндегі «Қырық өтірікті» бәріміз білеміз ғой. Осы өтірік арқылы Тазша бала хан алдында қасқая сөйлеп өз дегеніне жеткен жоқ па? «Бірлік пен ынтымақ үшін айтылған өтірік кешірімді» демеп пе еді қасиетті кітаптарда?! Ендеше астарына шындықты жарқырата салып, өтірікпен өрелі сөз айта білген қазекем неткен дана десеңші, – дейді белгілі ақын Дүйсенбек Аяшұлы З.Ибадуллаевтың «Жылдар мен жырлар» атты кітабына жазған алғысөзінде. Ақын туралы ақын ғана осылай сөз арнаса керек.
Заметдин ағамыз өміріне өлеңді серік ете жүріп туған ауылының көркейіп, кемелденуіне үлес қосты. Күрішші, бау-бақша бригадасының бригадирі болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ауылын имандылыққа ұйытып, ауыл мешіне имамдық етті. Екі рет Мекке-Мәдинаға сапар шегіп, қажылық парызын өтеді.
Жоғары, арнаулы оқу орындарында оқуға мүмкіндігі болмай, орта біліммен шектелсе де ол көп ізденіп, айтыс өнерінде өзіндік із қалдырған талантты ақын. Әсіресе өтірік өлең жанрында жарқырап көзге түсіп, Дүйсенбек айтқандай, қиялы ұшқыр, ойы терең Зәкең бағзы бір замандағы Тазша баланы тірілтіп, өлең өлкесінде ғажайып із қалдырды. Бұл да таланттың құдыреті.
Осындай ой жетегінде Ақжарма ауылындағы айтыстың ақтаңгерінің біріне маңдай тіредік.
– Кәрілік пе, аздап сырқаттанып қалдым. Бірақ көңілім көтеріңкі. Қолымдағы ұлым мен келінім Кенже бабымды жасап, күтіп жатыр. Басқа балаларым да келіп, жағдайымды біліп тұр. Өзің де естіп жатқан шығарсың, ауданды басқаруға Руслан Рүстемұлы келгелі екі үлкен қуанышқа кенелдім. Бірі – ауданның Құрметті азаматы атағына ұсынылсам, екіншісі менің атымдағы ақындар клубы ашылғалы жатыр. «Ақынды бағалаңдар тірісінде» дегендей жан дүниесі бай, руханиятқа сусындап өскен білікті басшыға ризашылығым шексіз, – дейді Зәкең тебіреніп.
Арқалы ақын, дәстүрлі дінге шынайы қызмет жасап жүрген абзал жан Заметдин ағамыз егде жасына қарамастан жас ұрпақтың қадесіне жарайтын үш кітапты өлеңмен жазып шығыпты. Олар «Ақжарма жырлары», «Жылдар мен жырлар» және «Бағдары ауған пенделер» деп аталады.
Саналы өмірінде адал еңбегімен жұмысшыдан бри­гадирлікке дейін көтерілген, сонан кейін хақ дінімізге абыройлы қызмет жасап келе жатқан арқалы ақын өлең деген ғажайып өлкеде өзіндік із қалдырып келеді. Олай болса, шығармашылық иесіне зор денсаулық, шалқар шабыт тілейміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
01 қазан 2019 ж. 864 0