Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қатерлі ісіктің қауіптілігі жоғары

Қатерлі ісіктің қауіптілігі жоғары

Қазақстанда жылына 15000 адам обырдан көз жұмады. Зерттеуші-ғалымдардың деректері бойынша, елімізде жылына 30 мыңнан астам адам обырдың құрығына ілінеді екен. Соның тең жартысы, яғни 15 мыңы дәрігерге кешігіп келгендіктен, ажал құшатын көрінеді. 2009 жылы алғашқы рет Қазақстанда қатерлі ісік ауруларына шалдығушылық қанайналым жүйесі ауруларынан кейін екінші орынға шықты. Қатерлі ісік ерте кезеңде анықталған жағдайда, емдеу сәтті өтуі мүмкін.
Халықтың ақпараттандырылу деңгейі мен медициналық сауатын арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарында онкология мәселелерін барынша кеңінен жариялау қажет. Обыр неғұрлым ертерек анықталған болса, оны емдеу үміті соғұрлым көбірек болады. Дамыған елдерде обырдың тері, жатыр мойнағы, сүт безі, қуықасты безі, жуан ішек обыры сияқты түрлерінен болған өлім-жітімді төмендету тұрғындарға жаппай скрининг өткізу бойынша мамандандырылған бағдарламалардың нәтижесі болып табылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында онкологиялық диагноздан болатын өлім-жітімді азайту мәселесін алғашқы кезекке қойды.
Әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Өзін-өзі күтіп, мезгілімен дұрыс тамақтанса, әрі ішімдік ішу мен шылым шегуден аулақ жүрсе, ондай адамға аурудың қай түрі де жоламайды. Ол үшін салауатты өмір сүру салтын сақтап, спортпен айналысуы керек. Бұл жөнінде атам қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп баяғыда-ақ айтып кеткен. Біздің қазақ - денсаулығына немқұрайлы қарайтын халықтың бірі. Қатерлі ісік ауруына ұшырағанын сезіп тұрса да, дәрігерге олар ауруын әбден асқындырып алып барады. Сондықтан әр адам ауырып емес, ауырмай тұрып алдын ала дәрігерге қаралуы тиіс. Сонда ғана қоғам ауру-сырқаудан тазарып, салауатты өмір салтын құрады.
Аты жаман аурудың алғашқы белгілеріне төмендегі құбылыстар жатады:
бүкіл ағзаның жалпы әлсіздігі, тәбеттің болмауы, ұйқының жоғалуы, шаршағандық, іштің қатуы, жүректің айнуы, ауыздың құрғақтануы, буындардағы, асқазандағы аурулар, бастың жиі айналуы, ұмытшақтық, есінен танып қалу, кенеттен салмақтың жоғалуы.
Көптеген адамдар бұл белгілерді әлсіздік пен шаршағандық деп ойлауы мүмкін. Бірақ, әрдайым денсаулыққа салғырт қарауға болмайтынын есте сақтаған жөн. Мұндай белгілердің бірнешеуі анықталған кезде дереу дәрігерге бару қажет. Обырдың бірінші белгілері аурудың даму үрдісі ертеректе басталғанын білдіреді, ал бастың айналуы, салмақтың жоғалуы және белсенділіктің төмендеуі сырқаттың үшінші кезеңін бейнелейді. Бірінші белгілер пайда болған кезде уақытты кетірмей, міндетті түрде флюорография, рентген, УДЗ және эндоскопиялық зерттеу жасау қажет.
Қатерлі ісіктің пайда болу себептері: Рак деген қазақша-" Қатерлі ісік " немесе "Обыр". Неден пайда болтыны әлі нақты дәлелденбеген, бірақ осы саладағы ғалымдар аты жаман ауруға шалдықтыратын үш факторды айтады.
1.ФИЗИКАЛЫҚ ФАКТОРЛАР: Радиация яғни радиоактивті элементтер шығаратын сәулелер,ультракүгін сәулесінің( жасанды загар алушыларға) шамадан тыс көп болуы.
2.ХИМИЯЛЫҚ факторлар: Канцероген заттардың әсері. ( Қурылған ,маринадталғантағам түрлері, темекі, калян, насыбай, нашақорлық т.с.с.)
3. БИОЛОГИЯЛЫҚ факторлар: Кейбір қауіпті вирустар, мысалы: әйелдер жатыр мойнының қатерлі ісігін вирус тудырады, және сол вирусқа қарсы екпе де бар.
Бұл үшеуі де сыртқы ортаның әсерлері. Бұдан басқа ішкі ортаның да әсері бар. Олар: Иммунитеттің төмендеуі, әсіресе вирустық ауруларға. Сосын зақымданған ДНК- ның яғни бұзылған геннің қайта қалпына келу қасиетінің төмендеуі.
Бірақ, бідің өмірімізде осының бәрі аралас денсаулығымызға кері әсерін тигізіп жатады, Сондықтан жаман әдеттерден арылайық ағайын!!! Мысалы: темекі шегу, насыбай, арақ ішу, калян тарту, жеңіл жүріс, нашақорлық деген сияқты!


Г.Бекпенбетова,
Амангелды ДА дәрігері
18 қыркүйек 2019 ж. 835 0