Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Иран Қазақстаннан 1 миллион тонна бидай сатып алады

Иран Қазақстаннан 1 миллион тонна бидай сатып алады

Иран қайтадан Қазақ елінен бидай сатып алатын болды. Бұл жөнінде Қазақстан мен Ресей үшжақты келісімге қол қоймақ, деп хабарлайды 24.kz.

Ұзақ уақыт Теһран бидай импортына шектеу қойып келген болатын. Ал жаңа келісім Ислам республикасына бидайды көршілес елдерге сатуға жол ашады. 

Соңғы үш жылда Иран шетелден бидай сатып алмады. Өз фермерлеріне қолдау көрсетіп, елде мол астық өнген. Алайда былтыр қуаңшылықтың салдарынан егіс қурап қалды. Тапшылық байқалмағанмен, өнім жоспардан аз жиналған.

Экономисттердің есебінше, Иранның ішкі нарығына шамамен 12 миллион тонна бидай қажет, ал елдің 24 миллион тонна өңдеуге қауқары бар. Ресей мен қазақстандық астықтың артылғанын өңдеп, көрші елдерге экспорттауды жоспарлаған.

«Теһран сапасына байланысты қазақстандық бидайға назар аударған. Сапасы өте жоғары, әсіресе одан арғы өңдеу үшін. Астықтың бір бөлігін өз қажеттерімізге жұмсап, қалғанын өңдеп, Ауғанстан, Сирия мен Иракқа жеткізуді көздеп отырмыз. Біз сұраныс жоғары болатынына сенімдіміз. Өйткені көрші елдеріміз бидай мен ұн тұтынудан әлемде алдағы орында тұр», – дейді Теһран кәсіпкерлер қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Мортеза Мири. 
13 ақпан 2019 ж. 871 0