Тоқаев президенттігінің жеті жылы: Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштері қалай өзгерді
Жаһандық экономика, қаржы және инвестиция мәселелеріне маманданған британдық іскерлік басылым The World Financial Review Қазақстанның шикізаттық сектордан тыс инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтіп жатқаны туралы мақала жариялады. Онда Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері посткеңестік экономикадан Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға дейінгі жолдан өткені атап көрсетіледі. Бұл ретте елдің табиғи ресурстарға бай болуы оның дамуында маңызды рөл атқарды: мұнай-газ секторы шетелдік капитал тартуға, экспорттық кірістер көлемін арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, шикізатқа негізделген модельдің кемшін тұсы да болды, ондаған жыл бойы ел экономикасының көрсеткіштері әлемдік шикізат бағасына тығыз байланысты болып, ал мұнайдан түсетін табысқа тәуелділік экономиканы әртараптандыру мүмкіндігін шектеді.
Авторлар Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындағанын атап өтеді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және жеке кәсіпкерлікті кеңейту экономиканың жаңа өсу көздерін қалыптастырып, елдің шикізат нарықтарына тәуелділігін біртіндеп төмендетуге бағытталған.
Бұл өзгерістердің нәтижесі экономикалық көрсеткіштерден де көрінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асып, жеті жылда 52,9%-ға өсті. 2021–2025 жылдары Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 114,2 млрд долларды құрады. Ал 2019–2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 155,8 млрд долларға жетті.
Қазақстан халықаралық бизнеске арналған инвестициялық ұсыныстарын біртіндеп кеңейтіп келеді. Елдің дәстүрлі артықшылықтары – қуатты ресурс базасы мен Еуразияның ең ірі нарықтарының арасындағы тиімді орналасуы – қазіргі таңда өсіп келе жатқан ішкі нарық, жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы, сондай-ақ логистикалық және цифрлық инфрақұрылымның дамуымен толықтырылып отыр.
Қазақстан Еуразияның транзиттік хабына айналуда
The World Financial Review басылымы Қазақстан туралы жаңа материалында елдің Еуразиядағы ірі экономикалық орталықтардың арасындағы орналасуы көлік инфрақұрылымының дамуы мен сыртқы сауда байланыстарының кеңеюі жағдайында барған сайын маңызды мәнге ие болып келе жатқанын жазады.
Соңғы жеті жылда елде 36 300 шақырым автомобиль жолы салынып, жөндеуден өтті. Сонымен қатар шамамен 5 000 шақырым теміржол желісі салынып, жаңғыртылды. Бұдан бөлек, 110 теміржол стансасында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
Көлік желісін дамыту Қазақстанның транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтады. Халықаралық компаниялар үшін бұл тарату орталықтарын орналастыруға, өңірлік жеткізілімдерді ұйымдастыруға және қазақстандық өндірісті халықаралық құн тізбегіне интеграциялауға жағдай жасайды.
Инфрақұрылымдағы өзгерістер сыртқы экономикалық қызметтің кеңеюімен қатар жүруде. 2025 жылы Қазақстанның тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша сыртқы сауда айналымы $170 млрд-тан асып, бес жыл ішінде 40,5%-ға өсті.
Көлік байланысы халықаралық инвестициялық ынтымақтастық бағыттарының біріне айналуда. 2026 жылы Қазақстан мен ЕҚДБ 2030 жылға дейін есептелген жаңа бес жылдық келісімге қол қойды. Ол жеке секторды, тұрақты инфрақұрылымды, цифрландыруды, Қаржы нарығын дамыту және Қазақстанның өңірлік сауда-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайту бойынша бірлескен жұмысты көздейді.
Дамып келе жатқан көлік инфрақұрылымы мен өсіп келе жатқан сауда ағындарының үйлесімі логистика, қойма, көлік қызметтері және экспортқа бағытталған өндіріс саласында мүмкіндіктер ашады.
Қазақстан халықаралық капитал үшін жаңа бағыттарды ашуда
Соңғы жылдардағы экономикалық трансформация елдің дәстүрлі шикізат секторынан тыс инвестициялық мүмкіндіктерін біртіндеп кеңейтуде. Өңдеу өнеркәсібін, көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын және цифрлық қызметтерді дамыту халықаралық капитал үшін жаңа бағыттарды ашуда. Бұл туралы The World Financial Review британдық іскерлік басылымының мақаласында айтылған.
Қосымша фактор ретінде экономиканың сыртқы міндеттемелер құрылымындағы өзгерістерді атап өтуге болады. Бес жыл ішінде сыртқы борыштың ЖІӨ-ге қатынасы 83,1%-дан 59,4%-ға дейін төмендеді, бұл салыстырмалы борыштық жүктеменің азайғанын көрсетеді.
Әрине, әртараптандырылған экономикалық модельге көшу ұзақмерзімді міндет болып қала береді. Ол Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығында да көрініс табады. Дүниежүзілік банктің 2026–2031 жылдарға арналған жаңа елдік бағдарламасы инфрақұрылымды дамытуға, экономиканың орнықтылығын арттыруға және өнімділігі жоғары әрі инновациялық жеке секторды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Негізгі басымдықтардың бірі жеке капиталдың қатысуын кеңейту және экономикалық өсудің өндіруші салаларға тәуелділігін төмендету болып саналады.
Қазақстанның экономикалық бағыты осы міндеттерді шешуге бағытталған. Бұл саясатты одан әрі жүзеге асыру елдің жаңа салаларды дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жинақталған ресурстық әрі инвестициялық әлеуетті қаншалықты тиімді пайдалана алатынына байланысты болады.









