2026 жылы ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз қалады

Бұған дейін Еңбек министрі Светлана Жақыпова 2025 жылдың соңына дейін жалақы көлемін арттыру мүмкіндігі қарастырылатынын айтқан. Алайда Қаржы министрі Мәди Тақиев бұл тек есеп-қисап екенін, нақты шешім қабылданбағанын түсіндірді.
«Біз есеп жүргіздік. Орташа есеппен бұл көрсеткіш 90 мың теңге болуы тиіс. Бірақ қазіргі жағдайды ескере келе, бұрынғы деңгейде қалдыруды жөн көрдік», деді министр.
Ал Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин: «Қазірше ең төменгі жалақыны өсіру жоспарда жоқ. Қазіргі мөлшері – 85 мың теңге», деп нақтылады.
Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, ең төменгі жалақыны (АӘТ) арттырмау – елдегі бюджеттік шектеулерден туындаған амалсыз қадам.
«Мәселе халықтың жағдайында емес, оны көтеруге қазынада қаражат жоқ», – дейді ол.
Сарапшының мәліметінше, бюджеттегі 10 трлн теңгеге жуық тапшылық ең төменгі жалақыны өсіруге мүмкіндік бермейді. Себебі АӘТ өссе, басқа да жалақы түрлерін индекстеу қажет болады, бұл тапшылықты күшейтеді.
Бейсембаев бұған дейін АӘТ-ті орташа жалақыға сәйкестендіру әдісі қаралғанын айта отырып, егер бұл ұсыныс іске асса, жалақы 150 мың теңгеге жетуі тиіс еді дейді. Алайда жобадан бас тартуға тура келген.
Сарапшы қазіргі АӘТ нақты экономикалық көрсеткіштерге негізделмегенін және инфляцияны ескермейтінін атап өтті.
«Баға өсіп жатқанда, АӘТ бұрынғы деңгейде қалса, халықтың сатып алу қабілеті төмендей береді», дейді ол.
Арман Бейсембаев инфляция мен бюджеттік тапшылықтан бөлек, ең төменгі жалақыны өсіруге кедергі келтіріп отырған бірқатар жүйелі себептерді атады. Сарапшының пікірінше, бұл — еліміздегі төмен еңбек өнімділігі, экономиканың әртараптандырылмауы және шикізатқа тәуелділік.
«Біз табиғи рентаны жеп қана қоймай, экономиканы дамытуға пайдалануымыз керек еді», дейді ол.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық пен капиталдың сыртқа кетуі де ел ішінде экономикалық серпіннің әлсіреуіне ықпал етіп отыр. Бұл факторлар азаматтардың әл-ауқатын көтеруге кері әсерін тигізуде.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан биыл ЕАЭО елдері ішінде жалақы өсімі бойынша соңғы орынға түскен. Мұның бәрі әлеуметтік шиеленіске себеп болып, тек АӘТ көлемін емес, жалпы экономикалық жүйені қайта қарау қажеттігін көрсетеді.
Сарапшы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, 2026 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 95-100 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін еді.
«Бізде инфляция онсыз да жоғары. «Инфляцияға және бюджет тапшылығының ұлғаюына осы ықпалды орташа жалақыға дейінгі шекте бюджеттік және мемлекеттік органдардың жалақысын кезекті индекстеуді жүргізе отырып, компенсациялауға болады. Бізде инфляцияның негізгі себебі билік құрылымдарының жоғары жалақыларының өсуі және/немесе индекстелуі болып табылады» дейді сарапшы.
Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ