Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қойма тапшылығы қымбатшылыққа ұрындырады

Қойма тапшылығы қымбатшылыққа ұрындырады

Елімізде көкөніс пен жеміс-жидектерді көктемге дейін сақтау үшін картоп қоймаларының қуатын үш есе, жеміс-жидек қоймаларының қуатын екі есе арттыру қажет. Мұндай нысандарды салудың қарқынына қарағанда, көзделген меже 2025 жылдың соңына дейін орындалмауы мүмкін, деп хабарлайды Егемен.кз.

Еліміз көкөністердің негіз­гі­ түрлері бойынша ішкі нарық­тың қажеттіліктерін толық қам­та­ма­сыз­ етеді. Былтыр 4,1 млн тон­на­ картоп, 621 мың тонна­ сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат өнді­ріл­ді.­ Алайда жеміс-көкөніс өнім­де­рін өндірудің едәуір көле­мі­не қа­рамастан, қыс-көктем кезе­ңін­де сақтау қуатының төмен­ді­гіне байланысты нарықта отан­дық көкөністер ұсынысының тө­мендеуі байқалды. Бұл нарық­та­ импорттық өнімнің көбеюін және маусымаралық кезеңде ба­ға­ның көтерілуін тудырады. Сондықтан бұл түйіннің ше­шімі ‒ көкөністерді сақтау қуа­тын арттыру. Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ербол Қара­шө­кеевтің айтуынша, қазірде рес­публика бойынша жалпы сақтау сыйымдылығы 1 952,8 мың тонна болатын 1 208 қойма бар. Көкөністерді сақтау сыйымдылығын арттыру мақ­са­тында 2025 жылға дейін кө­кө­ніс қоймаларын салу және жаң­ғырту жөніндегі кешенді жос­пар бекітілді. Оның аясында соңғы екі жылда жалпы сақтау көлемі жоспарланған 181,5 мың тоннаның орнына 200,8 мың тоннаға 37 жоба жүзеге асырылды. Ал осы жылдың соңына дейін 111,5 мың тонна өнімге 29 жо­баны жүзеге асыру жос­парла­нып отыр. Бұл рет­те сақ­тау қуаттарымен қам­та­ма­сыз­ ету бойынша нақты көрі­ніс­ті бел­гі­леу үшін Ауыл ша­руа­шы­лы­­ғы ми­нистрлігі Сауда және ин­те­­гра­ция­ минис­тр­­лігімен және об­лыс әкім­­дік­те­рімен бірлесіп бар­лық қой­­ма­ға тексеру жүргізеді.

Картопты, басқа да көкөніс­тер мен жемістерді сақтайтын қоймалар үш санатқа бөлінеді. Қоймалардың ең көп бөлігі, мысалы, 770-і көкөністерді контейнерлерде сақтауға арналған. Онда 1,3 млн тоннадан астам сәбіз, қызылша, қырыққабат, пияз сақтауға болады. Сауда және интеграция министрлігі жүр­­гізген талдауға сәйкес, бұл көкө­ністерді сақтау қуаттылығы жет­кілікті деуге болады. Бірақ қал­ған екі санат ‒ картоп пен жеміс сақтау қоймалары тапшы. Біріншісінің қуаттылығы егін­нің тауарлық көлемінің 36,5%-ына ғана жетеді (ол 1,4 млн тонна). Жемістерді сақтауға ар­нал­­ған қойма да жеткіліксіз: қол­да­ныс­­тағы қоймалар көктемге де­йін сақталуы қажет жеміс көле­мі­нің 43,8%-ын ғана (196,5 мың тон­н­а) сақтай алады. Жалпы, өт­кен жыл­дың­ соңында барлық үш сақ­тау­ сана­тындағы орташа­ тап­шы­­л­ық дең­гейі 35,4%-ды құрады.

Еnergyprom ақпараты бойынша, 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың сәуіріне дейінгі кезең­дегі көкөніс бағасы индек­сі­­нің динамикасына сүйеніп, бұл үр­дісті байқау қиын. Былтыр ин­ф­л­я­циялық қысымның әсері тым­ қат­ты болды. Көкөніс қой­ма­­лары­ның аздығынан басқа, баға­ның өсуі­не көптеген ішкі және сырт­қы­ фактор да ықпал етті. Ресей мен­ Украина арасындағы әске­ри­ қақтығыс салдарынан 2022 жыл­­дың наурыз-сәуір айларында көп­теген тауар, соның ішінде кө­к­ө­ніс бағасы өсті. Қырыққабат ‒ 3 есеге жуық, картоп ‒ 37,8%, сәбіз ‒ 42,3%, қызылша ‒ 74%, пияз ‒ 34,2% қымбаттады. Биыл нау­рыз-сәуір айларында осы тауар тобындағы өнімдерге баға ин­декс­тері соншалықты жоғары бол­ған жоқ (пиязды қоспағанда). Бірақ салыстыру бір маусымнан­ кейін, жаңа астық жиналып, эко­номика дағдарыстан ес жия бас­та­ған былтырғы жоғары базаға негіз­делгенін ескеру керек.

Бірақ баға индекстерін ресурстар мен пайдалану тепе-теңдігі туралы ақпаратпен салыстыру ауыл шаруашылығы министрінің тезисін растайды. Статистикаға қарағанда, бізде ең көп өскені ‒ импортқа тәуелді көкөністердің, әсіресе қырыққабат пен пияздың бағасы. Өндірушілеріміз ішкі нарыққа қажетті қырыққабат кө­ле­­­­мі­нің 83,4%-ын, пияз көле­мі­нің 98,4%-ын өсіреді. Бұл рет­те пиязды­ ша­мадан тыс экс­порттамағанда, бұл өнім импортсыз да жеткілікті болар еді. Алайда ішкі нарықта пияз тапшы болса да, жеткізушілер оларды тұрақты түрде шетелге сатуға жіберген. 2022 жылдың қоры­тын­ды­сы бойынша, елімізден 178,6 мың тонна пияз экспортталды. Нәтижесінде, бұл көлем 196,4 мың тонна импорт есебінен өтелуге тиіс болды. Осы себепті Сыртқы саясат жөніндегі ведомст­во­­аралық комиссия тіпті экспортқа уақытша тыйым салуға, кейіннен пияз­ды квотамен сатуға дейін барды. Өнімнің елден жаппай шығарылуын болдырмау және оның бағасын тұрақ­тандыру үшін комиссия пияз экспортына 3 ай мерзімге тыйым салу туралы шешім қабыл­да­ған­ болатын. Үшінші елдердің қазақ­стандық пиязға деген сұра­ны­сы Азия мен әлемдегі ең ірі пияз өндірушілердің бірі ‒ Пәкіс­тан­да­ғы табиғи апаттармен байланыс­ты.­ Бұл елдегі су тасқыны әлем­де, оның ішінде біздің елдің нары­ғын­да пияз бағасының өсуіне әкел­ген. Республикамыздың оң­түс­тік өңірлерінде, сондай-ақ Өзбек­станда өнімнің қатты аязда үсіп кетуі оның құнына қосымша сал­мақ болды. Сонымен қатар был­тыр елдегі пияздың шығымы 1,1 миллион тоннаны құрады. Бұл рет­те ел тұрғындары жыл сайын бұл көлемнен 3 есе аз, орташа есеп­пен алғанда 315 мың тонна тұтынады.

Көкөніс қоймаларының жетіс­пеу­шілігінен басқа, азық-түлік сақ­тау жүйесінде басқа да күрделі мәсе­лелер бар. Айталық, көкөніс қоймаларының қажетті климаттық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі төмен. СИМ мәліметінше, 1,2 мың көкөніс қоймасының тек 16,6%-ы­ ғана тоңазытқыштармен, микро­климатты және белгілі бір ылғалдылық деңгейін құру жүйелерімен жабдықталған. Бұл аспектілер өте маңызды, өйткені арнайы сақтау шарттары болмаса, қоймалардағы пияз шіріп, сәбіз кебеді және алма өзінің тауарлық сипатын жоғалтады. Қазіргі уақытта Ұлттық статистика бюросы көкөніс қоймаларындағы тауар қалдықтары және бүлінген тауарларды кәдеге жарату көлемі туралы ақпаратты қадағаламайды. Бірақ көкөністердің бүлінуінен егін шығыны орын алатынын бұқаралық ақпарат құрал­да­рын­дағы тұрақты жарияланымдар растайды. Сондай жағдай Қызыл­орда облысында орын алды. Қыста бағаны ұстап тұру үшін облыстық ӘКК сатып алған 126 тонна көкөніс жаз шыға бұзы­лып, тұрақтандыру қоры қойма­ла­рынан қоқысқа апарылып тас­та­л­ғаны белгілі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter па­рақ­­­­­шасында қой­ма­­ларда д­ұ­рыс­ сақ­тамау салдарынан егін шы­ғы­­ны жиналған өнімнің жалпы кө­ле­мі­­нің 35%-40%-ын құрай­тынын жаз­ған еді. «Ауыл шаруа­шылығы өнім­дерін сақ­тау мен өткізудің зама­науи­ инфра­құ­ры­лы­мын құру жұ­мыстарын жеделдету қажет. Көп жағдайда дәл оның жоқтығы дел­далдық құры­лым­дардың шамадан тыс өсуіне және бағаның кө­терілуіне әкеледі. Жыл са­йын 8 миллион тоннадан астам кө­көніс пен картоп жинайтын көкөніс қоймаларының жал­пы сыйымдылығы небәрі 1,7 миллион тоннаны құрайды. Соның өзінде бұл тым жоғары баға­ланған көрсеткіш сияқты», деді Мемлекет басшысы.

Бұл жағдайға еліміздегі кө­кө­­ніс қоймаларының үштен бір­ бөлігінің 20 жылдан астам жұ­мыс істеп тұрғаны да әсер етіп­ отыр. Қажеттіліктің артуы­на­ қара­мастан, елде жаңа қой­­ма­лар­ды­ салу қарқыны төмен болып қалу­да. СИМ мәліметінше, 2021-2022 жылдары сыйымдылығы 181 мың тоннадан асатын көкө­ніс қоймалары салынды. Биыл та­ғы 104,6 мың тонна көкөніс сақ­тайтын қоймаларды пайда­ла­­ну­ға беру жоспарлануда. Ведомст­во­ның­ бағалауынша, бұл жалпы қуат тап­­шы­лығын небәрі 4,6 пайыздық тар­маққа, 2020 жылғы 36,5%-дан биыл­ғы желтоқсандағы 31,9%-ға де­йін қысқартады.

Қолданыстағы көкөніс қой­ма­­­­ла­­рын салу мен жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі кешенді жос­­па­­­рын­да қарастырылғандай, 2024-2025 жылдары көкөніс сақ­тайтын жа­­ңа қоймалардың сыйым­дылығы 49,6 мың тонна болады. Өкінішке қа­рай, олар жалпы жағдайға ай­тар­­лықтай әсер етпейді. Бұл ретте тап­шы­лық тек 30,2%-ға дейін ғана төмен­дейді. СИМ 2026 жылдан 2030 жылға дейін жыл сайын сы­­йым­­дылығы 180 мың тонна кө­көніс сақтау қоймалары са­лын­­­­ғанда ғана елдің картоп пен же­міс сақ­тайтын қоймаларға деген­ қ­а­жет­­тілігі толығымен жабылаты­нын­ есептеп отыр.

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
15 маусым 2023 ж. 175 0