Жер учаскелерінің пайдалану жағдайына бақылауды күшейтудің маңыздылығы
Бүгін әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының басшысы Шайхиев Рысбек төрағалығымен жерді тиімді пайдалану үдерісіне және пайдаланылмайтын жерлерді қайтаруға бақылауды күшейту жөніндегі мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сәйкес кездесу өтті.
Аудандағы үлеспен құрылған шаруашылық құрылымдары басшылары қатысуымен өткен кездесуге “ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментінің жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінің” басшысы Мұхамбетжан Тілеуов арнайы қатысты.
Мұхамбетжан Әнуарұлы сөз кезегінде – жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылары жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде – оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға міндетті екенін атап өтті. Мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органдар, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқаманы табыс еткен күннен бастап ҚР Салық Кодексінің талаптарына сәйкес, базалық салық мөлшерлемелері жиырма есеге ұлғайтылатындығы бойынша түсіндірме берді.
Сонымен қатар, жайылымдық жер учаскелері бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына төрт-түлік мал басын тіркеп, инженерлік жүйеге келтірілген суармалы егістікте ауыл шаруашылығы дақылдарын егу кезде кезектестіру схемасын (ротация) қатаң сақтау арқылы жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану қажеттілігі жөнінде нақты айтылды.
Шаруашылық төрағалары тарапынан туындаған проблемалық сұрақтар мен ұсыныстар назарға алынып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ