10 айда игерілген қаржы – 99,6 пайыз

Мемлекеттік және жергілікті бюджет қаржысы – мемлекеттік қазынаның бір бөлігі. Бюджет қоғам дамуының нақты кезеңінде неғұрлым маңызды міндеттерді шешуге қызмет етеді.
Аудандық қаржы бөлімінің басшысы А.Есмағанбетованың айтуынша, жоспарлы жұмыстар атқарылып, биылғы 10 айда түскен түсімдер 10835,9 млн теңгеге немесе 101,6%-ға орындалған. Асыра орындалғаны 169,0 млн теңге. Оның ішінде, ауданның өз кірістері 3569,5 млн теңгеге немесе 103,8%-ға орындалып, 130,7 млн теңге артық түскен.
– Түсім түрлеріне жеке тоқталатын болсақ, салықтық түсімдердің болжамы 103,6 пайызға (жоспары 3415,1 млн теңге, нақты түсімі 3539,5 млн теңге), салықтық емес түсімдердің болжамы 136,7 пайызға (жоспары 9,6 млн теңге, нақты түсімі 13,1млн теңге), негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің жоспары 119,9 пайызға (жоспары 14,1 млн теңге, нақты түсімі 16,9 млн теңге) орындалып отыр. Республикалық және облыстық бюджеттерден 6896,8 млн теңге трансферттер алынды. Оның ішінде, субвенция – 4309,2 млн теңге (100%), ағымдағы нысаналы трансферттер – 1805,4 млн теңге (99,5%), дамуға арналған нысаналы трансферттер – 782,2 млн теңге (100%). Аталған мерзімде қарыздардың түсімі 260,9 млн теңгені құрады. 108,6 млн теңге көлемінде бюджеттік несие өтелді, – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар шығындар жоспары ағымдағы жылдың 10 айдағы қорытындысымен 10770,0 млн теңгеге немесе 99,6 пайызға орындалған. Игерілмеген қаражат – 39,8 млн теңге. Оның 26,8 млн теңгесі жоғары бюджеттен берілетін трансферттер, қалған 13,0 млн теңге жергілікті бюджеттен берілген қаражат есебінен құралған.
Жалпы игерілмей отырған қаражатты талдаған бөлім басшысы:
– 44,1 пайызы кент, ауылдық округ әкімінің аппараттарына, 49,6 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, 4,8 пайызы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне тиесілі, – деді.
Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің атқарылуы, яғни бюджеттің төртінші деңгейі бойынша 2022 жылға арналған бюджетінің кірістері 2006,8 млн теңге көлемінде түзетілген. Салықтық түсімдер бойынша жоспарланғаны 92,3 млн теңге, нақты 98,9 млн теңгеге немесе 107,1 пайызға орындалған. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспарланғаны 5,7 млн теңге, нақты 7,1 млн теңгеге немесе 126 пайызға орындалса, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 190,2 пайызға орындалыпты.
– Есепті кезеңде аудандық бюджеттен 533,3 млн теңге көлемінде трансферттер (100%), 990,1 млн теңге көлемінде субвенциялар (100%) аударылды. Шығындардың есепті кезеңге төлемдер бойынша жоспары 1667,6 млн теңге, нақты 1650,1 млн теңгеге немесе 98,9%-ға атқарылды, – деді А.Есмағанбетова.
Бибісара ЖАНӘЛІ