Роботтандырудың жаңа кезеңі

Қазірде бұл экономиканы ілгерілетуші салаға да айналған. Өйткені, барлық салада жаңаша көзқарас қалыптасып, тиімді технология қолданысқа еніп отыр. Оның ішінде, сандық технологияның соңғы үлгісі болған жасанды интеллектке сұраныс күннен-күнге артып келеді. Бүгінде дамыған мемлекеттерде адам жасайтын жұмысты роботтардың атқарып жатқанына көз де үйренгендей. Енді бір-екі дәурен өткен соң «құлтемірлер» қасымызда қатар жүрсе таң қалмайтын да шығармыз.
Мұның да ауылы алыс емес секілді. Өйткені, өткен айда ғана «Tesla» компаниясының бас директоры Илон Маск адам тәрізді «Optimus» роботының прототипін көпшілікке көрсетті. Роботтың жаңа буыны ақпан айында жасалып, оның салмағы 73 келі болған. Адам тәріздес робот «Tesla SoC» процессорымен жабдықталған, онда Wi-Fi және LTE модульдері бар. Сондай-ақ роботқа 2,3 кВт/сағ батарея орнатылған. Оның қуаты күні бойы жүріп тұруына жетеді. Өндірістік модель қазірдің өзінде 8 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, 20 келіге дейінгі жүктерді көтере алады екен. Роботтың таныстырылымында «Optimus» АҚШ-тың Калифорния штатындағы өндірістік аймақта өсімдіктерді суарып, жәшіктерді тасып, металл сымдарды көтеріп жатқаны бейнеленген видеотаспа көрсетілген.
Инженер И.Масктың айтуынша, «Tesla» бұдан да мінсіз робот шығаруды жоспарлап отыр. Болашақта олар миллиондаған сериямен шығарылмақ. Қазір гуманоид роботтарда «ми» және өз бетінше «мәселені» шешу қабілеті жетістірілуде. Электромобиль өндіруші алдағы үш-бес жылдан кейін «Optimus»-қа тапсырыс қабылдауға үміттеніп отыр. Болашақта компания үшін көліктен гөрі робот жасау маңыздырақ болуы мүмкін екенін айтқан.
Байқап қарасақ, қазіргі жасанды интеллект өндірісіндегі компаниялардың барлығы «мінсіз» робот шығару ісіне талпынуда. Соның ықпалымен жыл артқан сайын нанотехнология өмірімізге кірігіп барады. Яғни, адамдардың қызметін роботтар атқарып жатыр. Өндіріс орындарында, басқа да сан салада барлық жүйе автоматтандырылып, цифрлық жүйе жұмыстарды жеңілдетуде. Енді өздігінен «ойланатын» мінсіз роботтар шығарылса, қоғамда хаос туындауы да ықтимал. Адам мен роботтың қатар жүргенін кинодан ғана көретін едік, енді өңімізде де бұл көріністің болуы бек мүмкін.
Әлем елдері гуманоид роботтарды шығарып жатқанда, Қазақстанда робототехника саласына енді көңіл бөлінуде. Қазір елімізде инновациялық жобаларға ерекше басымдық берілген. Соның ішінде цифрлық жүйе, өндірістерді автоматтандыру ісінде қарқын бар. Осыған байланысты бүгінде технологиялық прогреске ілесу үшін ІТ саласын жетілдіруге зор қолдау жасалуда.
Қазіргі өскелең ұрпақтың жаңа технологияларды игеруде ерекше қабілеті бар. Сондықтан олар бала кезінен цифрлық технологияның мүмкіндіктерін меңгеріп алады. Ал оны әрі қарай жетілдіру үшін ІТ саласына ерекше мән беріп, білікті мамандардың санын арттыру қажет-ақ. Осыған енді ғана мән беріп жатқанымыз жасырын емес. Сол себепті де біз осы роботтандыруға келгенде әзірге тұтынушымыз. Ал нанотехнологияның қыр-сырын жетік меңгерген мамандар тапшылығын азайтқанда қазақстандық өнертапқыштар танымал өнім жасай бастамақ. Бүгіннің өзіне гаджеттерде қазақша бағдарламалар пайда бола бастағанын көріп отырмыз. Енді бір «әупірімдеп» жіберсек, қазақ баласы да робот шығару ісіне машықтанбақ.
Елімізде мектеп жасындағы балалардың жасанды интеллект жасау ісіне талпынысы жоғары. Соған орай, білім ошақтарында үйірмелер жұмыс жасайды. Онда оқушылар радиоэлектроникаға арналған жинақтармен, «Лего» және «Ардуино» сериясының роботтарымен, бағдарламалау үшін жаңа әзірлемемен, 3D принтермен жабдықталған арнайы кабинетте сала жұмысына қанығып келеді. Осы ретте, «Лего» және «Ардуино» серияслы конструкторлармен республика көлемінде байқаулар өткізіліп, жас өнертапқыштар әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және басқа да салаларды қамтыған тақырыптағы жобаларын назарға ұсынып жүр. Әрине, бұл құрастырғыш конструкциялар робот жасаудың алғашқы баспалдағы ғана. Ал өздігінен жүріп-тұратын жасанды интеллект ойлап табу үшін жастар көп ізденуі тиіс.
Жалпы, бүгінгі заманның талабы сан саланы роботтандыру болып отырғаны белгілі. Бұл жолда әлем елдері жарысып-ақ жатыр. Сондықтан біздің ел де осы саладағы өз «еншісін» алуы тиіс. Сондықтан бұған қарқынды түрде жұмыс жасалуы керек. Десе де, барлық сала автоматтандырылса, адам баласы «екі қолға бір күрек» таба алмауы ықтимал. Таяқтың екі ұшы бар...
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ