Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде АИ-93 маркалы бензиннің бағасы өспеуі мүмкін

Елімізде АИ-93 маркалы бензиннің бағасы өспеуі мүмкін

ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов елімізде АИ-93 маркалы бензиннің бағасы өспейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Сенатта тілшілер вице-министрден шілдеден бастап жанар-жағармайдың кейбір түрлеріне қатысты шекті бағаның мерзімі өтуіне байланысты қандай шешім қабылданғанын сұрады.

«Бұл мәселені Энергетика министрлігі қадағалап отыр. Отын құны айтарлықтай шарықтап кетпейді деп ойлаймыз. Атап айтқанда, бағаға қатысты елеулі өзгерістер болмас үшін тиісті шараларды қабылдаймыз», - деді Ж. Нұрмағанбетов.

Сонымен қатар ол сұйытылған газ құны біршама қымбаттайтынын және тиісті бұйрық жарияланғанын айтты. «Бұдан бөлек, АИ-93 маркалы бензині бойынша баға өспейді деп естідім. Ал АИ-95 бензиніне қатысты министрлік реттеу жүргізбейді. Бұл маркадағы бензинді көліктеріне көбіне ауқатты адамдар құяды», - деді вице-министр.

Жандос Нұрмағанбетовтің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде барша әлемде мұнай мен газ бағасы айтырлықтай қымбаттаған. Дегенмен Қазақстанда азаматтардың отынды сатып алу мүмкіндігіне қатысты мәселелер ескеріліп, жанар-жағармай бағасы бойынша жағдай бақылауда тұр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қаңтар айының басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өнімдерінің бағасын мемлекеттік реттеу бойынша тапсырма берді.

Осы орайда мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу, халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру ескерілген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жанар-жағармай бағасына қатысты пікір білдірді.

«Осы кезеңде Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігімен, сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі сақталады», - деді Президент.
09 маусым 2022 ж. 263 0