Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандықтар қағазды қайдан алуы мүмкін?

Қазақстандықтар қағазды қайдан алуы мүмкін?

Кеңсе қағаздары қымбаттап жатыр. Елдегі дүкен сөрелерінде бір бумасының құны 5 есе өскен, деп жазды 24.kz.

Бұл дайын өнімнің 60 проценттен астамы Ресейден жеткізілетін еді. Қазір ондағы геосаяси ахуал қиындап тұр. Бұл өндіріске де кесірін тигізді. Енді қазақстандықтар қағазды қайдан алуы мүмкін?

Қағаздың құны артты

Шымкентте шикізат тапшылығынан кеңсе қағаздарын кесіп шығаратын кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Орамдар Ресей арқылы Финлияндиядан жеткізілетін. Зауыт басшылығы тікелей тасымалдың жоқтығын алға тартты. Бас директордың орынбасары Қанат Әлімбаевтың айтуынша, егер осы мәселе шешімін тапса, кәсіпорын толық қуатқа көшіп, ішкі нарықтың 20% қамтитын еді. Әзірге тасымалдаушыны ауыстыру мүмкін емес. Кәсіпкерлердің үміті Үкіметте. Бұл жағдай еліміз үшін жығылғанға жұдырық іспетті. Өйткені қазақстандықтар қағаз тапшылығына тап болуы мүмкін. Қазірдің өзінде барлық кеңсе иелері қажет өнімді артығымен, қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Полиграфия иелері де қызмет ақысын көтермек. Елдегі қағаздың 60 проценті Ресейден алынатын. Онда қағаз өндірісі тоқтаған жоқ, тек Батыс Еуропадан жеткізілетін ақ бояу тасымалы кідіріп қалды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мұның салқыны бізге де тиіп тұрғанын мойындады. Сөйтіп, кәсіпкерлерге баламалы бағытты іздеуге кеңес берді.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Біз қағаздың көбін Ресейден әкелеміз. Қалғаны Түркия мен Қытайдан жеткізіледі. Жағдай назарымызда. Бизнес өкілдері, қажет болса, баламалы бағыттарды іздейді деп ойлаймын. Бізде дайын ораманы кесіп беретін екі өндіріс орны бар. Олар елді қағазбен қамтуға қауқарлы. Бірақ шикізат мәселесі өзекті болып тұрғаны бар.

Ішкі нарықтың 5 процентін қамтып келген қос кәсіпорынның бірі жабылды дедік. Оның жылына 3 млн қағаз бумасын шығаруға әлеуеті бар еді. Екіншісі де толық қуатта жұмыс істейтін болса, жылына 3,6 млн бумасын шығара алады. Әзірге бұл көрсеткіш жоспар күйінде қалып отыр. Былтыр елге 51 мың тонна А4 форматындағы кеңсе қағазы әкелінді. Оның 31 мыңы Ресейден жеткізілген. 15 мың тоннасын Түркиядан алдық. Тағы 4 мыңы Қытайдан келді.

Теңге нығайып келеді

Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы теңгерімді ұстап тұру үшін наурыздың бірінші жартысында валюталық интервенция жүргізді. Ай соңында олардың көлемі 990,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл биржалық сауда-саттықтағы жалпы көлемнің 29%-і. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату 890,9 млн АҚШ долларға шықты. Геосаяси шиеленістің жоғары деңгейіне байланысты 15 наурыздағы жағдай бойынша, теңге тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 512,17 теңге болды. Кешегі сауда-саттықта АҚШ доллары 467,03 теңгеге теңесті. Халықаралық қаржы нарықтарындағы түзету, сондай-ақ салықтық төлемдер кезеңі аясында теңгенің нығаюы орын алды.

Мұнай өндірісі арттырыла береді

Шектеулерді толық алып тастағанша ОПЕК+ елдерінің ағымдағы мұнай өндіру деңгейі ай сайын тәулігіне 432 мың баррельге арттырыла береді. Картельдің бейнеконференция арқылы өткен кезекті отырысында осындай шешім қабылданды. Осылайша мамырдағы міндеттемелер тәулігіне 1,638 млн. баррельді құрамақ. Ал асыра орындалған көлем маусымның соңына дейін өтеледі. ОПЕК-тің келесі отырысы 5 мамырға жоспарланып отыр. АҚШ президенті стратегиялық мұнай қорын пайдалануға бел буып отыр. Сөйтіп олар алдағы жарты жылда күн сайын нарыққа қосымша млн баррелін шығарып отырмақ. Джо Байден мұның ішкі өндіріс артқанша, тасымал көлемін еселеп арттыруға мүмкіндік беретінін айтып отыр. Осы АҚШ-тың мұнай қоры бойынша есебі, геосаяси ахуал нәтижесінде әлемдегі қара алтын баррелі әлі де 104-119 доллар аралығында сатылуы мүмкін.




01 сәуір 2022 ж. 255 0