Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде жұмыртқа арзандады

Елімізде жұмыртқа арзандады

Елімізде жұмыртқа 6%-ке арзандады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріповтың айтуынша, бұл уақытша құбылыс. Күзге қарай баға қайтадан аспандауы мүмкін. Оған не себеп?

Мамандар «жаз басында жұмыртқаның арзандауы қалыпты жағдай» дейді. Өйткені сұраныс азаяды.

Жұмыртқа құны күзге қарай қайта қымбаттайды. Қазір өндірушілер өнімнің данасын 19 теңгеден шығарып жатыр. Өйткені сұраныс азайды. Шаруалар шығынын өндіріп алу үшін жаз соңында әлеуметтік маңызы бар тауарды бұрынғыдай 30 емес, 40 теңгеге сатпақшы. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов пысық алыпсатарлардың өнімді нарыққа екі есе қымбат бағада ұсынып келгенін айтады. Бұған одақ жүргізген рейд нәтижесі дәлел. Жалпы ішкі нарықты табиғи өніммен толық қамтуға әлеует бар. Елімізде құс тұмауынан кейін тұра алмай қалған фабрикалар жұмысқа қайта кірісті. Бірақ олардың бұрынғы қарқынға ілесуі үшін уақыт керек. Еске салайық, былтыр 1 млн тауық қырылып қалды. 2 млрд-тай жұмыртқа ысырап болған. Бағаның құбылуына бұл да әсер етті әлбетте. Жұмыртқа құнының 70%-і жем бағасына тәуелді. Яғни, жем-шөп қымбаттаса, құс өнімінің құны қалтаны қағары заңдылық. Қазір шаруалар бір тонна бидайды 93 мың теңгеге алуға мәжбүр. Бұл бұрынғыдан екі есе көп. Ал құзырлы министрлік биыл жұмыртқа бағытына 3,3 млрд теңге субсидия қарастырылғанын жеткізді.

Өңірлерде бірінші санаттағы жұмыртқа қаншадан сатылып жатыр?

«Нарықтағы баға» айдарынан білейік. Қостанайдан 10 дана жұмыртқаны 320 теңгеге аласыз. Батыстағы баға 30 теңгеге қымбат. Өскемен мен Павлодарда өнім құны 440 теңге. Петропавлда 450 теңге. Бас қаладан 10 дана жұмыртқаны 500 теңгеге аласыз. Ал Талдықорғанда 550 теңге.

17 маусым 2021 ж. 374 0