Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнеткер болу қай елде ғажап

Зейнеткер болу қай елде ғажап

Саналы ғұмырының сан жылын қызметке арнаған әр адам бойындағы қауқары кеміп, қар­тайған шақта бейнетінің зейнетін көруді арман етеді. Зейнетақы – арнаулы қызмет атқарған жылдары үшін азаматтарға берілетін тұрақты ақшалай төлем. Сондай-ақ, мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айрылған неме­се заңнамада көрсетілген әр­түр­лі жағдайда зейнетақы та­ға­йындалады. Ақшалай төлем жи­­нақтаушы зейнетақы қоры ес­е­­бінен төленеді.

Елімізде зейнетақы тағайындау жә­не төлеу тәртібі ҚР Конституциясы негізінде және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңымен, сондай-ақ басқа да заң актілерімен айқындалады. Мемлекет 1998 жылдың 1 қаңтарынан бас-тап зейнетақымен қамсыздандырудың бұрынғы ынтымақтық жүйесінен жи­нақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Қа­зақстанда зейнетақының базалық, мін­­­­детті және ерікті деңгейден тұратын жүйесі жұмыс істейді.

Отандық зейнетақы қоры: Ақиқат пен аңыз

Осыдан 23 жыл бұрын Қазақстан ТМД-да тұңғыш болып зейнетақы реформасын жүргізіп, жинақтаушы жүйеге көшті. Дегенмен, бұрынғы ынтымақтық (еңбек) жүйе де сақталды, зейнетақының бұл түрі 2040 жылға дейін беріліп бітеді. Ережеге сәйкес, еңбек зейнетақысы 1998 жылға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілін жинағандарға төленеді. Ал 2040 жылға қарай зейнетке шығатындардың көрсетілген уақытқа дейінгі еңбек тәжірибесі болмайды.

Жаңа жинақтаушы жүйенің енгізілгеніне біраз уақыт өткенімен халық арасындағы алып-қашпа әңгіме азаяр емес. «Самаурыннан су ақтыны» «Самарқанды су алды» қып әсірелеп жіберетіні бар айтқыштар арасында аталған тақырып турасында да түрлі аңыз тарап жүр.

«Мен зейнетке шыққанша қайда?! Осы күнге дейінгі жинақтарым инфляция «құр­баны» болып, жер сипап қалсам ше?» деп қорқады кейбіреу.

Асылында, еліміздегі «Қазақстан Респуб-ликасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес, мемлекет азаматтардың зейнетақы жасына жеткен кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зей­нетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зей­нетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді. Бүгінгі таңда Қазақстан – мұндай мүмкіндік қарастырылған әлемдегі жалғыз мемлекет. Мысалы, Австралия, Израиль, Мексика, Швеция, Норвегия сияқты елдерде үкімет азаматтардың зейнетақы жинағының қауіпсіздігіне кепілдік бермейді.
Ел арасында «зейнетақы жинақтары кіріс есебінен өспейді, табысыңның көп болуы инфляциядан құтқармайды» деген қауесет тара­ған. Шындығында қалай?

2020 жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бо­йынша, зейнетақы жинақтары 12,7 триллион теңгеден асқан. Бұл жинақтарға зейнетақы жарналары мен инвестициялық кірістер кіреді. Қазақстанда 1998 жылы жинақтаушы жүйе енгізілгеннен бастап салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 5,5 триллион теңгені құрады. 2020 жылдың басынан бастап кірген кіріс (1,13 триллион теңге) осы жылы түскен міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерінен (959 миллиард теңге) асып түсті. Яғни болашақта зейнетақы жинақтары жарналар есебінен емес, инвестициялық кірістер есебінен өседі деп күтуге болады. Елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі өз жұмысын бастағалы жиналған инвестициялық кіріс 598,08%-ды, инфляциялық жинақ 491,10%-ды құраған. Нәтижесінде, зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге арналған қаржының нақты кіріс көлемі, 2020 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, 106,98%-ды көрсетеді. Осылайша алдағы уақытта инвестициялық кіріс инфляциядан асып түседі. Яғни, инфляция деңгейіне сәйкес зейнетақы жинақтарының өсуі мен қорғалуы қамтамасыз етіледі.

Тағы бір ел арасында тартыс туғызған мәселе БЖЗҚ-ның зейнетақы жинақтарына өз бетінше инвестиция салуына қатысты. Ал бұл ақпарат қаншалықты рас?

Заңнамаға сәйкес, зейнетақы активтерін (зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ететін қаржы) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқарады. Барлық зейнетақы жарналары Ұлттық Банктің инвестициялық шотына түседі және осы жерден тиісті тұлғаларға жөнел­тіледі.

Зейнетақы активтерін инвестициялау ке­­зінде Ұлт­тық Банк бекітілген Инвес­тиция­лық дек­ларацияны негізге алады. Инвестициялаудың негізгі бағыттарын Президент жанындағы Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес анықтайды. Зейнетақы активтері есебінен берілетін төлем тізбесін ҚР Үкіметі бекітеді.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын инвестициялаумен айналыспайды. Қордың міндеті – жинақтар мен салымдардың жеке есебін қамтамасыз ету, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, салымшылар мен алушыларға қажетті қызметтерді көрсету. Зейнетақы активтерін тағайындау туралы инвестициялық шешімдерді тек Ұлттық Банк қабылдайды.

«Бейнетіңнің зейнетіне жете алмай, жарты жолда дәм-суың таусылса, сол уақытқа дейін қорға жинаған қаржыңның қызығын мемлекет көреді» деп бөседі бәз біреулер. Шындығында қалай?
«Қазақстан Республикасында зейнет­ақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 31 және 32-баптарына сәйкес, БЖЗҚ-да міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары арқылы жиналған жинақтары бар адам қайтыс болса, оның зейнетақы жинақтары заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.

Салымшы, яғни алуға тиіс тұлға қайтыс болған жағдайда оның отбасына немесе жерлеу рәсімін ұйымдастырушыға БЖЗҚ айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген (бірақ, зейнетақы шотындағы қаражаттан аспайтын) мөлшерінде бір реттік төлем төлеуді қарастырады.

Аталған төлемнен кейін шотта қалған жинақ қалдығы ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын жағдайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеу төлемі ретінде тиісті тұлғаларға аударылады. Салымшының барлық жиналған ақшасы жеке мүлік болып табылады, сондықтан оның мұрагерлері бүкіл қаржыны қайтарып алуға құқылы.

Әлем елдерінде зейнетақы мөлшері қандай?

FreedomFinanceLife сарапшылары зейнеткерлер үшін әлемнің қай елінде жақсы жағдай жасалғанын атап көрсеткен. Компания Еңбек министрлігінің деректеріне сүйеніп, Қазақстанда 2,2 миллион зейнеткер тіркелгеніне тоқталып өтті. Орташа зейнетақы мөлшері 94,7 мың теңгеден асады. Елдегі ерлердің зейнетке шығу жасы 63-тен, әйелдерге 60 жастан басталады. Әйелдер жасына біртіндеп 6 айдан қосылып отыратынын ескерсек, 2027 жылға қарай олардың да зейнет жасы 63-ке барады. «Қазақстандық зейнеткерлерге орташа айлық жалақыны ескере отырып, 2,15 есе аз ақы төленеді. Ресей, Италия, Финляндия, Канада сияқты елдердегі жалақы мен зейнетақы төлемдері осы шамалас. Ал Данияда зейнетақы мөлшері ай сайынғы табыстан 1,27 есе төмен» деп жазды сақтандыру компаниясы.

Орталық Еуропадағы Лихтенштейн король­дігінде әлемдегі ең жоғары жалақы, айына орташа есеппен 5000 евро (6 мың доллардан астам) тіркелген. 64 жастан зейнетке шыққан ел тұрғындары 3510 доллар (айлық жалақыдан 1,66 есе төмен) көлемінде зейнетақы алады.

Алпауыт ел АҚШ-та орташа айлық жалақы – 4150 доллар. Бұл зейнетақы төлемдерінен (1503 доллар) 2,76 есе көп. Америкалықтардың зейнетке шығу жасы ерлер үшін 67 жас, әйелдер үшін 65 жас деп бекітілген. Бірақ мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылған. «Ертерек бейнетімнің зейнетін көргім келеді» дейтіндер 62 жасында зейнетақы төлемдерінің 20%-ын айыппұлға төлеп, еңбек демалысына шықса болады.

Жапонияда орташа жалақы жоғары – 310 мың иена (2984 доллар). 65 жасында зейнетке шыққан жапондықтар 183 мың иена төлем алады. Бұл жалақыдан 1,5 есе төмен.

Италия халқы үшін орташа жалақы 2415 еуро (2917 доллар) болса, зейнетақы мөлшері әдеттегі кірістің жартысын, яғни 1,2 мың еуроны құрайды. Елдегі зейнет жасы – 67 жас.

Батыс Еуропадағы ең ірі, жер көлемі бойын­ша Ұлыбританиядан екі есе үлкен Франция халқының орташа айлық табысы 3,085 еуро (3623 доллар). 62 жасынан зейнетке шығуға мүмкіндіктері бар француздарға 1000 еуро (1207 доллар) ақы төленеді.

Ал Германиядағы орташа жалақы 3771 еуро (4555 доллар). Осындай жоғары жалақыға қарамастан 65,5 жастан зейнетке шыққан немістер бар-жоғы 770 евро (930 доллар) зейнетақы алады. Бұл айлық орташа кірістен 5 есе төмен көрсеткіш. Есесіне, бұл елде зейнеткерлер үшін коммуналдық төлемдерді төлеу – мемлекеттің міндеті болып саналады.

Азия мен Еуропа құр­лықтарында ор­наласқан Түркия мемлекетінде еңбекке қабілетті халықтың орташа жалақысы айына 10 мың лира (1,3 мың доллар). Бұрын бұл елдегі зейнетке шығу жасы 45-тен басталған. Кейін енгізілген түзетулерге сәйкес әйелдер 58 жастан, ерлер қауымы 60 жастан зейнетке шығуы керек. Түріктерге бейнетінің зейнеті үшін төленетін төлем мөлшері – 8000 лира (1070 доллар).

Көршілес Ресей Федерациясында орташа айлық кіріс көлемі 49 мың рубль (666 доллар). Ал зейнетақы жалақының жартысынан астамын (17 мың рубль) құрайды. Ресейде зейнетақы төлемдері әйелдер үшін 56,5 жас-тан, ерлерге 61,5 жастан бастап төленеді.

Ал айыр қалпақты ағайынның айлық орташа жалақысы – 18 мың сом (213 доллар) болса, әйелдер 55 жастан, ерлер 60 жастан бас-тап орташа 6 мың сом (72 доллар) зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етіледі. Яғни, Қырғызстандағы зейнетақы мөлшері айлық орташа табыстан 3 есе аз.

Компания сарапшыларының пікірінше, барлық елде, оның ішінде Қазақстанда да, зейнетақы жүйесі жұмыс беруші мен қызметкердің кірісінен болашақта базалық зейнетақыны құрайтын жарна енгізу мен сақтандыру компанияларымен келісімшарттар жасаудан тұрады.

Ең бай зейнеткерлер – ең кішкентай мемлекетте

Тек қана Еуропада емес, бүкіл әлемдегі ең кішкентай мемлекеттердің бірі саналатын Люксембургте 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша барлығы 626 мың адам тұрады. Елде мұнай да, газ да, үлкен өнеркәсіптер де жоқ. Есесіне әлемдегі ең бай зейнеткерлер осында тұрады. Олар айына орташа есеппен 4000 евро алады, бұл өзге елдермен салыстырғанда әжептеуір көп.

Люксембург Герцогтігінде зейнетақы жүйе­сі енгізілгеніне жүз жылдан астам уақыт өткен. Осы уақыт аралығында төлем өз тұрақтылығын сақтап келеді. Зейнетақы жарнасы 16% болса, оның 8%-ын жұмысшының өзі, қалған 8%-ын жұмыс беруші салып отырады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен кәсіпкерлер өздері үшін 16% төлесе, мұндағы 8%-ды мемлекеттің үлесі құрайды.

Шағын ғана бұл мемлекетте ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы тең, 65 жасқа жеткен кез келген тұрғын заңды түрде еңбек демалысына шыға алады. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдарға 57 және 60 жаста зейнетке шығу қарастырылған. Жұмыс өтілі 40 жылды құрайтын мүмкіндігі шектеулі тұлға мемлекет тарапынан толық төлем алуға құқылы. Олай болмаған жағдайда ең төменгі жалақыға тең (2000 евро) зейнетақы төленеді. Ал 2000 евромен бұл елде бір ай өмір сүру қиын көрінеді. Себебі, елде азық-түлік бағасы қымбат.

– Екі бөлмелі пәтерді тек жалға алу үшін айына 2000 евро төлем жасауға тиіссіз. Коммуналдық қызметтер мен азық-түлікке қажетті ақшаны қосқанда, алған ақыңыз аздық етеді, – дейді Люксембургте гид болып жұмыс жасайтын Валентина Катина-Чистова.

Бірақ, бұл елде қариялардың 80%-дан астамы қарттар үйінде тұрады. Қарттар үйі дегенде, бұл зейнеткерлерге арналған арнайы орталық секілді. Мұнда мемлекет тұру ақысын төлемейді. ХІХ ғасырда салынған ең беделді қарттар үйінің әдемі бөлмесін жалдағысы келген зейнеткер айына 6-7 мың евро төлейді және бұл қаржыға пәтер ақысы ғана емес, тамақтану да кіреді. Люксембургтегі зейнеткерлер саны 98 мыңнан асады. Бірақ, олардың үштен бірінде ғана толық зейнетақы төлемі бар. Дегенмен мұндағы зейнеткерлердің жағдайы өте жақсы.

Елдегі жұмысшылар мемлекеттік қызмет-керлер және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар болып бөлінеді. Әркім тапқан табысының бір бөлігін ай сайын зейнетақы қорына аударып отырады. Зейнет жасы жеткенде төлемдер осы жинақтау қорынан жүзеге асырылады.

Шағын мемлекеттегі зейнетақы жүйесінің ерекшелігі мынада, егер адам елден біржола кетуге шешім шығарса, сол уақытқа дейін жиған-тергенін түгел алып кетуге құқылы. Сондай-ақ Люксембург тұрғындары толық зейнетақы алу үшін төлем жасап, жетіспей тұрған жылдарды үкіметтен «сатып ала алады.» Яғни, 40 жылдық тәжірибе уақытын осылай толтыруға болады. Әйтпесе, тек ең төменгі зейнетақы алу мүмкіндігі бар. Және зейнетақы қорында жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда оның туыстары, өз зейнетақысымен қоса, жиналған қаржы есебінен ай сайынғы ақыны алып отыруға құқылы.

Мемлекеттің шағындығына байланысты мұндағы жүйені бірқалыпта ұстап отыру аса қиындық туғызбайды. Десек те, Люксембургтегі зейнетақымен қамсыздандыру саясатының азаматтарға ыңғайлы ұйымдастырылғандығы әлемді таң қалдырады. Тіпті, мұнда еуропалық стандарттар бойынша орташа зейнетақы көлемі ғана емес, ең төменгі жалақы мөлшері де дамыған еуропалық елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

ТҮЙІН
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елдегі зейнеткерлер саны 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 2,2 млн адамды құрайды. Сондай-ақ биылдан бастап базалық бағам 18 524 теңге (былтыр 17 641 теңгені құраған), жасына байланысты ең төменгі зейнетақы 43 272 теңгеге (былтыр 40 441 теңге), базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, ең төменгі зейнетақы 61 796 теңгеге ұлғаяды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы ҮІІ шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын мәлімдеді. «Зейнетақы жүйесі әділ болып, адамдар мүддесіне сай болуы керек. Біз маңызды, бірегей реформаны – зейнетақы активтерін ішінара алу және пайдалану мүмкіндігін іске қостық. Сонымен қатар, азаматтарға өз жинақтарын түрлі құралдар арқылы басқаруға мүмкіндік беру қажет. Оны іс жүзінде жүзеге асыру сапалы заңнаманы талап ететіні анық», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

22 мамыр 2021 ж. 492 0