Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан экономикалық еркіндік көрсеткіші бойынша 40-орында

Қазақстан экономикалық еркіндік көрсеткіші бойынша 40-орында

Қазақстан экономикалық еркіндік көрсеткіші бойынша 180 елдің ішінде 40-орында тұр. Біздің елдің индексі 69,6-ны құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш Арменияға (70,6) тиесілі болса, ең төмені – Ресей (61). Алдыңғы үздік үштікті Сингапур, Гонконг және Жаңа Зеландия елдері бастап тұр.

АҚШ-тағы Heritage Foundation зерттеу институты мұндай рейтингті жыл сайын жариялап тұрады. Аталған орталықтың сарапшылары азаматтардың еркіндігін қорғау және қолдаудан бөлек, әр елдің экономикалық бостандығын сол елдің үкіметінің экономикаға араласпауына және өндіріске кедергі келтірмеуіне, тауарлар мен қызметтерді тұтыну және бөлістіруге араласпауына қарап бағалайды.

Мұндай рейтинг 1995 жылдан бері жарияланып келе жатыр. Экономикалық еркіндік деңгейі бизнес, сауда, қаржы секторы, инвестиция, еңбек, ақша-несие және фискалды еркіндік, меншік құқығы кепілдігі, бюрократиялық аппарат өлшемі және жемқорлықтан қорғау дәрежесінің көрсеткіштеріне қарап белгіленеді. Мемлекетке берілуі мүмкін максималды индекс – 100. Яғни, ол елдің экономикасында абсолютті еркіндік бар деген сөз. Минималды бағалауға 0 индексі беріледі. Рейтингтегі барлық елдер 5 категорияға бөлінген – «еркін», «көп жағдайда еркін», «орташа еркін», «көп жағдайда еркін емес» және «еркін емес». 2020 жылы ең максималды индекс (89,4) Сингапурге берілсе, ең төмені (4,2) Солтүстік Кореяның еншісіне тиген.

80-100 аралығындағы индекс – «еркін» экономикалық деңгейін, 70-79,9 – «көп жағдайда еркін» деңгейін, 60-69,9 – «еркін емес» деңгейін білдіреді. 50-59,9 аралығында бағаланғандардың экономикасы «көп жағдайда еркін емес» болса, 49,9-дан төмен алғандар экономикасы «еркін емес» елдер қатарына жатады.
Қазақстан бұл рейтингте 2018 жылы 41-орын алып, 2019 жылы 18 позицияға құлдырап, 59-орын алған еді. Араға жыл салып қайтадан 40-орын межесіне көтеріліп отыр. Демек, 2020 жылы жағдайын қайтадан біршама жақсарта алды деген сөз.

24 қаңтар 2021 ж. 516 0