Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандықтардың несиесі кешіріле ме?

Қазақстандықтардың несиесі кешіріле ме?

Карантин кезінде кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмысшылар табысынан айырылды. Олардың банк алдындағы міндеттері айтарлықтай өзгермеді. Кредитке алынған ақшаны бәрібір қайтару қажет, дейді депутаттар

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров үкімет басшысының атына сауал жолдап, халық үшін кредиттік рақымшылық өткізуді ұсынды, деп хабарлайды
Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутаттың айтуынша, карантиндік шектеулер коронавирустың жаппай таралуына жол бермеуге жағдай жасады. Алайда кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмысшылар табысынан айырылды. Кредитке алынған ақшаны бәрібір қайтару қажет.

"Карантин кезінде, шамамен, 4 миллион 200 мың адам жұмыссыз қалды. Сол кезде жұмыссыздықтың нақты деңгейі 46 процентке күрт көтеріліп кеткен. Ондай көрсеткіш ел тарихында болмаған", - деді Қоңыров.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы кредиттік рақымшылықтың нәтижесі жақсы болды. Алайда биыл алғашқы жартыжылдықта шағын кредиттердің саны айтарлықтай өсті.

"Бұрын адамдар тұрмыстық техника, қымбат киім-кешек пен отбасылық шараларға кредит алса, шектеу шаралары кезінде көбісі бұрынғы кредиттерін жабуға, оқудың шығындарын өтеуге, емделуге, тамақ пен киімге қарызға ақша ала бастады", - деп атап көрсетті Қоңыров.

Осы орайда депутат мамандардың болжамын еске алды. Оған сәйкес, алдағы уақытта тағы шектеу шаралары енгізілмесе, шағын және орта бизнесті қалпына келтіруге бір жылдай уақыт кетеді. Кәсіпкерлік нысандардың 30-50 проценті жабылады деген болжам бар. Бұның барлығы кәсіпкерлер мен жұмысшылар алған кредиттердің дефолтына әкеліп соғуы мүмкін. Осыған байланысты көптеген елдерде тиісті қолдау шаралары қолға алынды. Ал Қазақстанда қолдау шаралар коммерциялық банктер арқылы жасалады. Демек, алдымен осы ұйымдарды қолдауға бағытталған.

"Халық коммунистері фракциясы бұған дейінгі дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, қазіргі басымдықтарды қайта қарап, қолдау шараларын қарапайым халық пен бизнестен бастауды ұсынады. Қазақстанда жеке және заңды тұлғаларға арналған кең ауқымды кредиттік рақымшылықты өткізу керек", - дейді Қоңыров.

Коммунистер кредиттік рақымшылықпен карантинге дейін салықты уақытында төлеген және қазіргі кезде қарызын қайтара алмай отырған адамдарды ғана қамту қажет деп санайды. Ол үшін мемлекеттік комиссия құрып, сол жерде рақымшылыққа ілінетіндерді іріктеуді және қосымша қаржы көздерін іздестіруді ұсынып отыр.

Фракция депутаттары қаржы көздерін де пысықтап, кредиттік рақымшылыққа қажетті қаржыны бірнеше жолмен алуға болады деп санайды. Олар:

қазақстандықтардың үстеме табысы мен мұраға қалған мүлік салығын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің деңгейіне - 30 процентке дейін жеткізу;

жеке тұлғалардың ақша аударымдары мен компаниялардың таза табысын шетелге шығарғаны үшін 10 процентке дейін дифференциалды салық салу;

үшінші тұрғын үйден және екінші коммерциялық жылжымайтын мүліктен бастап әрбір нысан үшін 2 есеге артық коэффицентпен салық салу;

шетелдің ірі технологиялық компанияларына жергілікті табыстан 3 процент көлемінде цифрлық салық алу.


16 қыркүйек 2020 ж. 407 0