Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Министр 42500 теңгені кімдер қайтаратынын айтты

Министр 42500 теңгені кімдер қайтаратынын айтты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды жауапкершілікке тартуға құзыретті емес, деп атап өтті ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook-тегі парақшасында 42 500 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыны заңсыз алғандарды жауапкершілікке тартуға қатысты азаматтардың сынына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол еңбек министрлігінің ешкімді жауапқа тартуға құзыреті жоқ екенін хабарлап, мемлекеттен кімге көмек алуға болатынын, кімге болмайтынын тағы бір рет түсіндірді.

"Біз бірінші күннен бастап төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлемді (42 500) жалақы төленбейтін демалысқа жіберілетін жалдамалы қызметкерлер алуға құқылы екенін айттық. Бұйрықта (ережеде) да бірінші күннен бастап солай жазылған, ол еш өзгерген жоқ. Өкінішке қарай, жұмысын жалғастырып, жалақы алып жатқан көптеген жалдамалы жұмысшы өтініш беріп, 42 500 теңгені алды. Сіздер бұл төлемді алуға құқылы емес едіңіздер", - деп жазды Біржан Нұрымбетов.

Ол мұқтаж азаматтар жәрдемақыны бюрократиялық кідіріссіз алуы үшін министрлік барлық қажетті шараны қабылдағанын атап өтті.

"Көптеген жұмысшының (жұмыс берушілері өтініш беруге асықпайтын) өтініші бойынша, біз қызметкерге өз компаниясының (ұйымының) БСН-ін көрсете отырып, өтініш беруіне мүмкіндік жасадық", - деп атап өтті еңбек министрлігінің басшысы.

Оның айтуынша, дәл осы жеңілдікті жәрдемақы алуға құқы жоқ азаматтар пайдаланып, құжат тапсырған. Ал шенеуніктер растайтын құжаттар сұралмайтындықтан оны тексере алмаған.

"Көптеген адам бізде деректер базасы болғандықтан, бұл заң бұзушылықты тексеріс кезінде анықтау керек еді деп санайды. Сіздерге ақысыз еңбек демалысы берілгенін растайтын бұйрық туралы мәліметтер базасында ақпарат жоқ. Себебі біз Сіздердің талаптарыңыз бойынша мұндай бұйрықты хабарландыру қағидасына алмастырып, қажетті құжаттар тізімінен алып тастадық", - деп толықтырды министр.

Осыған байланысты, 42 500 теңгені төлеген Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры заңсыз алынған төлемдердің қайтарылуын талап етуге құқылы.

Нұрымбетовтың айтуынша, Еңбек министрлігінің 42 500 теңге жәрдемақы алған басқа азаматтарға шағымы жоқ. Сонымен қатар, министрлік төлем алған адамдарға қатысты қандай да бір тексеріске бастамашы болуға ниетті емес.

Министр сөз соңында азаматтардың көпшілігі өтініштерін адал тапсырғанына және төлемді заңды түрде алғанына сенім білдірді.



19 сәуір 2020 ж. 442 0